«ҚазАтомӨнеркәсіп» 2014 жылы фотоэлектрлі пластин шығаратын зауытты іске қосады

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Өскеменде «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС фотоэлектрлі пластин шығаратын зауыт 2014 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Бұл туралы «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Өндірістiк жобаның құрылысы 2012 жылдың наурыз айында басталған болатын. Бүгiн онда технологиялық құрал-жабдықтар орнатылуда және iске қосу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Зауыттың жобалық қуаты - кем дегенде 60 МВт. Зауыт ҚазPV жобасы аясында салынуда, ол бойынша Қазақстанда фотоэлектрлі модульдердің ықпалдасқан өндірісін құру көзделуде. Жобаға «ҚазАтомӨнеркәсіптің» еншілес кәсіпорындары «МК «KazSilicon» ЖШС, «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС және «Astana Solar» ЖШС қатысуда.