Қазір шағын және орташа кәсіпорындарды дамытуға баса көңіл бөлу қажет - Н.Назарбаев

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазір шағын және орташа кәсіпорындарды дамытуға баса көңіл бөлу қажет, деп атап өтті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО-да өндірістік нысандарды аралау барысында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Химфарм» АҚ кәсіпорнында болған кезінде әңгіме фармацевтік нарықты дамыту перспективалары жөнінде болды. Ол мұнда цехтарды аралап, ұжыммен кездесті. Біздерге дәрі-дәрмектер жеткізгісі келетін Түркияның, Үндістанның және Иранның компанияларымен бәсекелестік күресінде қарсы тұра алу үшін нені қолға алу қажеттігі айтылды. «Бұрын бұл фабриканың өз дәрілік шөптер плантациясы болатын. Қазір жоқ. Органикалық шикізатқа қайта оралу қажет. Мен сіздерге қарасора жөнінде бекер айтып тұрған жоқпын. Бұл зауыт елімізде тұтынылатын өнімдердің 50 пайызға жуығын өндіреді. Бізде импорт көбірек, 1 млрд. долларға жуық. Көлемді ұлғайтып, экспортты ашыңдар», деп ұсыныс жасады Нұрсұлтан Назарбаев «Химфарм» АҚ басшылығына.

Зауыт 200-ден астам түрлі дәрілік препараттар мен спирттік ертінділер шығаратынын атап өткен жөн. Өндірістік қуаты 1,2 млрд. таблетка, капсулалар, түйіршектелген өнімдер, 300 млн ампула, 40 млн құты антибиотиктер және 26 млн. шырындар. Жылына өнім құны 16,5 млрд. теңгеден асады. Сөз арасында айта кетейік, халықты кепілді дәрі-дәрмекпен қолдау ауқымында қолданылатын препараттардың үштен бірі «Химфарм» компаниясынан сатып алынады. Ел Президенті саннан гөрі сапаға көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. «Ең бастысы, сапасы нашар болмасын. Біз адамдарды емдейміз ғой. Кейде біздің препараттар пайда бермейді деп жатады. Одан кейін батыстық препараттарды қабылдап, адамға жақсы бола бастайды», деді Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын басшылығына қарата. Зауыттың бас директоры Иже Урбанец шымкенттік дәрілердің сапасы жақсы екендігін айтып ақталуға тырысты. Бір ғана «мукалтин» дәрісінің өзіне ештеңе тең келмейді, деді ол.

«Azala Textile» мата кешенінде болған кезінде Мемлекет басшысы қазір шағын және орташа кәсіпорындарға баса көңіл бөлу қажеттігін айтты. Мемлекет те осыған мүдделі. «Бұл орташа кәсіпорын. Олар көп болуы тиіс. Ірі кәсіпорындар адамдарды қысқартып, жұмысшыларды азайтуға тырысады. Бұл қазіргі әлемдік тәжірибе, біз де солай жүретін боламыз. Ал осындай шағын және орта кәсіпорындар адамдарға көптеген жұмыс орындарын береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев

Зауыттың қуаты 2824 тонна жіп, 13 млн. қума метр мата, 2 млн. төсек-орын жинақтары және 7 млн. түкті бұйымдар. Өңірде өндірістерді шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін мақта алқаптары егісі көлемі ұлғайтылуда. Өткен жылдың қорытындысымен ОҚО аумағында 99 мың гектарға мақта егілді, биылғы жылы 110,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы құны 27,8 млрд. теңгенің 10 жобасы жұмыс істеуде. Оларда 2,2 мың жергілікті маман еңбекке орналастырылған.