Қазақтан Гейтс, Баффет секілді байлығын қайырымдылыққа жұмсайтын жомарт миллиардерлер қашан шығар екен?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әдетте жер емген, мал өсірген қазекең қыста қар молынан жауып, көктем жаңбырлы болса қуанады. Тіпті тасыған өзендердің жағасына барып, бір бірін қатыр-күтір күйрете соғып қатты ағыспен төмен қарай жөңкіліп жатқанын сеңдерге қарап шүкіршілік еткен қарттарды да көрдік.

Ал арнасынан асқан су сала-саланы басқанда бусанып жатқан даланың күні ертең реңі жайқалған шалғынға оранарына кәміл сенесіз. Ылғалдың молдығы егіннің де, шөптің де бітік шығуының кепілі. Тек жазда егіннің балақтайтын кезінде қуаңшылық болмаса деп тілейді диқан қауымы. Табиғат-ананың көл-көсір жомарттық танытқан жылдары Қазақстанның миллиард пұт астық алғаны да есте. Сол кездері де қызыл су тұтастай ауылды басып қалған оқиғалар ұшырасты. Бірақ сирек кездесетін тәрізді еді. Ал қазір ше... Әр жыл сайын қыстың аяғына таман судың таситыны жайында келеңсіз хабар тарайды. Үлкенді-кішілі шенеуніктер қатердің алдын алуға білек сыбана кіріседі. Апта аралатып төтенше жағдайлар қызметіндегілер табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына дайындықтары туралы есеп береді. Бірқатар министрліктер мен ведомостволар да бұдан тыс қалмайды. Мол қаражат бөлінеді. Содан айқай-сүрен басталады. Тасқыннан болған зар­дап­ты жою мен қалпына келтіру, жапа шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсету, азық-түлікпен қам­тамасыз ету шаралары үздіксіз жүргізіледі. Көктем өтеді. Бұл дүрмек басылады. Басылады да келесі көктемге дейін ұмытылады. Қарғын судың ауылды, қаланың шеткі аумақтарын, жол, көпірлерді шаюының себеп-салдары қандай? Мүмкін тұрғызылған бөгеттердің сапасыздығынан әлде су ағатын арық-атыздардың жоқтығынан, не болмаса оған тұрғындардың күл-қоқыс төгуінен. Ешкім мұны қазбаламайды. Жабулы қазан жабулы күйде қалады. Биыл да осы жағдайды бастан кешіп отырмыз.

Әсіресе, 2010 жылғы Қызылағаштағы бірнеше адамның өмірін қиып кеткен апат. Әрине, барша халық жұмылып, қолдан келген көмектерін көрсетті. Қиындықты бөлісті. Үкімет бастап әр аймақтағы бірқатар ұжымдар мен өнер адамдары, мемлекеттік қызметтегі азаматтар өздерінің бір күндік жалақысын Қызылағаш тұрғындарына көмекке аударды. Сол шақта Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысын бір минут үнсіздікпен бастаған депутаттар да бір күндік жалақыларын Қызылағаш тұрғындарына аударды. Ел экономикасын көтеруге бағытталатын қаржы, құрылыс саласына тиісті материалдар, тағысын-тағылар апат салдарын жоюға жұмсалды.

Әдетте, табиғи апаттардың жеңілі жоқ. Оңтүстік өңірдегі Сарыағаш, Ордабасы, Отырар аудандарындағы су шайған жолдар, қираған үйлер, Шығыс Қазақстанда Тарбағатайдағы жүздеген отбасының үйсіз қалып, ондаған мың мал қырылуы... Бұл батыс өңірге де тән құбылыстар. Әйтеуір ОҚО-да Көксарай су реттегіші салынып Қызылорда облысында Сырдария өзені бойындағы көптеген елді мекендер бұл апаттан құтылды.

Осы арада көңілге бір күдік оралады. Мемлекет жыл сайын су тасқынының алдын алуға миллиардтаған қаржы бөледі. Әкімқаралар бұл ақшаға өзендер мен су қоймаларының жағаларын көтеріп, қауіпті учаскелерге қап-қап құм мен тас төсегендіктерін, тоқетері қыруар іс-шараларды атқарғандықтарын баяндап, есеп береді. Бірақ неге жыл сайын осы тірлік қайталанады. Неге 24 жылдан бері таусылмайтын, бітпейтін учаскелер. Бұл жерлерге тұтас қорған тұрғызатындай жұмыс істелетіндей болған жоқ па? Осыншама шаруа жасалса да неге су баса береді? Неліктен мемлекеттің бөлген қыруар қаржысынан қайтарым болмай отыр?,- деген де ой келеді бірауық.

Обалы нешік, әр жағдайда да жұртшылық қарап қалған емес. Басқасын қойып, қиын-қыстау кезеңде далада қалған ағайындарға көмек қолын созғандардың арасында тіпті айлығы шайлығына жетпейтін медбикелер мен күзетшілер де қара көрсетті. Дәрігерлер мен мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақыларын аударды. Зейнеткерлерге қалай сүйсінбессіз. Халқымыздың "басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді " деген сөзінің растығына тағы бір рет көзіңіз жетеді.

Әрине, мұндай табиғаттың тосын мінез көрсетуі жұмыр жердің түкпір-түкпірінде кездесіп жатады. Бұл арада бізді ойлантатын мәселе, өзге елдерде, әсіресе батыста көмек қолын созған жомарт жандардың арасында ақшалы алпауыттардың көптеп кездесуі.

Атап айтсақ, АҚШ миллиардерлері филантроп Дэвид Рокфеллер, CNN компаниясының негізін қалаушы Тэд Тернер, режиссер Джордж Лукас, Нью-Йорк мэрі Майкл Блумберг және Microsoft-тың негізін салушылардың бірі Пол Аллендер атымтай жомарттық танытып, байлықтарының жартысын қайырымдылыққа бөлді.

Ал әлемдегі ең бай 50 адамның тізімінде (Forbes журналы) бірінші орында тұрған, байлығы 76 миллиард долларға бағаланған американдық кәсіпкер және қоғам қайраткері, филантроп Билл Гейтстің орны ерекше.

Енді бұл азамат туралы аздап айта кетсек артықтық етпес. Билл Гейтс (Уи́льям Ге́нри Гейтс III) 1955 жылы 28 қазанда Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласында өмірге келген. 2008 жылдың маусымына дейін Microsoft компаниясының жетекшісі болды. Сондай-ақ ол Билл және Мелинда Гейтстің қайырымдылық қорының тең төрағасы, Berkshire Hathaway және Cascade investment бас директоры.

1994 жылдан 2010 жылға дейін ол Билл және Мелинда Гейтстің қорына 28 миллиардтан астам доллар салды. Ал 2010 жылдың қаңтарында барлық миллиардерлерді өз байлықтарының тең жартысын қайырымдылық іс-шараларға беруге шақырды. 50 миллиард доллардың иесі өзінің үш баласына 10 миллион доллар ғана қалдырып, қалған соманы қайырымдылық мақсатқа - денсаулық, білім және ғылыми зерттеу жұмыстарына бағыттауға шешім қабылдады.

Бірде жомарт жанның байлық туралы сөз қозғалғанда: «Мен тек бір нәрсеге ғана 100 пайыз сенімдімін. Бұл өз мұрагерлеріме көп ақша қалдырмаймын дегенім. Менің ойымша, осылай ету олар үшін де пайдалы болмақ»,-дегеніне қалайша риза болмассыз.

Тағы бір алпауыт Уоррен Баффет те атымтай жомарттық танытты. Ол осыдан жеті жыл бұрын Гейтстің қорына 31 миллиард доллар аударуға міндеттенген болатын.

АҚШ-тағы танымал инвестор, миллиардерлер рейтингінде үшінші орында келе жатқан (байлығы - 72,7 миллиард доллар) Уоррен Баффеттің жұмсаған сомасы бас айналарлықтай. 84 жастағы бизнесмен өз өмірінде қайырымдылық мақсатқа 25,5 миллиард доллардан астам қаржы жаратты.

Оның ең соңғы қосқаны 2015 жылы 6 шілдеде қайырымдылық қорларына өзінің Berkshire Hathaway холдингінің 20,64 миллион акциясын беруі. Нарық бағасына қарағанда қайырымдылыққа берілген бұл қаржының сомасы 2,8 миллиард доллардан асты.

Berkshire басшысының өзі байлығының 99 пайызын (қазіргі уақытта байлығы 59 миллиард доллар) осы бағытта жұмсауға уәде беріп отыр. Бұған қалай таңданбасқа.

Айта кетер жайт, 2010 жылғы маусымда Баффет пен Гейтс бірігіп The Giving Pledge бағдарламасының тұсаукесерін өткізіп, әлемнің ақшалы алпауыттарын атсалысуға шақырған болатын. Шара барысында қос миллиардер өз байлықтарының кем дегенде тең жартысын қайырымдылық мақсатқа жұмсамаққа уәде берген еді.

Игі бастама бұл күнде тамырын тереңге тартты. Биылғы жылдың қаңтарында Баффет пен Гейтстің бастамасын 105 миллиардер қолдады.

Тағы бір сүйсінерлік, тіпті жүрек тебірентерлік оқиғаны айта кетпеске болмас. Ол Сауд ханзадасы әл-Валид ибн Талал ибн Абдель Азиз ас-Саудтың барлық жиған-тергенін қайырымдылыққа беруге шешім қабылдауы. Ал оның байлығы 32 миллиард долларға бағаланған. Осы шешіміне орай өткен арнайы баспасөз мәслихатында ханзада қаржысын қайырымдылық ұйымдарына бірнеше транш бойынша беретіндігін мәлімдеді. Ол алдымен әйелдер құқын қорғау, жазылмайтын дерттерді зерттеу жұмыстарына және табиғи апат құрбандарына көмектесетіндігін айтты.

Еске сала кетсек, Arabian Business және Forbes журналдарының бағалауынша, Сауд ханзадасы араб елдеріндегі ең бай бизнесмен және Forbes-тегі миллиардерлер тізімінде 22-інші болып тұр. Әлемдегі бірқатар ақшалы алпауыттардың осындай ақжүрек тірліктерін сөз еткенде, көкейде: «ал бізде ше?. Қазақстандағы байлардың бүгінгі таңдағы ахуалы қандай деңгейде?»,- деген сауал көлденеңдеп тұрып алды.

Шүкір, елімізде қаржысы атан түйеге жүк боларлық азаматтар баршылық. Санасаңыз қос қолыңыздың саусақтары аздық етеді. Әрине, олардың атын атап түсін түстеу ыңғайсыз да болар. Белгілісі, бірқатарының 1 миллиард доллардан астам ақшасы бар екендігі. Бұған Forbes іскерлік журналының әлемнің ең бай адамдарының тізімінде бес қазақстандықтың бар екендігін қосыңыз. Бірақ бір өкініштісі, пәленше деген қазақстандық миллиардер табиғи апаттан зардап шеккен ауылға мектеп, үйлер салып беріпті, су шайған көпірдің орнына жаңасын тұрғызуға 2-3 миллион доллар бөліпті, жетімдер үйіне пәленбай сома аударыпты деген хабарды өз басым естімеппін. Әрине, кейбір байқау, бағдарламаларға демеуші болып жатқандар да бар. Олардың бөлген қаржылары батыстық әріптестерінің жұмсағанының тамшысына теңессе жарар еді.

Елбасы әрдайым бизнес өкілдерімен болған жүздесулерінің бірінде: «Біз сіздердің бай-қуатты болуларыңызға барынша жағдай жасадық, жылдар бойы сіздердің компанияларыңыздың көтерілуіне жан-жақты көмек көрсеттік. Енді сіздер халыққа қарай бет бұруларыңыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да көркейеді» деген болатын. Бірақ бұдан шыққан қорытынды шамалы тәрізді.

Тағы бір айта кетер жайт, АҚШ-та ақшалы алпауыттардың қарасы көбейсе өзгелер қуанады. Себебі бұл елдегі халық жеке тұлғаның байлығы мемлекеттің табысы деп есептейді. Оның үстіне миллиардерлердің бірқатары шаш та төк байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа мұра етіп қалдыруда. Ал бізде. Жо-жоқ айта көрмеңіз... Дегенмен «үмітсіз шайтан» деген. Бізде де бизнесмендер өз-өздерін қамшылап, қарапайым халыққа демеу жасар күн де туар. Тек сол үрдіс кешікпей осы көктемде басталса жарар еді. Өйткені биылғы су тасқынының беті қатты. Қарағанды облысында Бұқар Жырау, Нұра аудандарындағы көпірлер қирады, Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет, Бұқар Жырау аудандарындағы өзен арналарында барынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. 35 елді мекенді, 1760 үйді су басуы мүмкін, 1268 үй су астында қалды.

Солтүстік Қазақстанда су тасқынынан 30 елді мекен зардап шекті, 403 үйді су басты. Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстаннан да осы сарындас ақпараттар түсіп жатыр... Ендеше осы қиын-қыстау кезеңде халықтың иығына түскен салмақты қайыспай көтеруіне септігін тигізер сәт туды, қайырымдылық шаралардан шет қалмаңыз атымтай жомарт ағайын.

Ерлан Қожакелдиев