«ҚазАзот» ЖШС директоры Кеңес Орақовтың айтуынша, оқиға мамандардың техникалық талаптарды өрескел бұзуы салдарынан болған.
17 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында болған апатты қала тұрғындары да анық көрді. Ауаға таралған химиялық заттар сары түсті бұлт тәрізденіп біраз уақыт тұрды.
Жиында бір айдың ішінде болған 2 апаттың себеп-салдары сөз болды және зауытты жабу мәселесі қозғалды. Зауыт басшылығының мәлімдеуінше, іргетасы 1967 жылы қаланған зауытқа сонан бері бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, құрал жабдықтар мен қондырғылардың 89 пайызы тозған.
«Аймақ үшін маңызы зор өндіріс орны болғанымен біз тұрғындар өміріне қауіп төнуден сақтануымыз керек. Не сіздер мұндай апаттың болмайтынына кепілдік бересіздер , не зауыт Заңға сәйкес жабылуы тиіс», - деді облыс басшысы Б. Мұхамеджанов.
Зауыт басшысы Кеңес Орақовтың айтуынша, 15 шілдеден бастап зауытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынады. Оған 52,5 млн АҚШ доллары қарастырылып отыр.
Жиын соңында облыс әкімінің тапсырмасымен барлық мамандар зауытқа барып, болған жағдаймен, зауыттың қазіргі тыныс тіршілігімен танысты. «ҚазАзот» ЖШС ендігі жерде 1 ай көлемінде жұмыс істеп, сонан соң 3 айға күрделі жөндеуге жабылмақ.