Қазақстанның оңтүстігінде егін егу науқаны аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанның оңтүстігінде егін егу науқаны аяқталды. Ал мамыр айында жауын-шашын көп жылдық орташа нормадан 3 есеге артық жауғандықтан солтүстік, орталық және батыс аймақтарда егін егу науқаны жалғасуда.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

2015 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,5 млн. гектар жерде егу жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 71 мың гектарға артық. Соның ішінде көктемгі егін 18,5 млн. гектар аумақты қамтыса, дәнді дақылдар 15,2 млн. гектарға, оның ішінде 2,2 млн. гектар - майлы дақылдар, 3,7 млн. гектар - азықтық дақылдар және 413,6 мың гектар - көкөніс дақылдарымен картопты құрайтын болады.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, 8 маусымдағы жағдай бойынша дәнді дақылдардың жаздық егісі 14,7 млн. гектар жоспарланса, қазіргі күні бұл 14 млн. гектар алқапта жүргізілді немесе жоспардың 96 пайызы орындалды. Майлы дақылдар 2 млн. гектар алқапқа егіліп, жоспар 93 пайызды қамтыған.

«Қолданыстағы егіс техникасының қуаттылығы күніне 1 млн. гектар дәнді дақыл себуге мүмкіндік береді. Яғни, ауа райы қолайлы болса, қалған 2,1 млн. гектарды 2-3 күн ішінде аяқтауға болады. Бұған қоса, егіс жұмыстарын уақытылы өткізу ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өздеріне де байланысты. Заманауи техникамен технологияны қолданып, жұмыс үрдісін дұрыс ұйымдастырған шаруалар егін егу жұмыстарын уақытылы аяқтап, мол астық өнімін алатын болады», делінген баспасөз баянында. Бұл ретте министрлік техникасы жаңартылмаған, ұсыныстарды ескермеген және ескі әдіс бойынша жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтарда керісінше егіс жұмыстары созылуы мүмкін екенін, бұл егін ору жұмыстарының шегерілуіне алып келетінін еске салады.

Айта кетерлігі, Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары дәнді және майлы дақылдардың күзгі ерте үсікке түсу қатерін төмендету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге егін егу технологиясын оңтайландыруды ұсынып отыр.