«Қазақтелеком» лауазымды тұлғалары 260 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ҚР Ақпараттандыру және байланыс комитетінің, «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларының қатысы бар қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мәлімдегендей, «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғалары 260 млн теңге ұрлағаны анықталған. Акционерлік қоғамның 51 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі екенін айта кету керек.

«Яғни, ұрланған қаржы - мемлекеттің ақшасы. Бұл қаражат «Қазақтелеком» компаниясының қызметі туралы мақалаларды мерзімді басылымдарда жариялауға бағытталуы тиіс болған. Осы мақсатта «Қазақтелеком» АҚ «Ұлттық баспасөз клубы» (басшысы Сейітқазы Матаев) қоғамдық бірлестігі арасында келісім шарт жасалған. Акционерлік қоғам ұлттық баспасөз клубына келісілген сомадан 2 есе артық қаржы аударған. Мәселен, «Время» газетінің бетінде 29,9 млн теңгеге 11,9 шаршы см көлемінде жарнама материал басылған. Шын мәнінде, Акционерлік қоғамның басшылары жалған актілерге 86,9 млн теңге аударған. (34,7 мың шаршы см). Бір ғана басылымдағы айырманың өзі 57 млн теңге. Сол сияқты «Central Asia Monitor» газетінде 1,2 мың шаршы см бетке «Қазақтелекомның» ақпараттық материалдарын жариялау құны 3 млн теңге болуы тиіс. Ал, шын мәнінде 19,5 мың шаршы см аумаққа 48,9 млн. теңге аударылған. Айырма 45,9 млн. теңге болып отыр», - делінген хабарламада.

Артық төленген ақшаны С.Матаев өз қалтасына басып отырған деді бюрода.

Аталған іске сондай-ақ, акционерлік қоғамның стратегиялық басқару бойынша бас директоры Б.Махамбетажиевтың қатысы бары анықталды.

Қазір ол үйқамауына алынды.

Бас күдікті болып отырған Сейітқазы Матаев болса «Ұлттық баспасөз клубы» Қоғамдық бірлестігінің 326,9 млн.теңге көлеміндегі салығын төлемеген (242,8 млн-ы коропоративті табыс және жеке табыс салығы болса, 84,1 млн-ы өсім).

Қоғамдық бірлестіктің ғимаратты жалға беруден түскен 1,4 млрд теңге табыстан төленбеген салығы да қордаланып қалған.

ҚР ҚК 201-бабына сәйкес кейбір мағлұматтардың жариялануы прокуратура органдарымен келісілді.

Қазір аталған эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оның нәтижесі жақын арада қалың бұқараға хабарланатын болады.

Соңғы жаңалықтар