Қазіргі кезеңде көзсіз ерліктен гөрі ақылды өрлік керек сияқты - Кәкен Қамзин

АСТАНА.ҚазАқпарат - Көргенді көргендей етіп емес, өсіріңкіреп, өзгертіңкіреп, мақтаныңқырап, дабыралап баяндау әдебиеттің көркемдік шынайылығының бағасын өсіре ме? Уақыттан асқан қатал сыншы жоқ екенін ескерсек, бұл ұғымның құны қазір қандай дәрежеде... Ерлік пен батырлықтың бүгіні мен ертеңінде айырмашылық болғанымен, мүддесі, мақсаты бір екені де айқын. Бірақ ол сол әдебиеттен өз орнын таба алды ма? Ерлік мәселесі қалай бейнеленіп, қалай жазылып жатыр? деген сауалдар төңірегінде пікірлескен едік.

Сайлаубай Жұбатыров:

Қазіргі біздің әдебиетіміздің ізденістерін көппен бірге, елмен қатар әлемдік өркениет және мәдениет талаптарымен бірге ұқсату, солай жүзеге асыру кезеңі деп айтуға болады. Бұл тұрғыдан шынында да, өткен ғасырлардың, өткен заманалардың батырлық, ерлік дәстүрлеріндей дүниелердің өмірге келмеуін заңдылық әрі обьективті құбылыс деп есептеймін. Сөйте тұра біздің кешегі жиырмасыншы ғасырдағы қазақ топырағынан шыққан Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінен» бастап, «Азапты Аненька» вагонындағы» ерліктің бәрі кәдімгідей сұмдық ерліктер ғой. «Қазақ солдаты», «Ақиқат пен аңыз, «Күткен күн» сияқты романдарымыз әрине сол батырлықты, ерлікті дәріптеген. Мұны әлемдік әдебиеттің әдібінде, соның методикасында, тәсілінде толымды, шоқтықты дүниелер деп атауға болады. Біз қазіргі заманның мүддесін іздеп отырамыз. Азаттығымыздың жылдарында, егемендігіміздің жаңа тарихында сол «Неге аз», деген сауалдардың қойылуы заңды. Қайталап айтатын болсам, әр кезең өзінің қоғамынан, жекелеген азаматтарынан ерлік, батырлық әрекеттерді күтеді, іздейді, тіпті, қажетсінеді. Міне, осыған сәйкес дүниелер неге аз? деген сұрақтың тууы өте заңды. Бұл қазіргі ХХІ ғасырдағы әдебиет деп айтқанмен, егемен еліміздің рухани қалыптасуына қарай әлемдік өлшемдермен, әлемдік стандарттармен, әлемдік көзқарастармен шектесе өсіп келе жатқан құбылыс қой. Одан бөле жарып, өзіндік бір бет әлпетімізді тауып жатсақ және кешегі дәстүрді бүгінгі жаңа үдерістерге бір өрім етіп өретін болсақ, онда керемет болар еді. Бірақ ондай жаңалықты ашу екінің біріне бұйыра бермейді. Ол ғылыми, рухани жаңалық түрінде біздің көзімізге көрінер еді. Өкінішке орай, оны жүзеге асыра қою қиын. Себебі, ондай дүниелердің жаңа формасын, жаңа болмысын табу сол формамен мазмұнды біріктіре отырып, жаңа кескінін табу оңайға соқпасы анық. Әрине табылар еді, егер көп ізденсе, бір жерден болмаса бір жерден жаңалықтар, жаңа құбылыстар, тенденциялар шығуы мүмкін ғой. Біз жалпы, автор ретінде әдеби үдерістің жаңа ағымына бет алғаннан кейін терең психологизм, характерлер қақтығысы, образдар сомдаудан батырлықтың тереңде әдіптелген, өрнектелген ісі мен жүйелерін беруге тырысамыз және соны оқырмандардың оқығанын қалаймыз. Өйткені, қазіргі заманның оқырманына ұсынылған дүниелер кешегі күннің өзінен гөрі әлдеқайда терең, адамның жан дүниесіне, рухани тереңдікке, психологизмге бағыт алған процессті құбылыс деуге болады. Бұл құбылыстың күрделілігі сондай, оны көзі қарақты оқырман ғана тауып оқиды. Негізі кітап оқудың өзі үлкен еңбек. Оқырман кітап оқуға деген талап-ниетті жоғалтпауы қажет. Күні-түні компьютерге телміріп, теледидардан үздіксіз беріліп жататын мағынасыз сериалдарды қызықтай бергеннен гөрі, рухани азық алу әлдеқайда тиімді болар еді. Сондықтан кітап оқу қажет. Ал кітаптың астарындағыдай тереңдікті түсіне білу - оқырманның да психологиялық, эрудиттік зияткерлік, рухани дайындығына байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, біздің әдебиетімізде ерлікке, батырлыққа шақыратын дүниелер аз емес. Біз мүмкін оны кешегі тарихи романдарымыздың бойынан ғана тауып, ал қазіргі кездің дүниелерінен көп көре алмай жүрген шығармыз. Кешегі өткен соғыстарды бейнелеген шығармаларда ғана ерлік пен батырлықтың шаң беріп көрінетіні рас, бірақ қазіргі тақырыптағы дүниелерде оның жоқтығы кәдімгідей байқалады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин:

Біздің генімізде, бойымызда Қаракерей Қабанбайдың да, Қанжығалы Бөгенбайдың да, Махамбет пен Исатайдың да қаны әлі сұйыла қойған жоқ. Қазіргі кезеңде көзсіз ерліктен гөрі ақылды өрлік керек сияқты. Бүгінгі жастардың бойында Отансүйгіштік қасиет байқала бермейді деп кесіп айтпас едім. Ол жарнамалай беретін тауар емес. Жас жігітердің мына бейбіт заманда әскер қатарына қандай ажармен барамын деуі әбден заңды. Базарлы экономика азаматтық, адамиятттық қарым-қатынасқа да әсерін тигізіп отыр. Өз қамын өзі жеген, болашағын ойлаған жігіттерді несін жазғырамыз? Мәселен, Израильде қыздар мен жігіттер міндетті түрде жаппай әскери дайындықтан өтеді. Оның негесі белгілі. Ондай кепті біздің басымыға Жасаған ием кигізе көрмесін.

Дайындаған: Роза Сейілхан.