Қазақстанның жеткен жетістіктері бүкіл әлемге сабақ болмақ - әл-Нахрайн университетінің Ректоры, профессор М. Жәбер

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Иорданиядағы Елшілігі хабарлағандай, Ирак Республикасы Бағдад қаласындағы әл-Нахрайн университетінің Ректоры, білім беру саясатын жоспарлау және басқару саласының докторы, профессор Мұхаммед Жәбер Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясын айқындаған Қазақстан халқына Жолдауына қатысты төмендегідей пікір білдірді:

- «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жолдауында баяндалғандай, қысқа мерзімде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің жеткен жетістіктеріне таңданысымызды білдіреміз.

Қазақстан дамушы ел ретінде әлем өркениетінде өз таңдаған бағытынан таймай, өзінің ұлттық, мәдени ерекшеліктерін сақтап қалды. Қазақстанның жеткен жетістіктері осы тұрғыда бүкіл әлемге сабақ болмақ. Өз елдерімізде жаһандану үрдісінен экономикалық қана емес сонымен қатар, ұлттық, мәдени құндылықтарымызды қорғап қалу қиындығы туындауда. Осыған келгенде Қазақстанның жинақтаған тәжірибесіне біздің көңіл аударуымызға тура келеді. Саяси деңгейде аймақ елдеріндегі тұрақсыздықтарды ескере отырып, ұзақ мерзімді жоспарлай білу - бұл басшылықтың көрегендігін танытса керек.

Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, қазақ халқының осындай көреген басшысының барына қызыға қараймыз».

Айта кетейік, Бағдад қаласында орналасқан әл-Нахрайн университеті Ирактың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына жатады. Иракта және аймақ елдерінде аталған оқу орны үздік оқу жүйесі арқылы танымал. Университет 1987 жылы құрылып, 2003 жылға дейін Саддам Хусейн университеті аталып келген. Қазіргі таңда бұл оқу орны ИР Президенті кеңсесінің бақылауында және онымен жартылай қаржыландырылады.