«Біріздендіру, сәйкестендіру шараларын, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасын іске асыру, жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімді жүйесін құру мақсатында заманауи нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға қатысты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2019 жылға арналған жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қарастырылуда», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, заң жобасының негізгі мақсаты асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесіне халықаралық озық тәжірибені енгізуді қамтамасыз ететін заңнамалық базаны құру . Сондай-ақ заң жобасында асыл тұқымды малдарды индекстік бағалау және малдың шығу тегін нақты анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу сияқты заманауи тәсілдемелер көзделген.
Заң жобасында «асыл тұқымды мал», «асыл тұқымдық құндылық», «ауыл шаруашылығы жануарлары» және басқа терминдер халықаралық шарттарға, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге сәйкес келтіріледі.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешенде 2014 жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын есепке алу жүйесі селекциялық және асылдандыру жұмысының ақпараттық базасы арқылы автоматтандырылған форматқа ауыстырылды. Асыл тұқымды мал мәртебесін беру және асыл тұқымдық куәлік беру, малды бағалау нәтижесі, малдың асыл тұқымдық құндылығын және малдың шығу тегін анықтау жөніндегі барлық іс-әрекет ашық қолжетімді ақпараттық базада жүзеге асырылады. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасы арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібі автоматтандырылды. Мысалы, қазақтың ақ бас тұқымын өсірумен айналысатын фермердің үйде отырып субсидия алуға өтінім беруге мүмкіндігі бар», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы қазіргі заманғы нормативтік құқықтық базаны құру үшін заң жобасында жануарларға индекстік бағалау жүргізу қағидаларын, жануарларға молекулалық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту көзделгенін атап өтеді.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарын ескере отырып, жекелеген саланың немесе нақты өңірдің (қаланың, аумақтың) проблемаларын шешуге бағытталған жеке бағдарламаны әзірлеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау жөнінде шаралар көзделген. Жалпы, қазақтың ақбас тұқымы туралы арнайы бағдарлама қабылдау мақсатқа сай емес деп санаймыз, себебі осы тұқымды дамыту мен жетілдіру «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» ғылыми бағдарламасының 101 «Ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда», - деді ол.
Премьер-Министр дерегінше, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Солтүстік өңірде қазақтың ақбас, әулиекөл тұқымды ірі қара малының шаруашылыққа пайдалы белгілерін жетілдіру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу» іс-шарасы бойынша ірі қара малды генетикалық паспорттауды жүргізуде.