«Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық бар» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 шілде, бейсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Жердің дауы қай кезде де оңай шешіле салатын түйін болмаған. Ал қазір дәл осы мәселе Қызылорда облысында тіпті ушығып тұрған көрінеді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Жер дауы жер тарпып» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Мәселен, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, жер телімдерінің егжей-тегжейлі жоспарында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін деректер де тыйылмауда. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша «Урбастиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 36 863 100 теңгеге жалпы аумағы 500 га. болатын «Астана» шағынауданының жоспарлау жобасын орындаған. Оны облыстық әкімдік 2010 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен бекіткен. Бірақ, соған қарамастан, 2011 жылдан бері бұл аумақтағы жоспарлау жобасында көзделген мақсаттарға қайшы келетін жер телімдерін табыстау жұмыстары әлі жалғасып келеді. Айталық, «СМПК-70» тұрғын үй ауданында мұндай 37 дерек орын алса, «Ипподром» маңында 27 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, бірінші кезекте құрылыс салу жоспарланған жер учаскелерінде, соның ішінде көпқабатты тұрғын үй орналасатын аудандарда 2 жер телімі табысталып кеткен. «Тексеру қорытындысы үстіміздегі жылдың мамыр айында аймақ басшысының қатысуымен облыстық прокуратураның көшпелі алқа мәжілісінде қаралып, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған нақты тапсырмалар белгіленді. Нәтижесінде, 16 наразылық, 52 заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді. Ал олардың қаралу қорытындысымен 417 актінің күші жойылып, 1326 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. Осының барысында 31 адамның тәртіптік, оның ішінде 5-уі сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс қаралды. Жалпы, 46 әкімшілік іс бойынша 19 млн. теңге көлемінде айыппұлдар салынып, 95 млн.-ға жуық қаржы мемлекеттік бюджетке өндірілді», деп жазады басылым.

Бүкіл мұсылмандар үшін аса қасиетті Рамазан айында Қазақ елінің атын әлемге алматылық Алханбай Сатыбалды жаңа бір қырынан паш етті. Ол намаз оқуға ниет етіп жүрген жандар үшін «электрондық жайнамаз шығарып, жұрттың алғысына бөленгені есте. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті өзінің бүгінгі санында жаңалық авторымен арадағы сұхбатты оқырман назарына ұсынды. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген А.Сатыбалды: «Әдеттегі жайнамаздан электронды жайнамаздың 3 түрлі басты ерекшелігін атап өтуге болады. Біріншісі - электроника. Технологияның бұл жетістігі намазды толық үйренгенше құлаққапты (наушник) тағып алып, сондағы жазбаға ілесіп отырып және бос уақытта қайталап тыңдау арқылы тез жаттап алуға мүмкіндік береді. Екіншісі - қазақтың ұлттық ою-өрнектері. Өзіңіз білесіз бұған дейін қазақы ою-өрнектегі жайнамаз болмаған еді. Үшіншісі - жайнамаздың дүниежүзілік стандарты 110 см. болатын. Ол дұрыс емес екенін дәлелдеп, оның ұзындығын 140 см. етіп жасап шықтым», дейді. Сұхбат «Электронды жайнамаз - екі жылғы ізденіс жемісі» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталымен арадағы сұхбат « Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық бар» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалынша тұщымды жауап берген қоғам қайраткері: «Ұлт мәселесі жоқ дейтіндер де тіл, ұлт мәселесін көтеретіндерді арзан ұпай жинағысы келеді деп айыптайтындардан шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 574 мың адамға өскен, ол - барлық оқушылардың 64,5%-ы. Жылына 25 мыңнан астам қазақ мектептерінің оқушылары өсіп отыр. Сонымен бірге, 242 472 қазақ баласы орыс мектебінде оқиды. Ол 30%-дан астам. Шым-шымдап, аз-аздап болса да, ұлттық сана өсіп, қазақ ұлттық мектепте балаларын оқытуда. Ұлттық сананы оятып, елді тәрбиелеуде ұлттық патриоттық күштердің ықпалы зор. Ұлт мәселесінің екі қыры бар. Біріншісі - ұлтаралық қатынастар, ол әрдайым күрделі, бірақ көңіл күй сыртқа шыға бермейді, іштен тынып жүреді, сәті келген тұста ормандағы өрттей өрши кетеді. Оны бүгін Украинадағы жағдай көрсетіп отыр. Екінші қыры - ұлтішілік, қазақтың ұлттық тілі, бітімі, салт-дәстүрі тағы басқа мәселелер төңірегінде қазақ арасындағы жіктер, топтар, пікірлер», дейді.

«Қазақстан экспорт-импорт айналымында толығымен одақтық заңға бағынатын елге айналды. Мұның біз үшін артықшылығы да, қиыншылығы да бар екені даусыз. Артықшылығын көрдік және көре береміз. Қиыншылығын да көріп жатырмыз. Алда көретін қиыншылықтарымыз да болары даусыз. Біз үшін осы қиыншылықтар саны мен салмағын жеңілдету бүгінгі таңдағы бас қатыратын басты жұмыс. Біз оның салық саясатына қатысты жолын ғана мақаламызға арқау еттік. Өйткені, ішкі салық саясаты - экономиканы реттеудің ең басты тетігі. Бұл - ғылыми негізде дәлелденген ақиқат», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Одақтағы салық саясатының салмағы» деген тақырыптағы мақасында. Басылымның жазуынша, қалай болғанда да отандық өндірісшілерге салынатын салық мөлшері оларды тұқыртатын емес, қолдайтын деңгейде болса, бұл ел дамуына қозғаушы күштей әсер етеді. «Тек ескеретін тұс - одақ ішіндегі мемлекеттердің барлығындағыдан да біздің салық мөлшері шамамен 7-9 пайыз көлемінде жеңілдеу болуын қамтамасыз ету. Бұлай болмаған жағдайда өз аяғымызға тұсауды өзіміз салған болып шығамыз. Ондайдың бетін аулақ қылсын», дейді мақала авторы.

***

«Астанада тылсым сырға толы техникалық қызмет көрсету орталығы пайда болды. Оның қызметкерлері жанармайды көп «жейтін» көлікті ерекше үнемшіл етіп шығарады», деп жазады «Экспресс К» газеті «Мерин» на диете» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, бұл қызмет түріне сұраныс өте көп. Бір қызығы клиенттер аталған орталықта «темір тұлпарының» қандай өзгеріске ұшырағандығын білмейді. «Клиенттер екі апта бұрын жазылады. Жұмыс құны 25 мың теңге. Көлікке не жасайтындығымыз коммерциялық құпия, оны білуге тырысудың еш қажеті жоқ. Егер клиент аңдуға көшсе, біз көлік пен ақшаны иесіне қайтарып береміз. Біз көліктің автоөндірушілер қарастырған көлемнен аз жанармай тұтынатындығына кепілдік береміз», дейді орталық механигі Олег Лукович.

***

Павлодарлық оқушылар жазғы демалыстарында археологиялық қазба жұмыстарына атсалысуда. Бұл жайында «Литер» газетіндегі «Докопаться до истории» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуына қарағанда, оқушылар үшін мұндай бірегей қызметті №16 мектеп лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Әлкебаев ұйымдастырған көрінеді. Ол бірнеше жыл қатарынан оқушыларын археологиялық қазба жұмыстарына тартып келеді. Ал оқушылар тапқан барлық тарихи жәдігерлер мектептің «Мұрагер» археологиялық орталығына қойылады.