Қазақстанның тарихи дәстүрлерін Еуроодақтың заңнамаларындағы жақсы тәжірибемен ұштастыру қажет - Чех Республикасының Қазақстандағы Елшісі

АНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Еуропалық Одаққа төрағалық етіп отырған Чех Республикасымен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін маңызы зор. Бұған ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің жақында ғана өткен Чех Республикасына сапары дәлел.

Сапар барысында екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты қатынастарды одан әрі дамытудың маңызды қырлары, сыртқы саясат ведомстволары арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды түзу жолдары талқыланды, сондай-ақ халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары таразыланды. Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастық, Қазақстанда болып жатқан экономикалық оқиғалар жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бедржих Копецки өз ойларымен бөлісті.

- Елші мырза, Сіз Қазақстанның Сыртқы істер министрі М.Тәжиннің Чехияға сапарының нәтижелерін қалай бағалайсыз?


- Қазақстан СІМ басшысы Марат Тәжиннің Чехияға сапарын сөзсіз оң бағалауға болады. Бұл сапар ең алдымен біздің елдеріміздің арасындағы саяси диалогтың дамуына елеулі үлес қосты. Ұдайы ынтымақтастықты және диалогты, консультацияларды дамыту туралы бірлескен келісімге қол қойылды. Әрине, М.Тәжин мырзаның сапары Еуроодаққа Чех төрағалығы кезінде, сондай-ақ Қазақстан келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге әзірленіп жатқан тұста өткені ерекше маңызы болды.

- Екі ел СІМ басшыларының кездесуінде ауған мәселесі талқыланды. Сіз Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтірудегі күш-жігерін қалай бағалайсыз?


- Кездесуде сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, оның әлеуеті зор екені сөзсіз. Және де министрлер диалогында халықаралық жағдайдың ағымдағы елеулі басым бағыттары қозғалды. Соның ішінде Ауғанстанға қатысты мәселе де бар. Чехия ISAF-қа белсене қатысып отырғаны, Ауғанстанның аудандарының бірін (Provincial Reconstruction Team) жаңарту үдерісіне дербес жауап беретіні сізге белгілі. Сондай-ақ көп уақыт бойы азамат соғысы, басып алу және ислам фундаментализмі қажытқан осы елдегі жағдайды жақсартуға Қазақстан өз үлесін қосу үшін зор күш-жігер жұмсап отырғанын жақсы білеміз. Біздің бәріміз де бұл кешенді мәселе екенін түсінеміз. Қазақстанда өзіндік ноу-хау бар, өйткені ол Ауғанстанға таяу орналасқан. Оның пікірі мен үлесі өте жоғары бағалауда.

- Сіздің пікіріңізше, Қазақстан Еуроодақпен, соның ішінде Чех Республикасымен қандай өзекті бағыттар бойынша ынтымақтаса алар еді?


- Мен оның тұтастай бірқатар бағыттары бар деп айтар едім. Бұл сондай-ақ Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты құжатында және қазақстандық «Еуропаға жол» стратегиялық бағдарламасында нақты көрініс тапқан. Осы екі құжатта да барлық саладағы ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бар. Еуроодақтың барлық елдері Қазақстан Еуроодақпен ынтымақтастықты кеңейту мәселесінде стратегиялық ұстаным тұрғысынан келді деп бағалап отыр. Бұл екі құжатты Қазақстанның Еуроодақпен қатынастары ауқымында да, тұтастай алғанда белгілі бір елдерге қатысты да нақты пайдалану қажет. Оның саяси диалогқа, республикада демократияны нығайтуға, заңнамалық үдерісті, экономиканы дамытуға да қатысы бар. Егер біз осы стратегиялық бағдарламаны дұрыс түсінетін болсақ, Қазақстан да осы тұрғыдан келіп, соған ұмтылып отыр. Сіздің Президенттен бастап көптеген саясаткерлеріңіз орынды айтып жүргендей, Қазақстанның тарихи дәстүрлерін, ең алдымен заңнамалық мәселелерде, Еуроодақтың жақсы үрдістерімен немесе тәжірибесімен ұштастыру қажет.

- Біздің екіжақты қатынастарымыздың бөлек тармағы - энергетика саласы. Нақты жобалар бойынша нәтижелер бар ма?


- Бізде экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия жұмыс істейді, онда энергетика мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы бар. Осы топ ауқымында бірнеше нақты сала бойынша ықтимал ынтымақтастық, тәжірибе алмасу көзделген. Жұмыс тобының келесі отырысында біз алғашқы нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

- Гуманитарлық-мәдени ынтымақтастықты да естен шығаруға болмайды. Бүгінгі таңда осы саладағы екіжақты қатынастардың қандай да бір жобалары бар ма?


- Мәдени салаға қатысты айтар болсақ, бұл мәселе кешенді және сан-салалы. Біз, Қазақстандағы елшілік те өзіміздің өнер адамдарын сіздің республикаға тартуға тырысудамыз. Ашығын айтсақ, әлемнің барлық елдеріндегідей, бір түйткіл бар, ол - қаржы жағдайы. Біз ағымдағы жылғы мамырдың 8-11-і күндері Астанада Чех мәдениеті күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы шара аясында қазіргі заман өнері көрмесі, фольклорлық топтың концерті болады, ең бастысы, чех және поляк фильмдерінің шағын фестивалі өтеді. Бұл ең жақын көрші елдердің бірлескен шарасы, өйткені чех және поляк киносы ежелден тамырлас. Олардың белгілі өз мектептері бар және байырғы дәстүрлі қатынастары орныққан. Екінші жағынан, ынтымақтастықтың ең маңызды саласы - білім беру. Бүгінде Чехияда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша бірнеше ондаған студенттер білім алып жатыр. Сондай-ақ ҚР-ның 800-ден астам азаматы өз бетімен біздің республикамызда оқып жүр. Мен елші ретінде мұны зор мақтан етемін, өйткені бұл ынтымақтастық келешегінің әлеуеті зор екенін байқатады. Біздің жоғары оқу орындарымыз арасындағы ынтымақтастықтың барлық әлеуеті осы кезге дейін сарқа пайдаланылып отырған жоқ. Бұл орайда да бірлесіп не істеуге болатыны жөнінде ойлануымыз қажет.

- Қазақстан басшылығының әлемдік қаржы дағдарысы салдарымен күресудегі қолға алып отырған шараларын қалай бағалайсыз?

 - Шынымды айтсам, мен экономист емеспін, дегенмен дипломат ретінде елде болып жатқан оқиғалардың бәрін жіті қарап отыруға тиіспін. Егер қателеспесем, көптеген көрнекті экономикалық беделді тұлғалар Қазақстанның бұл орайдағы іс-қимылын жоғары бағалап отыр. Ең алдымен, дағдарысқа қарсы шаралардың дер кезінде қолға алынғанын айтар едім. Шыны керек, Қазақстан алғашқылардың бірі болып дағдарыспен күрестің нақты бағдарламасын жасау қажет деп ұйғарды. Бұдан басқа, сіздің Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы ең маңыздысы - оның елдің дағдарыстан кейінгі дамуына бағытталуы. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа әлемдік валюта енгізу туралы бастамасына қатысты айтарым, мұнда терең философиялық салмақты ойлар жатыр. Қарапайым адам ретінде айтсам, бұл әрине күрделі мәселе. Проблема көптеген мәселені қамтиды, сіздің Президент ұсынған философия оның қаншалықты терең екенін ашып көрсетті. Бұл мәселе көптеген пікірталастарға өзек болары сөзсіз, өйткені ол - өте елеулі мәселе.

- Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан мен Чехия үкіметтері қандай шараларды қолға алуы тиіс деп санайсыз?


- Ең алдымен, 30-ыншы жылдардағы дағдарыс тәжірибесіне сүйене отырып, барлық елдер ең басты қауіп протекционизм екенін түсінді. Бұл - бір. Әрине, біздің елдеріміздің қатынастарына қатысты айтар болсақ, көп нәрсе кәсіпкерлеріміздің мүмкіндіктерді қалай белсенді пайдалануына байланысты. Бұл тұрғыда біздің елдеріміз бизнеске көмектесуі, оларға қолайлы жағдай туғызуы тиіс. Мұнда да отырысы ағымдағы жылғы қыркүйек айының соңына қарай жоспарланып отырған үкіметаралық комиссияның рөлін тағы да атап көрсетер едім. Осы шараға орай біз қазақстандық және чех кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өткізуді көздеп отырмыз, олардың проблемаларын екшеп білуіміз және қалай көмектесе алатынымызды саралауымыз қажет.

- Чехияны бөлек алып қарайтын болсақ, елде экономиканы тұрақтандыру жөнінде не істеліп жатыр?


- Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірі өз материалдарында Чехияны экономикалық дағдарыс елеулі белең алған Прибалтикамен және Мажарстанмен қатар қойып, бір «қоржынға» салып жіберген. Бізде ешқандай қаржы дағдарысы жоқ деп айтқым келеді. Бізде бірде-бір банк минуске түскен жоқ. Мемлекет банк жүйесіне бірде-бір тиын салған жоқ. Өйткені, біздің бақытымызға қарай, банктеріміз консервативтік ұстанымда болатын, сондықтан да олар әрқашан да аяғын аңдап басады. Ал дағдарыс әсерін тигізбеді десек, мұнымыз дұрыс болмас еді. Өйткені чех экономикасы өте ашық және экспортқа бағытталған. Біздің экспортымыздың үштен бірі Германияға жөнелтіледі. Бұл, яғни Германияда жалпы ішкі өнім төмендесе, ол Чехияға да әсерін тигізбеуі мүмкін емес деген сөз. Чехияда Үкімет жанында экономика мамандарының тобы құрылған, бұлар Миистрлер кабинетінің кеңесшілері іспетті. Қазір салықтарды азайту және басқа да тұрғыда кәсіпкерлердің жағдайын жеңілдету шаралары қарастырылып жатыр. Бүгінде көптеген үкіметтер жаңа автомобильдер сатып алуды ынталандырып жатқаны жайлы көп айтылып жүр. Біз әзірге мұны енгізе қойған жоқпыз, бірақ та біздің автомобиль концерндеріміз үшін бұл пайдалы болар еді, өйткені біздің машиналарымызға сұраныс үлкен. Бұл екінші жағынан Өскемендегі зауыттың әлеуетін де көрсетіп отыр. Оның әлеуеті әлі де мол деп айтар едім.

- Сіздің көзқарасыңызша, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде қандай бағыттарда белсенді жұмыс жасауы тиіс деп ойлайсыз?


- Әрине, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезде өте маңызды елге айналады, өйткені, ағымдағы және маңызды проблемаларды шешудің нағыз ортасында болады. Ең маңыздысы, Қазақстанның қауіпсіздік, сенім шараларын жасау, диалог, демократияны нығайту және адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша берегей үлкен Ұйымға төраға болуы. Әрине әрбір ұйымда көптеген мәселелер бойынша әртүрлі пікірлері болады. Бұл әрине, күрделі рөл, алайда мен Қазақстан табысқа жетуде ең бастысы оны әділетті араағайын («fair broker») ретінде қабылдауы үшін күш салуы тиіс деп санаймын.

-Сұхбатыңыз үшін рахмет!