16:43, 26 Наурыз 2009
Қазкоммерцбанк еншілес екі компанияның капиталын ұлғайтты
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазкоммерцбанк еншілес компанияларды капиталдандыру тұжырымдамасы аясында «Қазкоммерц Секьюритиз» бен «Қазкоммерц-Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ларының жарғылық капиталын ұлғайтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Банк оны айрықша басым құқығымен компания акцияларының қосымша эмиссиясын сатып алу арқылы жүзеге асырды. Қазкоммерцбанктің «Қазкоммерц Секьюритиз» АҚ-нан сатып алған жаңа шығарылымдағы акциясы 900 мың. Олардың әрқайсысының құны 1 мың теңгені құрайды. Осы сауданың нәтижесінде «Қазкоммерц Секьюритиз» АҚ-ның жарғылық капиталы 900 миллион теңгеге өсіп, 1 миллиард 475 миллион 180 мың теңгені құрады. Ал ондағы Қазкоммерцбанктің үлесі бұрынғыдай 100 пайыз боп қалды. Қазкоммерцбанк сондай-ақ, «Қазкоммерц-Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның да 292 мың акциясын сатып алды. Олардың әрқайсысының орналастырылғандағы құны 1 мың теңгені құрап отыр. Бұл саудадан кейін «Қазкоммерц-Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның жарғылық капиталы 292 миллион теңгеге ұлғайып, 1 миллиард 382 миллион теңгені құрады. Онда да Қазкоммерцбанктің үлесі 100 пайыз күйінде қалды. Банк өзінің еншілес компанияларына инвестицияны компаниялардың қаржылық тұрақтылығын көтеру және капитал жеткіліктігінің пруденциалды нормативтерін есептеу ережелеріне сәйкес болуы үшін жоспарға сәйкес құйды.
Жалпы «Қазкоммерц Секьюритиз» АҚ-ның жұмысы қазақстандық және халықаралық қор нарығында делдалдық қызмет түрлеріне құрылған. Компания Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы байырғы делдалдық компаниялардың бірі болып табылады. Ол сонымен қатар, акцияларды сату-сатып алумен айналысатын жетекші операторлардың ондығына кіреді. Ал «Қазкоммерц-Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Қазақстандағы өмірді сақтандыру нарығында үздік үштіктің қатарында тұр.