Қазақтың «демографиялық картасын» жасайтын кез жетті - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 3 қыркүйек, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

2014 жылдың 3 қыркүйегінде Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2014-2015 жылғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы есепті жариялады.

Осы жылы рейтингті соңғы 6 жыл қатарынан тұ­рақ­ты позицияға ие болып отырған Швейцария бас­тап отыр. Одан кейін Сингапур, АҚШ, Финляндия және Гер­мания орналасқан. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы « Қазақстан даму деңгейі жоғары елдер тобында» деген мақалада жазылған.

Басылымның атап өтуінше, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2014-2015 Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде (ЖБИ) бағаланатын елдер саны 144 елді құрады (өткен жылы - 148). Осы жылы рейтингке Тәжікстан қайта оралды, ал Бенин, Босния және Герцеговина, Бруней, Эквадор, Либерия сияқты 5 ел кірген жоқ.

Рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстан өткен жыл­ғы нәтижелерді тұрақты ұста­нып 4,4 орташа балмен қайтадан 50-орынға ие болды. Қазақстан даму деңгейі әлде­қайда жоғары елдер тобында ор­наласқан, мұнда тиімділік және экономикалық даму факторлары үлкен рөлге ие болып отыр.

ДЭФ сарапшыларының баға­­лау­ынша , Қазақстанның бәсе­келес артықшылықтары еңбек нарығының тиімділігі (15, 2013 - 15) және макроэкономикалық орта (27-орын, 2013 - 23) болып табылады. Қазақстанның ең әлсіз пози­ция­лары денсаулық сақтау және бас­тауыш білім (96, 2013 - 97), қаржы нарығын дамыту (98, 2013 - 103), компаниялардың бә­се­ке­ге қабілеттілігі (91, 2013 - 94) жә­не инновациялар (85, 2013 - 84) сияқты факторлар бойынша байқа­лады. Қалған алты фактор бойынша, ДЭФ бағалауына сәйкес, Қа­зақ­­станның бәсекеге қабілет­тілі­гі орташа деңгейде: инсти­тут­­тар 57-орын (2013 - 55), инфра­­құрылым - 62 (2013 - 62), жо­ға­ры білім және кәсіби даяр­лық - 62 (2013 - 54), тауарлар нары­ғы­­ның тиімділігі - 54 (2013 - 56), тех­но­логиялық даяр­лық- 61 (2013 - 57) және нарық мөлшері - 52 (2013 - 54). Ең күрт өсу келесі көр­сет­­­кіш­тер бойынша бай­қал­ған: бәсекелес артықшылық таби­ғаты (2013 жылы 118-орын­ға қарсы 84-орын), вен­чур­лық капиталға қолжетім­ді­лік (72-орынға қарсы 47-орын), мем­лекеттік қызметкерлер шешім­деріндегі фаворитизм (77-орынға қар­сы 53-орын), бизнесті ашу үшін қа­жетті күндер саны (82-орынға қарсы 62-орын), кредитті алу жеңілдігі (61-орынға қарсы 43-орын), нәрестелер өлімі (98-орынға қарсы 81-орын), инвестиция­лау үшін салық салу тиім­ділігі (54-орынға қарсы 37-орын), айлақ инфрақұрылымының са­пасы (135-орынға қарсы 123-орын).

Еуропалық экономикалық комиссияның жедел мәліметтеріне сүйенсек, жалпы алғанда, еліміздің сыртқы сауда-саттық көлемі 2014 жылғы қаңтар-маусымда 51,9 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Өзімізге де, өзгеге де өз тауарымызды ұсынатын кез келді» деген мақаладан оқи аласыздар.

Басылымның атап өтуінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қазақстандық экспорт 0,3 пайызға азайса, импорт 10 пайызға төмендеген. Бұл кезеңде Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы өзара тауар саудасының көлемі 27,6 млрд. АҚШ долларын құраған. Бірақ бұл да өткен жылғымен салыстырғанда кемшін. Яғни, өзара сауда-саттық көлемінің жалпы қысқаруы 2014 жылғы бірінші жартыжылдықта өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 677,8 млн. АҚШ долларын немесе 11,7 пайызды құраған. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылғы қаңтар-маусымдағы өндірілген ІЖӨ көлемі нақты шамада 3,9 пайызға ұлғайған. Сонымен бірге, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 0,4 пайызға төмендеген. Жалпы, экспорт көлемінің төмендеуі Қазақстан экономикасы өсу қарқынының баяулауымен түсіндіріледі. Ұлттық экономиканың өсу қарқынының баяулауы сыртқы тұрақсыз жағдайларға байланысты, дейді мамандар.

*** Қазақстандық жұмыс беру­шілердің 63 пайызы ҚР ЖОО түлектерінің даярлық деңгейіне қанағаттанбайтындығы туралы деректі ақпарат көздерінің бірінен көзіміз шалып қалды, деп жазады «Айқын» газетінің журналисі «Кәсіби білігі төмен түлек өзіне лайықты қызмет таба алмайды» атты мақалада.

Демек, жоғары оқу орнын тәмамдап жатқандардың көпшілігі өз кәсібіне сай емес деген сөз. «Кәсіпқор» холдингінің студенттермен жұмыс департаменті директоры Тоғжан Жұмағұлованың айтуынша, жұмыс берушілердің 40 пайыздан астамы түлектердің даярлық деңгейіне көңілі толмайтынын, он сегіз пайызының, тіпті олардың заманауи талаптарға, экономикалық қажеттіліктерге сай келмейтінін жеткізіпті. Жыл сайын жоғары оқу орындарын мыңдаған бала бітіріп шығады. Қолдарына дипломын құшақтаған қыз-жігіттердің даярлық деңгейі төмен болса, қайда барып, жұмыс атқарады деген ой қылаң береді.

Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Жоғары оқу орны түлектерінің даярлық деңгейі қанағаттанарлық емес деп, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Отыз-қырық жылдан астам жоғары оқу орындарында қызмет атқарып келе жатқан ұстаздар жетерлік. Білікті маманнан білім алған студенттердің де деңгейі жоғары болады. Гуманитарлық білім деңгейі туралы әңгіме бір басқа. Кадр тапшылығы көбінде техникалық ғылымдарға байланысты туындай­тыны рас. Техника мамандығын меңгерген түлектердің кейбірінің дипломына сай келмейтіні де жа­сырын емес.

Кейбіреулер мұның себебі тео­риялық білімді практикамен ұш­тас­тырмауында жатыр дегенді алға тартады. Практикадан алшақ болған­дықтан, кейбір кадрлардың өз ісін жете біле бермейтіні тағы бар, дейді мақала авторы. Сөз соңында түрлі сала мамандарының пікірлері келтірілген.

ТМД кеңістігінде пайда болған жас мемлекеттер ес жиған сәтте-ақ халқының санын түгендей бастады. Өйткені «көп қорқытады, терең батырады». Қазақтың ежелден келе жатқан мақалына жалғыз біз ғана емес, ғаламшардың ден қоятыны тәуелсіздіктің кемесіне мінген сәттен бастап белгілі болып қалған еді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақтың «демографиялық картасын» жасайтын кез жетті» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, қазір халқының саны миллиардтық межеден әлдеқашан асып кеткен алпауыт мемлекеттер Қытай немесе Үндістанмен санаспайтын ел кемде-кем. Тіпті 70 млн «баласы» бар түрік елі де кез келген алпауыт елдің сәлемін ойланып барып қабылдайтын сыңай байқатып қояды. Құдайы көршіміз 30 млн болған өзбек бауырларымыздың кейбір әрекетінен «біз көппіз» деген астамшылық байқалап қалады. Осы тұста «ТМД кеңістігіндегі мұсылман елдері - қазақ пен өзбектер тәуелсіздік алғанда халқының саны қанша еді, қазіргісі қалай?» деген заңды сұрақ туады.

1989 жылы түңғыш санақта біздің елде 16 млн 600 мың болғаны белгілі болды. Ал жақында күнделікті басылым беттерінде 17 миллионнан асып, қазақ ұлты 65,5 пайыздық межеден өтті деген сүйінші хабар пайда болды. Әрине, бұл жаман емес. 2020 жылы 20 млн-дық межені бағындырамыз деп отырған қазіргі көңіл күй үшін де жаман көрсеткіш емес. 1911 жылғы патша үкіметінің санағы бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 67 пайызды құраған болатын. Одан бергі уақытта төмен қарай құлдиладық, тіпті есігіміз айқара ашылған тың игеру кезінде 29 пайызға дейін құлдыраған заман өтті. Арада бір ғасыр өткенде 1911 жылғы көрсеткішке жете алдық. Бірақ төмендегі деректерге көз жүгіртсеңіз, қуанышымыз су сепкендей басылатыны анық. 1989 жылы Қазақстанда халық саны 16 млн 600 мың болған. Өзбекстанда сол кезде 19 млн 810 мың болыпты. Биыл Қазақстанда азамат саны 17 млн 277 мың болса, Өзбекстан 30 млн-ға жетіп қалыпты. 25 жылда 700 мыңға өстік. Ал өз ағаларымыз 25 жылда 10 млн 200 мыңға өсіп кетті!