Қазақтың ұлттық ойыны - хан дойбысы қашан ескеріледі?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ұлттық спорты десе есімізге бірден «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Аламан бәйге», «Көкпар», «Алтыбақан», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Теңге ілу», т. б. ұлттық бояуы қанық спорт түрлері түседі.

Ұлттық спортымыздың қай түрі болсын жас ұрпақты төзімділік пен шеберлікке, ұлтжандылыққа баулумен қатар, ерік жігерін шыңдауға қосар үлесі көп екенін аңғару қиын емес. Алайда, бүгінгі таңда осындай құнды - ұлттық ойындарымыздың орнын батыстың технологиялық атыс-шабыс мультфильмдері мен ойындары басып бара жатқаны жанымызға батады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай көптеген құндылықтарымызды жаңарттық. Жаңғырттық. Деседе, қолға алынбай жатқан әлі талай ұлттық ойындарымыздың бар екені анық.

Бүгінде еліміздің әр түкпірінде екі күннің бірінде әр түрлі спорт сайыстары өтіп жатады. Сол спорт түрлерінің бірі қазақ топырағына ертеден таныс болса, кейбіреулері кейіннен келген, тіпті, бұрын не екенін білмейтін спорт түрлері. Мысалы, «каратэ» сияқты спорт түрлері елімізге тәуелсіздік алғаннан кейін келді. Міне, осындай спорт ойындарының елімізде кең етек алуына ерінбей еңбек етіп, терін төгіп жүрген қазақ азаматтарының да қатары жыл сайын артып келе жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Әрине, әлемдегі әр спорт түрін меңгергеніміз өзімізге жақсы. Бірақ, өз ұлтымыздың ұлттық ойынын естен шығару елдігімізге сын екенін де ұмытпауымыз керек.

Осы орайда, екі мысал келтіре кетейік, аз ғана жылдар ішінде корей халқы қажырлы еңбегінің арқасында өздерінің «таэквондосын», жапондықтар «дзюдо» күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізіп үлгерді. Ал, біздің бірде-бір ұлттық ойынымыз Олимпиада ойындары түгілі Азиада ойындарының бағдарламасына енбей келеді.

Соңғы жылдары төл күресіміз - қазақ күресін кең көлемде дамытуға күш салып жатырмыз. Бұған да шүкір дейміз. Дегенмен кейбір ұлттық спорт ойындары ескерілмей, ұмытылып бара жатқаны жанымызға батады. Соның бірі көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны - хан дойбысы.

Қазақтың хан дойбысы - ұлттық спорт түрінің бірі болып табылады. Осыдан бірнеше жылдар бұрын аталмыш ойын түрін елмізде дамытуға Әнуар Қабдолдаұлы мен Қайрат Жақияұлы есімді азаматтар ұйым құрып, ойынға арнайы патент алған болатын. Осындай ұлт өнеріне жанашыр адамдардың еселі еңбегінің арқасында Хан дойбысы қазақ елімен қайта қауышқан еді.

Алайда, бұл игі бастама соңғы жылдары жалғасын таппай қалды. Тіпті, ел ішінде жарыстар да ұйымдастырылып жатқан жоқ.

Бұл ойынның тарихы тым тереңде жатыр. Айталық, зерттеушілер Алматы облысы Есік қаласы маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбысының ойын тастарын да қоса тапқан болатын. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалынған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін үйсін мемлекетінің заманымен сайкестендіріп отыр.

Хан дойбысы ойынының ерекшелігі - мұнда қазақ хандығының, демократиялық билік жүйесі ойын түрінде көрсетілген. Жалпы дойбы ойыны - адамзат ақыл ойының жемісі.

Бұл ойынның негізгі атауы «Қазақтың дана би дойбысы» екен. Бірақ, кейіннен халыққа түсінікті болуы үшін арнайы «хан дойбысы» деген атау берілген. Оның да өзіндік мәні бар. Бұл спорт түрiн насихаттаушылардың сөзiне сүйенер болсақ, «хан дойбысы» сонау ертеректе мемлекет тiзгiнiн ұстаған хандардың, билердiң арасында кең таралған ойын түрi. Кезiнде хан, би секiлдi тұтас мемлекет тiзгiнiн қолына ұстаған бабаларымыз қазақтың «дана би» дойбысын тек ойын тұрғысынан емес, ел басқарудағы саяси құрал ретiнде де пайдаланған екен. Сол себепті де қарапайым халық арасында ашық жарияланбаған, кейіннен хандық дәуір аяқталған соң қарапайым халықтан алшақтап қалса керек.

Жақында аталмыш спорт түрі туралы мынадай жазбаны оқып қалдым: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп халық арасында көп айтылып жүрген мақалды, «Төртеуіміз көпке түсінікті, яғни, төрт құбыламыздың тең болып, тура жолдан ауытқымай жүруiмiз. Ал, алтау дегенiмiз кiм? Алтау ол - «хан дойбысы» ойынының кейiпкерлерi. Таратып айтар болсақ: Хан, Би, Бек, Алаш, Тентек, Қараша. Ендi, жоғарыда айтып өткен мақалды талдап айтып берер болсақ, әлгi ханның айналасындағылардың барлығы қашанда басшысына құлақ асып, қилы қыстау заманда бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы тиiс. Қысқасы, алтау ала болмауға тиiс. Бұл ойынға қатысушы екi адам ханның рөлiн атқарады. Ал, хан болғаннан соң, қол астыңда бiршама халық болады. Сондай-ақ жауларың да болатыны сөзсiз», - деп жазылған екен. Міне, осыдан-ақ бұл ұлттық ойынымыздың қаншалық маңыздылығын, ары жағында үлкен философиялық мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес.

Бұл ойында қатысушы екі адам ханның рөлін атқарады. Ал, хан болған соң, қол астында біршама халық болады, сондай-ақ жаулары да болатыны сөзсіз. Алдыңыздағы төрткөз тортақтаны ертедегі соғыс алаңы ретінде қарайсыз. Кімнің саяси ақылы басым болса, сол адам жеңіске жететіндігі белгілі.

Хан дойбысы - білген адамға сыры мен қыры терең, құны өлшеусіз, философиялық мәні зор, болашағы баянды, ата-бабаларымыздан қалған таптырмас мол мұраның бірі болып саналады. Дойбының ең ғажайыбы - оның кестесі. Кесте ою-өрнектермен нақышталған.

Ал, тақтадағы ортақ фигура - қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнектері, шаңырағының түсі, олардың дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, би мен батырын анықтауға көмектеседі. Хан кестесі жеті қазына мен жеті ырыстан құралады. Ондағы төрт қанатты ою хан тағының белгісі, «қарашасыз хан болмайды, құйрықсыз құс болмайды» дегендей, ханның екі серігі болады. Оң жағында серкесі, сол жағында қыран бүркіті.

Қорыта келгенде еліміздің асыл мұрасы болып сақталған хан дойбысы ата-бабамыздан қалған аманат, аманатқа қиянат - күнә. Демек, хан дойбысын дамытып, ұлттық ойнымызды өркендетіп биікке жеткізу, әрі ертеңгі ұрпаққа ұластыру бірнеше азаматтың ісі емес. Қайта, барлық қазақтардың парызы болып саналады. Әрі ұлттық ойын түрінің салмағын арттырды. Олай болса, төл ойынымызды дамытуға бірге күш салайық, ағайын.

Күнсұлтан ОТАРБАЙ