***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Әлемдік үнқатысу алаңына айналған форум» деген тақырыппен мақала басты. Мақалаға кеше Астанада басталған IV Астана экономикалық форумында көтерілген мәселелер арқау болған. Аталмыш жиын барысында сөз алған Мемлекет басшысы: «2016 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемін 15 мың долларға жеткізе отырып, жоғары кіріс деңгейіндегі елдер тобына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Егер 1994 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 700 долларды құраса, үстіміздегі жылы 10 мың доллларға дейін жетіп, санаулы жылдардың ішінде ел экономикасы 13 есеге өсті.Бұл мақсатқа жетудің негізгі құралы елдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болып табылады. Ол біздің экономикамызды болашақ дағдарыстардан қауіпсіздендіруі тиіс», - деп атап көрсеткен.
«Ата жұртты аңсап жеткен». Газеттің бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен берілген мақалада елімізге сырттан көшіп келіп жатқан қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қалыптасқан мәселелер туралы баяндалған. Басылымының жазуынша, алыстан ата жұртым деп келген отандастар елге келгенде біршама қиындықтарды бастан өткереді. Айталық олардың бірі жұмысқа орналасу жағынан қиындыққа тап болса, ендігілері орыс тілін білмегендіктен шеттетіледі. Бұл өзекті мәселемен танысқыңыз келсе газеттің бүгінгі санны жіберіп алмаңыз.
«Дағдарыс кезінде Қытайдың бүкіл әлем кредиторына айналғанын көз алдымыздан өткіздік. Тек Қытайдың ғана қаржылық институттары 2008-2010 жылдардағы қаржылық дағдарыстан еш зардап шекпей керісінше, кредитор рөліне енді. Сондықтан дағдарысқа дейін Батыс банктері айналысқан шаруа - «арзан несиелер» беру ісімен бұл жолы Қытай айналысуда. Қазақстанның көршімізден еш «мемлекеттік кепілдіксіз» алған несиесінің құны 15 млрд АҚШ долларына жуық»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Осы қаржының қандай мақсаттарға және қалай жұмсалғандығын ««Қытайдан келген қаржы қайда жұмсалды» деген мақаладан біле аласыздар.
«Кен қалдықтары туралы заң қажет». «Айқын» басылымы бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала басты. Басылымның жазуынша, дүниежүзі шикізат түрлеріне зәру болғандықтан тауар биржаларындағы олардың бағасы қымбаттауын қояр емес. Ал біздің Қазақстан болса «Менделеев кестесіндегі барлық элемент орналасқан жер» деген атауға мәз болып, сол байлықтарымызды белшесінен басып жүргеніміз былай тұрсын, олардың көбісі экологияға зиянын тигізіп, жер бетіндегі тіршіліктің дұрыс өмір сүруіне кедергі келтіруде. Жан-жануарлар ауруға шалдыққан, өсімдік түрлері құрып барады. Эколог Мэлс Елеусізов бастаған азғантай жанашыр топтың дауысы ықпалды құлаққа жетпей жатқандай. Ал экология министрлігі болса басқасын мүлде ысырып тастап, аң-құстардың қызыл кітапқа енген түрлерін сақтауға да шамалары келмей тұр.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, бүгінгі таңда ғаламдық деңгейдегі өте өткір мәселенің бірі - азық-түлік қауіпсіздік жайы. Ғаламдық өркениет пен электроника, кибернетика, нанотехнология саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алғанымен, адамзат баласы азық-түлік мәселесін әлі де реттей алмай отыр деуге болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елордада өтіп жатқан IV Астана экономикалық форумда көтерілген мәселелер туралы газеттің бүгінгі санындағы «Әлемдік қауымдастық Қазақстанды Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі деп санайды» деген тақырыппен берілген мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, ҰҒА академигі Мәкен Тойшыбековтың «Қазақы мал тұқымы азып барады» атты проблемалық мақаласын басып отыр. Ғалымның айтуынша, бүгінде қазақтардың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға, асыл тұқымды мал басын алуға келгенде ауызды қу шөппен сүртіп отырмыз. «Бізде қазір тек еділбай қойының тұқымы ғана сақталып қалды. Қалған 21 түрлі қылшық жүнді тұқым құрып кетті. Ал енді «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ежелгі мал тұқымын көрсетіп қана мақтана алатындай дәрежеміз төмен, елдегі асыл тұқымды мал басы санаулы ғана болса, мал шаруашылығына қатысты осыдан кейін қандай саясатты айтуға болады?»,-дейді мақала авторы.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында Мемлекет басшысының Қарағанды облысына жасаған сапары жөнінде жазады. Басылымның хабарлауынша, Елбасы сапар барысында Қарағанды әскери гарнизонының әскери дайындығы мен инфрақұрылымымен танысып қайтқан. «Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Республиканың Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының ат басын бұруы қарағандылық әскерилер үшін үлкен оқиға болды. Себебі Мемлекет басшысымен тілдесіп, онымен түрлі мәселелер бойынша пікір алмасу жауынгердің рухын көтереді. Ең бстысы мұндай кездесулер Қазақстан басшысының әскер саласына ерекше көңіл бөлетіндігін көрсетеді», - жазады басылым. Президенттің әскери азаматтармен болған кездесуінде көтерілген мәселелер туралы «Сильные, мобильные, надежные» атты мақаладан білуге болады.