«Қазақтың қамалы шекарадағы мектеп емес пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбиновпен әңгіме құрған екен. Сұхбат өзегі - депутаттың Премьер-Министрдің атына жолдаға депутаттық сауалы төңірегінде екен. «Менің депутаттық сауалыма түрткі болған шалғай ауылдардың негізін сақтап қалушы маңызды факторлардың бірі - шекаралық ауылдардағы мектептердің жағдайы», - деп бастаған әңгімесін депутат. «Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ге жуық мектеп жабылады екен. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет. Алматы облысының шекаралық аудандарындағы ауылдар ахуалы да алаңдатарлық. Мәселені төтесінен қойып отырғанымыз, мектептің арқасында ауылға жас, білімді мамандар тартылып, болашақта сол ауылдың тұрғыны болуға себеп болады»,-деп отыр депутат. Б.Дүйсенбиновтің мәліметіне сүйенсек, егер жыл сайын шекара аумақтарында 5-6 мектеп жабылады екен. «10 жылдан кейін ауылдардан не қалатынын есептей беріңіз. Жыл сайын жабылған мектеппен бірге, сол ауылдың шаңырағы құлап, ошағы өшті деп айтуға болады. Мүмкін шенеуніктерге жабылған мектеп саны тек қана цифр болса, бізге ол - осы ауылдағы адамдардың тағдыры, ауылдың тағдыры»,- деп дабыл көтерген ол. Бұл өзекті тақырып туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақтың қамалы шекарадағы мектеп емес пе?» атты сұхбаттан оқи аласыздар.

***

Ал «Айқын» республикалық басылымының хабарлауынша, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі, ШҚО әкімдігі, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығы 27-28 мамыр күндері Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында қазақ күресінен дәстүрлі Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық Гран-при бәсекесін өткізеді. «Жарыста 20 мемлекеттің 100-ге жуық балуаны бақ сынайды. Қазақ елінің намысын ұлттық құрама сапындағы 8 балуан қорғайды. Балуандардың төртеуі 80 келі, төртеуі 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсетеді. Айта кетейік, Ырғызбай Досханаұлы атындағы жарыс ең алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Кейін бұл жарыс республикалық, халықаралық дәрежеге жетті. Биыл 4-рет өткізілетін сайысқа Әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында сынға түскен спортшылар қатысады»,-деп жазған басылым.

Ы.Досханаұлы атындағы жарыс - қазақ күресінен ұйымдастырылатын халықаралық бәсекелердің арасындағы жалғыз Гран-при бәсекесі екенін айта кеткен жөн. Бұл дүрбірлі дода туралы «Айқын» газетіндегі «Қазақ күресінен Гран-при бәсеке өтеді» деген ақпараттан оқи аласыздар.

Сондай-ақ басылым Қызылорда облысында өсетін емдік қасиеті мол сұңғыла деген өсімдіктің жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. «Сұңғыла» деген бір дәрілік өсімдік бар екен. Қазір Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында осы өсімдікті жаппай іздестіріп, жинастырып, ары қарай Қытайға өткізу науқаны басталыпты. Мияға ауыз салғандай, енді бұл өсімдікті де құртатын болды. Бір әрекет жасау керек, соны айтайын деп едім» деді.Сұңғыланы қазақ «қасқыршөп» деген. Мұны қасқыр жейтін болған. Википедиядан қарасаңыз: The Plant List сайтының деректері бойынша әлемде жиырма жеті түрі бар екенін, бұрынғы КСРО аумағында жеті түрі кездесетіні көрсетілген. Ресейде, Орта Азия, Кавказ бойында, Қазақстанда сортаң жерлерде өседі. Қазақстанда сұңғыланың үш түрі бар. Жүзген тамыры арқылы қоректенетін сары түрі, сексеуіл тамыры арқылы өсетін жасылкөк түрі, анабазис, сораң, сорқаңбақ тамырлары арқылы өркен жаятын сортаң цистанхе» деп жазады басылым. «Айқынның» мақсаты - мемлекет тарапынан барлық емдік және дәрілік өсімдіктерді қорғауға алатын өкілетті бір құрылымның болуы. «Бұрын Моңғолияда да өскен екен сұңғыла. Қазір онда сұңғыланы лупамен іздесеңіз де таппайсыз. Себебі, ол жақта да Қытайға жөнелту арқылы оның көзін құртқан. Сәуір-мамыр айында ғана көрінетін, оншақты күннен кейін тамырына дейін еріп кететін сұңғыланы Құдайдың кереметі демей көріңіз! Сексеуіл шірігінен нәр алып, қалың құмның арасында өсетін сұңғыланы іздеп табу да оңай емес екен. Қасиетіне қарай Құдайдың өзі оны жасырып қойғандай! Азкүндік арзан пайда үшін осындай өсімдіктерімізден айырылып қалмасақ нетті?!» деп жазады басылым. Сұңғыланың емдік қасиеті туралы толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Өз өсімдіктерімізді өгейсітпейік» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Экспресс-К» газетінің хабарлауынша, Алматының зообағы енді өзгенің қолына тапсырылады. Енді хайуанаттар бағын қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасы басқаратын болды. «Алматы қаласының зообағында жолбарыстың өлімінен кейін, дау шықты. Енді қалалық хайуанаттар бағын мәдениет саласындағы шенеуніктер емес, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басқарады Соңғы он жылда хайуанаттар бағында 1300-ден аса жан жануар өлген. Оның жүз он екісі - сирек кездесетін аң-құс еді»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санындағы «В тюрьме для животных позолотят решетки» атты мақаладан оқи аласыздар.