Қазақтың дәстүрлі әндерімен Пласидоны тәнті еткен Ерлан әнші

trong>Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астанада қала күніне дайындық қызу жүріп жатқан-ды. Ел ағалары бүкілхалықтық мерекені абыроймен өткізуге барын салуда. Оның жөні бар. Өйткені, «Елорда тойы - ел тойы», оған алыс-жақыннан келетін мәртебелі меймандар көп. Солардың ең қадірлісі - әлемге аты мәлім әнші Пласидо Доминго. Жай келмек емес, репертуарында 130 роль бар, оған дейін мұндай табысқа опера тарихында әлі ешбір әнші жетіп көрмеген итальяндық әнші Пласидо Доминго қазақша ән шырқамақ.

 
 Талай жыл талай елдің абыройлы театрын баураған Домингоның Орталық Азияға табаны тиіп көрмепті. 100-ден астам ариялар комиляция, дуэттер мен басқа да жанрларда нөмірлі дискілер жаздырған, он бір рет «Грэммимен» және екі рет «Латын грэммиімен» марапатталған әншінің бұл аймақтағы тұңғыш концерті Астанада өтпекші. Міне, осындай майталман «Құдай айдап», қазақ еліне өз аяғымен келгенде оған таңырқап қана қоймай, оның өзін де  таңдандырудың реті ойластырылды. Ол үшін әншіге әншіні тыңдатқан жөн. «Ел» шығармашылық продюсерлік орталығының директоры Ғалым Доскеннің таңдауы  Алматыдан арнайы шақыртқан қазақ радиосының қызметкері, дәстүрлі ән орындаушы Ерлан Рысқалиға түсті.

- Далада көппен бірге «Қыз Жібекке» елтіп, жыр тыңдап, рахаттанып отырғанмын, - деп бастады әңгімесін Ерлан Рысқали. - Ұйымдастырушы ағаларымның бірі жаныма келіп: «Ерлан, сен Пласидо Домингоны білесің ғой?» деді. «Ойбай, неге білмейін?». «Білсең, сол кісінің алдында ән айтасың, жүр, Ғалекең іздеп жатыр. Мына түрің не, сахнаға киетін киімің қайда?». «Қонақүйде. Бүгін ән айтамын деп, пәлендей дайындала қоймап едім. Осы қалпыммен бара берейін бе?». «Жүре бер. Бірақ, барыңды сал, басқасын бағыңнан көрерсің»..

Ерлан ақбоз үйде арқа-жарқа болып сарала қазы жеп, сары қымыз жұтып  отырған топ кісіге қазақылап: «ассс!!! ...салау-мағалейкө-ө-өм» деп сәлем бергенде бәрі жалт-жалт қарасты. Төрдегі Пласидо басын изеп, күлімсіреп, қолын көтерді. Өз ауылымыздың ағалары «Міне, әнші жігітіміз келді» деді. Ерлан аты-жөнін айтты. Оны Домингоның аудармашысы қайталап шықты.

Керегенің басында үш домбыра ілулі тұр екен. Біреуін қолына алды. Қағып-қағып, таңдауға кірісті. Бұған әнші де, нөкерлері елеңдесіп қалды. Бірінші домыраны жай қағып көрді, ұнатпады, екінші домбыраға бір-екі рет саусағын жорғалатып, ойнап көріп еді, оған да көңілі толмағанын қолының қимылы мен қас-қабағынан таныған үлкендердің бірі үшінші домбыраны ұсынды. Тыңқылдатып көріп еді, үні көкейін қозғады. Әрине, пернелерінде аздап шырыл бар. Кәсіпқой әншінің домбырасы емес, десе де, «осы домбыраны алайын» деді.

Көз қиығыммен бақса, Пласидо қадала қарап, басын шайқап отыр екен. Қасындағылар да аузындағысын жерге қойып, қимылын бағып қалыпты. Ел адамдарының бірі «Қандай ән айтатын едің, тарихын да қоса айт» деді. Алдымен даусын ашатын әнді орындауды жөн көрді. Тыңдаған жанды салған жерден баурайтын «Сарыбидайды» таңдады. «Бұл - екі қазақтың бірі айтатын ән» дедім. Тілмәш сөзін қағып алып, аударып берді.

Др-ррүң-ң-ң еткізіп ішекті қағып қалғанда Доминго бастаған топ бойын тіктеп, елеңдесіп қалды. Содан, домбыраны көсіп-көсіп, қағып-қағып, әнге басты. Өзі де домбыраның үнімен бірге түлеп сала берді, үні әуеледі де кетті. Тосылмайтын жөні бар еді. Айтуына қарағанда, киіз үйге кіріп келгенде бойына бір күш құйылғандай болды.

- Мені әлдебір күш мынадай сахнаға шыққан кезде арқамды қамшымен ұрып қалады. Ондайда арқама «қамшы тимесе», сол күнгі әнімнен мән кетеді. Бұл соңғы төрт жылда пайда болды. Дәстүрлі әншілердің «Інжу-маржан» ән кеші өтіп жатқан. Ең жасы мен, өңгесі өңкей сақа әншілер. Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» айтуға тиіспін. «Қалай болар екен» деп, қобалжып тұрғанда кезегім жетті. Сахнаға беттей бергенде тура қыр арқамнан біреу қамшымен қақ тіліп, тартып қалғаны. Арқам удай ашыды. Абдырап қалдым. Айналамда қол жетер жерде ешкім жоқ «Бұ не?» деп, ойлап үлгергенімше, екінші рет тағы салып кеп қалды. Ыршып кеткенімде сахнаның дәл ортасына бір-ақ жеттім. Жыпырлаған мың-сан көздің алдына шыға келгенімде жаным көзіме көрінді. Сасқанымнан айғайға бастым. Үрей, сақа әншілердің мысынан ығып тұрғаным жайына қалды. Арқамның удай ашып ауырғанын жан даусым шыға, шамырқанып, біреуге арыз айтып жатқандай әнді сорғалаттым. Әннің де «қолтығы сөгіліп» жүре берді. Даусым да ашылып, өзімнің үніме өзім елтіп, «Ақсисаны» аңыратып, шегелеп тұрып айттым. Жұрт менің күйімді қайдан білсін, әніме қатты разы болды. Алматыда мен туралы «Ақсисаны» айтқан бала» деген сөз жүр. Манарбек Ержановтан кейін «Ақсисаны» дүниеге қайта алып келді деген марапат естідім, -деді әнші ақ жарылып.

Бұл құбылыс үлкен концертте немесе көңіліне қобалжу еніп, өзі де, үні де дірілдей бастағанда арқасында осы қамшы «ойнайтын» көрінеді. Кейде, тіпті ойламаған жерде осып өтеді. Астана тойы өтіп жатқанда Пласидоның алдына барғанда солай болды. 

- Киіз үйдің хан да, қара да еңкейіп кіретін киесі бар ғой. Мен де иіліп, табалдырыққа аяғымды сала, «ассс...» дей бергенімде күтпеген жерден «мені есіңе алмай қайда ентелеп барасың?» дегендей, жауырынымның қақ ортасын ала қамшы осып өткенде қайқаң етіп, табалдырықтан ыршып, аттап түстім. Ілкі сәтке есімді жиып, амандастым. Арқам дуылдап әкетіп барады. Доминго ма, басқа ма, ойыма ештеңе кіріп-шығар емес. Дереу домбыраға ұмсындым. Көңіліме жаққан үшіншісін қолға алғанда, пендемін ғой, аналардың маған назар аударғанын байырқалап,  «Мені осып өтті. Мен де сені осып өтемін!» деген ой жылт етті. Бірақ, тез тәубеме түстім. Домбыраны бауырыма алып, ішекті қақ-қақ айырып, шанақтың түбінде көптен көміліп жатқан үнді көсіп-көсіп жібердім. Ошақтағы қоздан шоқ шашыратқандай, қу бұтаға қау түскендей лаулата жөнелдім. Қыр арқамды тіліп өткен қамшы мені бебеу қақтырды. Айғайға бастым. «...біздің ау-ы-ы-лл гетпеннің ете-е-гіндей-о-о-о-оу» деп, даусымды созғанда ақ басты Доминго ата қаздай мойнын созып, мен жаққа қарады. Қамшы бар, назарын шаншып қарағаны бар, маған енді тоқтау жоқ еді, көкірегімнен бе, көмейімнен бе, «Сарыбидай» сарқыраған өзендей тасыды да кетті. Бір кезде орнынан атып тұрып шапалақтады. «Браво!!» деді.

Бір кезде Пласидо өз тілінде әлдене деді. Қас пен қабақтың, ернінің ишарасынан, айрықша лебізінен «тағы бір ән айтшыны» ұқты. Көкейін жазбай таныды. Тілмаш тура сол сөзді аударды. «Естайдың «Қорланын» айтайын» дедім де, Естайдың кім екені, ән тарихын баян еттім. Моңғол қызы аударды.

«Сарыбидай» - жоғары екпінмен айтылатын ән, ал «Қорлан» қою үнмен басталады. «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Құдайым берген екен күн мен айын» деп қоңырлатып, қоюлатып, шырқай жөнелді. Доминго «есті құлақ» қой, музыка тілінде «регистр» деп аталатын жоғары дауысты қажет ететін «Сарыбидайдан» кейін іле-шала дәл осы аспаппен екінші тональдық жүйеге ауыса қалғанды байқап қалды. «Мына екі ішекпен модуляция жасап отырсың, бұл - ғажап!» деді. «Иә. Бірақ, оны мен емес, Естай жасап кеткен. Біз соны қайталап отырмыз» деді Ерлан.

«Қорланнан» кейін «Көзімнің қарасын» айтып берді. Бірақ, оның бүгінгі күнгі эстрада әншілері орындап жүрген үлгісін емес, классикалық яғни түпнұсқасын орындады. Оны бізге Жүсекең, Әлмағамбет әншілер жеткізген. Әлмағамбет - Абайдың сүйікті әншісі болған, Абай көңіл хошына қарай Әлмағамбетті шақырып, ән салдырады екен. Өйткені, түпнұсқада еркіндік бар. Сосын иірім көп. Ал бүгінгі әншілер ырғаққа бағындырып, тактіге таңып қойған. Құйрық-жалы шоп-шолақ күйге түскен. «Кө-зім-нің қа-ра-сы, көң-лім-нің са-на-сы, бі-ітпей-ді-і іш-тегі-і ға-шық-тық жа-ра-сы-ы», көрдіңіз бе, бояу жоқ, тақ-тұқ, сарт-сұрт, құп-құрғақ.

Ал түпнұсқада «Көзім-не-е-е-еееең // ңғараса-а-а-а-а-а-аааай // гөңлімн-і-і-і-і-е-е-ііі-ііің // сааа-а-ана-саааай, // бітпейд-а-а-аааау іштегі-і-і-і-ііііііі ғашықты-ы-ы-ыыығ жааа-а-а-ра-са-аайй...

Ол кісі тыңдап болып «өте бай ән екен» деді. Ал егер ырғақтық үлгісін тыңдаса, әрине, оған қызықпас еді. Тыңдаушыларды тәнті ету үшін осы әдейі нұсқаны айтқан. «Арқада  Шама Нұрұлы деген әнші өткен. Шамадан «Шама» деген ән қалды. Ел аузында «Шаманы» шамасы келгендер ғана айтады» деген сөз бар деп еді, аудармашының лебізінен кейін елең еткен қалпын іліп қалдым. «тыңдайық» деді. Әннің неден күрделілігін, диапазонның ауқымдылығын түсіндіріп берді. Дауыс техникасының, оған домбыра сүйемелінің шеберлігі қажет екенін айтты. Содан, Кү-үүн бата-ааа-аааар // һей, гешке жақы-ынн // таудан асып, шапақтап қызыл алтын нұрын шашып- // әй-й // ақшам-нееееең қараңғыс-еей, болған шақта-аа, аһ ұры-ыып табысады-өөөй, өңшең ғашық...» деп айтып әнді бастады. Домиго басын шайқап, бар ынты-шынтысымен беріле, елти тыңдады. 

- Әнді аяқтадым. Пласидодан бастап өзгелер де бағанағыдай емес, сарт-сұрт шапалақ ұрып, жапырлай орындарынан тұрды. Ал, Доминго маған қарап: «Тынысты үнемдеу -  әншінің әншісіне ғана бітетін қасиет. Сенде олардың көпшілігінің бойында жоқ артықшылық бар екен. Ол - дауысты барынша жоғары көтере тұрып, оны үнемдей алатының. Ал, үлкен артықшылығың - даусыңды соза келіп, күтпеген жерден күрт үзе саласың. Бұл - орындаушылық өнерде сирек кездесетін құбылыс. Және көпшілігімізге осы шеберлік бітпеген. Тынысты үнемдеудің арқасында сол деммен әрі қарай жалғастырып алып кетесің»,  деді.

Бұл «Шаманың» «...күн бата-аааар» деген тұсынан дауысты асырып, көтеріп ауада«іліп» біраз ұстап тұрып, «һәй, кешке жақын таудан асып» деп ортасына қақ бөлетін тұсын мегзегені. Сосын мен айттым: «Ондайды жалғыз мен емес, кез келген дәстүрлі әнші айтады» дедім. Одан сайын басты шайқап тұрып қалды.

Пласидо Біржанның «Жоныпалдысын», Ақанның «Балқадишасын», Нұрғисаның «Сағындым ғой» деген әнін айтқан Ерланға қатты тәнті болады. «Мен талай жерде, талай әншіні тыңдадым. Олар - мықты әншілер. Сен шырқаған әннің сөзін түсінбесем де, жүрекпен сезіп отырмын. Осыған мүмкіндігің жеткен сенің де жүрегің үлкен екен. Даусың операға лайық. Италияға келуге қалайсың? Сен мына қалпыңда опера сахнасына дайынсың. Тек италиян тілін меңгерсең болды, бағаң артық әнші болар едің» деді. Басқа марапат күтсем де, мұндай ықылас күткен жоқ едім, «Италияға бару - арманым. Бірақ, оның сәті келер ме екен?» деді. Әйгілі әнші әрине, ашып ештеңе айтқан жоқ, бірақ, «хабар - өзімнен»-ді емеурінмен танытты...

Қалақтай қазақ баласының соншама зор даусына тәнті болған Доминго енді «Италия әншілерінен кімді білесің?» деп сұрады. Ерлан іркілген жоқ,  Лучиано Паворотти, Хосе Каррерас, Андре Паччилиден астап танымал әншілерін тізіп берді. «Олардан ән білесің бе» деді. Білетінін айтып еді, бір ән айтуын сұрады. Тосылып қалды. Көпті көрген жан емес пе, оның бөтен тілде, әрі даңқты әншінің өз ана тілінде айтуға жүрексініп тұрғанын сезді. «Сөзін жақсы білмеймін» деп, жалтарғанына «саған қосылып, демеп отырамын, қысылма!» деді. Андре Бочелли орындайтын «Амополя» деген әнді қысылыңқырап, бәсең дауыспен бастап еді, «Даусыңды көтеріп айтшы» деді. Ерлан аянған жоқ, бар дауысқа басты. «Керегі саған осы болса, мә, ендеше! Амополя, инриси амополя, Носея сталинграл матутессея, Киоте киеро амана ниня мия...» деп шырқата жөнеліп еді, бағанағы бағанағы ма, «браво,  браво» деп тіпті разы болды. «Ти - великәлепний, отчен красивий голльос» дегенді жаттап алған екен, ар жағын өз тілінде айтты.

- Қоштасарда мен сізбен суретке түсейін деді. Мен «жоқ, керісінше, мен сізбен түсейін» деп, екеуміз суретке түстік. Фотоға түсіп болған соң, қолымды қысып: «Өзіңді өзің күтініп жүр. Сен мен үшін қымбат адамсың» деді. Шынымды айтсам, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Ол кісінің тұла бойынан өнер адамының екі бірінде кездесе бермейтін өнерге деген адалдықты, өнер адамына деген құрметті таныдым. Міне, Астана маған осындай бақ дарытты. Еліне құт дарытқан елордаға рахмет!-деген әнші тойдан кейін Алматысына аттанып кетті...