Қазақ танымында ат жарыстың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай құнан, жорға жарыс және т.б.
Елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО кубогы» сынға салынды.
Ат жарысы маусым айының басында Астана қаласының «Қазанат» ипподромында басталады. Шара ұйымдастырушылары - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Жарыс бағдарламасы бірнеше шаралардан тұрады. Атап айтатын болсақ, аламан бәйге - 25 шақырым, топ бәйге - 15 шақырым, жорға аттар жарысы - 7 шақырым, құнан бәйге - 7 шақырым, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы өтеді.
Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасы Елсияр Баймұхамедұлының айтуынша, ұшқыр аттар жарысы екі ұзақтыққа жарысу бойынша өтеді. Олар 2400 және 1800 метр. Ал сыйақы қоры - 63млн 600 мың теңгені құрады. Ұлттық жарыс түрлерінің сыйақы мөлшері - 36 млн теңге. Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін бөлініп беріледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау жарыс аяқталған соң жүргізілді.
25 шақырымдық аламан бәйгеге, 15 шақырымдық топ бәйгеге, 7 шақырымдық құнан бәйгеге, 7 шақырымдық жорға жарысқа әр облыстан биылғы жылғы іріктеу бәйгелерінде жүлдегер болған таңдаулы сәйгүліктер ғана қатысқан екен. Жалпы биыл барлығы 130-дан астам жүйріктер ат жарысына тіркеліпті.
Жарысқа шабандоздар еліміздің барлық өңірлерінен келді. Атап айтсақ, республикамыздың 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысты. Сондай-ақ, жарысқа көрші мемлекеттерден, нақтырақ айтсақ, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден де қатысушылар келген.
Қазақ халқы қашаннан ұлттық спорт түрлеріне бай халық. Қазақша күрес, көкпар, қыз қуу, бәйге, аударыспақ тағы басқа спорт түрлері бағзы заманнан бері халқымызбен бірге жасап келеді. Күні бүгін де олар мән-мазмұнын жойған жоқ. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінің дамуына 1978-1979 жылдардағы бірінші спартакиядаға дайындық кезеңі үлкен серпіліс тудырды. Бүгінгі күні ұлттық спорт түрлері қазақстандықтар арасында, оның ішінде, әсіресе жастардың арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ескі дәстүрлер әсіресе Алматы облысында жаңғыртылып жатыр. Облыста қазіргі таңда 1384 дене шынықтыру коллективтерінде ұлттық спортпен айналысушылар саны 46566 адамды құрайды. Оның ішінде ұлттық ат спорты түрлерімен 12582 адам шұғылданады.
Айта кетейік, "ЭКСПО" халықаралық көрме аясында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыстар өткізіледі.