«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Павлодардағы «Эльбрус» этномәдени бірлестігінің төрайымы Мәриям Байрамуковамен арадағы сұхбат «Қазақ халқына алғысымыз шексіз!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Ұлтымыздың тілін, дәстүрін қайта оралту үшін ашылған «Жаңғырту мектебінде» балқар тілін үйрету бөлімшесі құрылды. Онда қазір 30-дан астам бала білім алуда. «Эльбрус» орталығы өз ұлтының мәдениетін, тілін, дәстүрі мен салтын ғана емес, қазақ тілін де үйретуде. Елбасы - Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа әрдайым алғыс айтып отырамыз. Ол кісіге ұзақ ғұмыр берсін. Өркениетті әлемде «ұлттық бірлік» ұғымы - ортақ мемлекетті бірлесіп жасау, толеранттылық, азаматтық және өз еліңнің мемлекеттік тілін білу қағидаттарымен өлшенеді. Олай болса, біз бұл мақсатқа қол жеткіздік деп ойлаймын», - дейді.
***
«Алаш айнасы» газтінің жұма күнгі санында жарық көрген Қанат Бірлікұлының «Қажылыққа бірнеше мәрте бару парыз ба, әлде...» атты мақаласы қоғамға ой салады. Кейбіреу мақтан үшін, кейбіреу қыдырып, ел көру үшін, кейбіреу сауап үшін қажылыққа барады. 35 рет қажылыққа барған отандастарымыз да бар екен. Сондай азаматтар туған-туыстарына, ауылдас ағайындарына қол ұшын созып, жетім-жесір, кем-кетіктерге садақа жасаса, нұр үстіне нұр болмай ма?
Осы басылымның тұрақты «Ой-көкпар» айдарында «Шетелде діни білім алуға шектеу қою керек пе?» деген сауалды ортаға тасталған. Шетте білім алатын тәлімгерлердің жат ағымдар жетегіне еріп кететіндігі бүгінгі алаш азаматтарын да алаңдатып отыр. Саясаттанушы Расул Жұмалы «тыйым салу керек» десе, дінтанушы Досай Кенжетай мұндай шектеуге қарсы.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына этномәдени бірлестіктер өкілдерінен Құрбан айт мерекесімен құттықтаған хаттар келіп түсті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәселен, Қостанай облыстық украиндар қауымының басқарма төрағасы А.Тарасенко Президентті мерекемен құттықтай отырып, Қазақстан халқына табыстар мен өсіп-өркендеу тілейді. «Облыстағы жалпы білім беретін мекемелерде этносаралық қатынастар тарихы бойынша бағдарлама енгізілді. Этномәдени бірлестіктердің өкілдерін облыстағы ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы мен машина жасау салаларындағы индустриалды-инновациялық бағдарламаға қосу жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орындалуда» деп жазады ол.