***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті сессиясына қатысты. Аталмыш жиыннан соң журналистерге арнап сұхбат берген Президент кеңес отырысында қабылданған құжаттардың ең маңыздыларының қатарында Еркін сауда аймағы туралы келісім-шарт пен 2011 жылдың азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жылы болып жарияланғанын атап өтті. «Достастық елдері дағдарыстан кейінгі жаңа ахуалға икемделу мен еңбек өнімділігін арттырудағы біздің елдеріміз экономикасының әлі қолданылмаған әлеуетін арттыруға қызмет ететін еркін сауда аймағына зәру еді. Соңғы уақыттарда рыноктың тұрақсыздығы қайтадан бой көтеріп, кейбір тауарлардың аяқ астынан қат болып қалатынын көріп жүрміз. Ұлттық деңгейде шара қолданғанымызбен, ол көршілерімізбен бірлесіп, сәйкестенбегендіктен тиімсіз болып отырды. Енді еркін сауда аймағын құрғаннан кейін мұндай келеңсіздіктер бола қоймас деген үміттемін», деді Мемлекет басшысы. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық арта береді» атты мақаладан білуге болады.
Аталмыш басылымға сұхбат берген Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың айтуынша, өңірдегі жергілікті билік басындағы азаматтардың Елбасы тапсырған міндеттерді орындауда ерекше жауапкершілік танытып отырғанының арқасында облыстың бюджеті өткен мерзімде шығысы192 миллиард теңгеге жеткен. Ал жергілікті бюджет кірісі 49 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ басылым тілшісімен тек облыста орын алға мәселелер тұрғысында ғана емес, жалпы адамгершілік мәселелері жөнінде де сөз қозғаған облыс басшысы «Өркениет жақсы, игілігін де көре бастадық. жаһанданудан да шет қала алмайтынымыз, екі жердегі екі төрт дегендей шындыққа айналып барады. Бүгінгі қоғам біз ойлағаннан мүлдем күрделі. Ұлт болып ұйысып, тіліміз бен ділімізді, салт-дәстүр, қазақтық келбетімізді, қабілет-қарымымызды сақтап қаламыз десек, қазірден бастап қапы қалмайтын жолдарды іздестіргеніміз лазым», деген ойымен бөліседі. Мақала «Көсегеміз бес асыл іске көнгенде ғана көгереді» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында Ислам конференциясы ұйымы Бас хатшысының орынбасары Абдуль Моиз Бохаримен болған сұхбат жарияланыпты. Онда халықаралық ұйым басшысының орынбасары «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде ИКҰ-ға Ислам әлемі мен Батыс елдері арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік туғызып отыр. Ұйымның мақсаты оның жұмысын заман тынысына үйлестіріп отыруды көздейді. Сондықтан сіздердің елдеріңіздің ғаламдық деңгейдегі ұсыныстары, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасындағы, ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы тәжірибесі ИКҰ-ның құрылымына тың серпілістер алып келетініне сенемін. Себебі бүгінгі өтіп жатқан халықаралық форум - сіздердің қолға алған жұмыстарыңызға зор жауапкершілікпен қарайтындарыңыздың айғағы. Қазақстанның ИКҰ-дағы төрағалығының нәтижесі жер бетіндегі барлық мұсылмандардың игілігіне жұмыс істейді деп сенемін», деген ойын білдіріпті. Сұхбат «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы тәжірибесі Ислам Конференциясы ұйымының құрылымына тың серпіліс әкеледі», деген тақырыппен жарияланған.
Ал танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың пікірінше, Қазақстан тарихы қайта жазылуы керек. «Түркі тайпаларының ішіндегі қазақтар - эпикалық халық. Ал эпикалық халық заманақыр болмай, еш уақытта өлмейді, жоғалмайды. Неге эпикалық? Сақ дәуірін біз екіге бөлдік. Ойқұрт, башқұрт деп. Бүгінгі тілмен айтқанда авангард, ариергард. Ойдағы құрт, бастағы құрт деген сөз. Құрт деген түркі сөзімен айтқанда, қасқыр дегенді білдіреді. Сол ойқұрттың бүкіл тарихын өздеріне көшіріп алған жұрт та бар. Отыкенде түркілер 61 жылдан бастап, 551 жылға дейін өмір сүрді. Тұран империясын жариялап барып жылжыды. Содан бері түркі тарихын, мәдениетін, ауыз әдебиетін, тағысын тағыларын қазақ сақтап келе жатыр. Өзбек дейміз, олар бізден он бесінші ғасырда ғана бөлінген жұрт. Түбі бір халықпыз. Кейіннен бұларға жебірейлер, парсылар қосылып, кангломират болып кетті. Қарап отырсаң, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосын айттық қой, мың бес жүз жыл болды деп. Бұл цифрды қайдан алып отырмыз? Тұран империясын жариялаудан алып отырмыз. Ағылшынның Джеймс Червар деген ғалымы болған. Теңіз офицері. Өмір бойы Үндістанда қызмет атқарған. Сол түркілерді 60 жыл бойы зерттеген. Себеп, Тынық Мұхитының бір жағалауы опырылып, судың астына түсіп кеткен, су астында қалған заттарды көтерген кезде, 220-дан астам қазақтардың қазіргі рулары мен тайпаларының таңбасы шыққан. Сонда әлгі ғалым айтады, дүние жүзілік цивилизация түркілерден тараған деп. Демек, жұрт өркениет түркілерден басталған деп жатқан кезде, біздің тарихымыз қайдан бастау алатынын сезінген артық емес», дейді жазушы. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Шыңғыс хан - түркі халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші Ұлы Қаған» атты сұхбатта егжей-тегжейлі айтылған.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, қазақта тойдың көптігі сонша, тіпті кейде қазақ осы «барын тойға шашу үшін» өмір сүре ме деп те қаласың. Әрине, адам өміріндегі әртүрлі қуанышты ағайын болып атап өткенге не жетсін, дегенмен... құр мақтан мен даңғойлықтың, қыр көрсетудің, өзіңде жоқ болса да, тыраштанып, қарыз бен несие алып, той жасаудың не қажеті бар? Мәселен, көршілес Тәжікстан елі тойға 150 адамнан артық қонақ шақырмайтындай заң қабылдап, тойынғандыққа тойтарыс берді. Бәлкім етек-жеңді жиятын кез бізге де келген шығар? Және бір қынжылтатыны, кейінгі кезбе кейбір экстремистік пиғылдағы діндәрсымақтар той үстінде уағыз жүргізіп, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрге күйе жағып, елдің мазасын кетіретін оқиғалар жиілеп кетті. Жалпы, қазақ тойын бір ретке келтіру мүмкін бе?,- деген сауал жолдай отырып, оған қатысты жазушы мен саясаттанушының пікірлерін беріпті. Бұл туралы білгіңіз келсе «Қазақтың той өткізу дәстүріне реформа жасау мүмкін бе?» деген тақырыппен жарияланған мақалаға көз салыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, «Каратэден төрт құбыламыз түгел». Осындай атпен жарияланған мақала авторының айтуынша, жақында ғана Гуанчжоуда аяқталған XVI жазғы Азия ойындарынан Қазақстанның каратэшілері екі алтын, бір қола медальмен оралды. Бір қараған адамға Азиададан екі алтын, бір қола алу ештеңе емес секілді. Өйткені боксшыларымыз екі алтын, екі күміс, екі қола, ауыр атлеттерміз тіпті төрт алтын, төрт күміс, үш қоламен оралды емес пе? Бірақ дәл бұл жағдайда каратэшілеріміздің жетістіктерін жоғарыда аталған спорт түрлерімен салыстыруға болмайды. Каратэшілеріміз осы спорт түрі қарыштап дамыған елде өнер көрсетті. Оның үстіне бір-ақ алтын аламыз деп, екі алтын, бір қоламен оралды. Спортты жетік түсінетіндер каратэшілеріміздің Азиададағы көрсеткіштерін өте жоғары бағалады. Бірақ, өкінішке орай БАҚ өкілдерінің назары әдеттегідей спорттың басқа түрлеріне ауып, каратэні ұмыт қалдырдық.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитетінің жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімділігін бақылау мен мониторинг жөніндегі қоғамдық кеңесінің мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде жазыпты. Басылым тілшілерінің мәліметтерінше, отырыста күн тәртібіне қойылған «Электронды үкімет» мәселелері жөнінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндаған. Министрдің айтуынша, бүгінде «Электронды үкімет» порталында мыңнан астам қызметтер жүзеге асырылып үлгерген және осы қызмет түріне деген сұраныс артып келеді. Жыл басынан бері электронды қызметті 18 мың адам пайдаланса, жыл соңында бұл көрсеткіш 1 миллион 300 мыңды құраған. Порталды күніне 2,5 мың адам пайдаланады. Бұл цифрдің тіпті 6 мыңға дейін жеткен кездері болған. Сондай-ақ электронды қызмет арқылы мемлекеттік органдар осы уақытқа дейін 600 рұқсат қағазын берген. Бұл мәселе жөнінде «Электронная услуга как товар» атты мақаладан білуге болады.