***
Кеңес Одағы кезінде атақ-даңқы шартарапқа жайылып, дүркіреп тұрған «Северный» құс фабрикасы банкротқа ұшырайды деу ақылға сыймайтындай көрінетін. Не керек, 1998 жылы жинақталып қалған ішкі-сыртқы қарыздарынан құтылу үшін иелігіндегі дүние-мүлкін сатып, барынан айрылып тынды. Қабырғалары қалқиып құс қоралары мен иесіз ғимараттар ғана қалды. Сол кезде шағын кәсіпкерлікпен енді ғана шұғылдана бастаған жоғары білімді инженер-механик Мұрат Бәкіров тұралап қалған шаруашылықты қалпына келтіруді көздегенде оның бұл қадамына күмән келтірушілер көп болды. Бірақ іскер жас алған бетінен қайтпаған күйі тәуекелге бел буды. Алға қойған мақсат-мүддесін табандылықпен іске асыру үшін көршілес Омбы облысынан асыл тұқымды жұмыртқа әкелуден бастады. Одан ескі инкубаторды қалпына келтіріп, балапан бастыруға көшті. Осылайша «Атай-СҚ» деген жаңа атауды иемденген кәсіпорын сол жылы 12 мың шіби өрбітті. Алғашқы табыс қордаланған шығындарды жабуға, жалақы төлеуге жұмсалды. Арада үш жыл өткенде ғана таза пайдаға қол жеткізе бастады. Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Алдағы меже - 80 миллион» деген тақырыппен басылды.
***
«Қазақтың ақшасын жеп, Швейцарияда жүрген байшыкеш» деп жазады «Айқын» басылымы. Осындай тақырыппен басылған мақалада Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.Храпунов және оның жанұясы Швейцарияда олигархтар олигархиясының зәулім мұнарасымен өрлеп бара жатқандығы жайлы хабарлар Қазақстан журналистерінің мазасын алып болғаны айтылады. Олар «Біздің адамдар Швейцарияда да өмір сүре алады» деген сөзді өзекті өртеген мысқылмен жазатын болды. Несі бар, Храпуновтар біздің БАҚ өкілдері жазғандарындай тұрмыс құруда. Олар ақшаны шашудан, қымбат мүліктерді сатып алудан Швейцария жұртын таңғалдыруда. Еуропалықтардың Қазақстаннан қашып кеткен олигархтың ақша жұмсауы жөніндегі сыбыр-күбірі бізге де жетіп жатады.
Сондай-ақ осы басылымның «Тарих пәні неге тартымсыз?» атты мақалада жазуынша, бүгінгі тарих пәні оқулықтарында кемшілік көп. Мұны тарихшы-ғалымдарымыздың өзі айтып отыр. Олар мұны енді ғана аңғарды ма, әлде Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын оқыған соң көздері ашылды ма, әйтеуір бір айдан бері тарихшы-ғалымдар оқулықтардағы қателіктерді түзеумен айналысып жатыр. Сол мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына еліміздің ғалым-тарихшылары, жоғары және арнайы орта оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері енгізіліпті.
***
«Бұрын Әму мен Сыр Азия құрлығының қақ ортасын жарып өтіп, Тұран ойпатында орын тепкен Арал теңізіне келіп құйылатын. Ежелгі кезеңнен сол бір көріністің мұрты бұзылмай келді. Бертін келе бәрі де өзгеріп, ел-сел ағып жататын дария арналары құрғай бастады. Қос өзеннің бойында талай бөгет орнатылып, баз бір жылдардағы даурықпа ұранмен егіс алқаптарының көлемі артты. Бұл теңізге келетін су мөлшерін мүлдем кемітіп, Арал табанының тақыр далаға айнала бастағаны жан-жүрегімізді ауыртып-ақ тұр. Осының салдарынан екі дарияның төменгі тұсында қоныс тепкен қалың жұрт экологиялық апатқа душар болды. Бүгінде Сырдариядан теңізге аз-маз су келіп жатса, Әмудария Аралға бір тамшы да су құймайды»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. 90-жылдардың басында Қазақстанда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Бұл мәселе газетте «Арал қасіретінен қашан сауығамыз?» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымда «Қазақша сөйлеу Мартыненкоға тамаша тағдыр сыйлады» атты тақырыппен мақала жарияланды. Үш Татьяна. Қазақ әндерін әуелеткен өзге ұлт өкілдері Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская. Алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында тұсауы кесілген топтың, яғни Татьяналардың таланты кеңінен танылып, лезде-ақ өнер сүйер қауымның сүйіктісіне айналғаны аға буын өкілдерінің есінен әлі шыға қойған жоқ. Кеңес заманында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе славяндардың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақша ән айтуы үлкен мақтаныш, соны жаңалық, тіпті сенсация болатын. Осылайша, қазақ өнерінде үлкен сенсация жасаған топ жарқ етіп бес-алты жыл сахнада жүрді де, кейін көрінбей кетті. Күнделікті күйбең тірлік оларды сахнадан суырып, өз ұйығына тартты да, жұтып кетті. Бірақ үш Татьяна да өнер базарын тастап шыққанымен, қайнаған өмір базарының бел ортасынан алшақтамай, өз орындарын тапқан. Біздің білуімізше, Татьяна Полтавская Ресейге қоныс аударса, Татьяна Бурмистрова - Қазақстанда. Жиі болмаса да, көрермендерімен көк сандық арқылы қауышып тұрады. Ал Татьяна Мартыненко - Шымкенттің тұрғыны. №66 «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі.