«ҚазАвтоЖол» компанияның жаңа Басқарма төрағасы тағайындалды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен Берік Қамалиев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.

Берік Қамалиев 1960 жылы 13 қарашада Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын менеджер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек қызметін әскери бөлімнің құрылыс-монтаждық учаскенің прорабы болып бастаған, 1990 жылдары жеке бизнесте, бірқатар компанияларды басқарған. «Қазагропромтехника» облыстық бірлестігі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған, 2001-2004 жылдар аралығында Қарағанды автомобиль жолдары облыстық басқармасының бастығы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік инфрақұрылымды дамыту комитеті басшысының лауазымдарын атқарған.

2006 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, одан кейін Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. 2009 жылдың басынан бастап «Сары Арқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы қызметінде болды. 2010 жылғы сәуірде ҚР Индустрия және жаңатехнологиялар вице-министрі, 2011 жылдың сәуірінен бастап ҚР Көлік және коммуникация министрі болып қызмет етсе, 2012 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі болып тағайындалған.

Экономика ғылымдары кандидаты ғылыми дәрежесіне ие. Бірқатар ғылыми басылымдардың авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған. Еске сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқармасының бұрынғы төрағасы басқа жұмысқа тағайындалуына орай лауазымынан босатылған болатын.

Соңғы жаңалықтар