Алайда, еңбекке жарамды ер-азаматын майданға аттандырғандықтан негізгі ауыртпалық қарттарға, әйелдер мен балаларға түсті. Тарихи деректерге қарағанда, 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600 мыңға азайған. Мәселен, 1944 жылы кеңшарлардағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі - 20, әйелдер - 58, жасөспірімдер - 22 пайыз болды. Соғыс жылдарында еліміздің ауылдары майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылығы техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдары аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық болатын. Еңбеккерлер өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартып, әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Мәселен, тек бір Алматы облысының 9 ауданының 277 кеңшарында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өсті.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан қажеті үшін жұмыс істеді. 1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егістік ауданы 17 пайызға өсті. 1943 жылы егістік көлеміне 775000 гектар жер қосылды. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев, Ким Ман Сам есімдері соғыс жылдарында белгілі болды. 1943 жылы Ш.Берсиев бастаған тары өсірушілер әр гектардан 201 центнер өнім алып, әлемдік рекорд жасады. Ал Сырдария жерінде Ы.Жақаев күріштің әр гектарынан 1260 пұт өнім алды.
Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің саны 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 600 мыңға кеміді. Колхоз өндірісінде әйелдер еңбегінің үлесі артып, 1940 жылғы 48 пайыздың орнына 1942 жылы 75 пайызға жетті. 76 мың механизатордың 55 мыңнан астамы әйелдер болды. Бүкілодақтық социалистік жарысқа 10 мыңнан астам тракторшы қыз-келіншек қатысты.
Қазақстандағы ауыл шаруашылығы шикізатының молдығы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің дамуы қарқынының жоғарлауына да оң әсерін тигізді. Жамбылда, Семейде, Петропавлда, Павлодарда тері илеп, былғары жасайтын, кәсіпорындар, Алматы мен Шымкентте мақта-мата комбинаты салынды. Қарағандыда аяқ-киім тігу мен шұлық шығаратын кәсіпорындар орын тепті. Жезқазғанда, Семейде, Ақтөбеде тоқыма фабрикалары жұмыс істей бастады. Аталған кезеңде Ақтөбеде Шымкентте, Жамбылда, Теміртауда ет комбинаттары, ондаған сүт, май айыратын, ірімшік қайнататын зауыттар, ірі наубайханалар іске қосылады.
Соғыс жылдары бір адам майданға кеткен бірнеше адам орнына жұмыс істеу қозғалысына, жұмыс өнімділігін арттыру барысында мемлекет тарапынан ұйымдастырылған әртүрлі жарыстарға қазақстандық малшылар да көптеп тартылды. Мысалы, 1942 жылы бүкілодақтық малшылар жарысынан қазақстандықтар бірінші орын алды. Сандық көрсеткіш бойынша 1942 жылдың соңында мал басы 1,5 млн. немесе 1942 жылдың басындағы көрсеткіштен 17 пайыз артты. Мал басын өсіруден Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары алда болды.
Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар да жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауыл шаруашылығы жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмыскер ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.
Осылайша, республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, майдан мен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды.