«Қазпошта» АҚ: кез келген өңірде «KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға арналған өтінімді беруге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ елдің кез келген өңірінде «KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға арналған өтінімді беру мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

«Халықтық IPO» бағдарламасында компания брокер де және басқа брокерлер үшін трансфер-агент те болады. Бірінші кезең шеңберінде пошта әкімшілігі 20 мыңға жуық инвестормен шарт жасасты, бұл «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын сатуға қатысқан басқа брокерлермен салыстырғанда клиенттердің аса ауқымды саны.

«Бірінші кезең біткеннен соң, сервис және клиенттерге қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқардық. Бұл жылы қызметкерлер әлеуетті инвесторларға қызмет көрсету бойынша арнайы оқудан өтті, олардың жалпы саны шамамен 2 мың адам», - дейді «Қазпошта» АҚ Басқармасының төрағасы Бағдат Мусин.

Акцияларды сатып алуға брокерлік шот ашу және клиенттік тапсырыс беру үшін ҚР азаматының жеке куәлігі немесе төлқұжаты қажет. Клиенттердің уақытын үнемдеу мақсатында компания «KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға арналған брокерлік шотты пошта байланысы бөлімшелерінде күні бұрын ашуды ұсынады, өйткені брокерлік шотты ашу рәсімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес үш күнтізбелік күнге дейінгі уақытты алады.

Айта кеткен жөн, «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын орналастыру кезеңінде, компания жалпы сомасы 5 млрд астам теңгеге 19 958 өтінімді қабылдады, бұл халық тарапынан осы бағдарламаға деген үлкен қызығушылықты білдіреді. Сонымен қатар, тартылған ақша көлемі бойынша «Қазпошта» АҚ барлық қатысушы брокерлер арасында екінші орында (жалпы көлемнің 18%), сондай-ақ тартылған инвесторлар саны бойынша бірінші орында (жалпы санның 57%) тұр.

«Халықтық IPO» бағдарламасының қалай қатысуға болатындығы жөніндегі және әлеуетті инвесторлар үшін қажетті ақпарат компанияның www.kazpost.kz ресми сайтында және бағдарламаның www.halyk-ipo.kz сайтында ұсынылған.

«Қазпошта» АҚ - пошталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы. Дүниежүзілік пошта одағының мүшесі, VISA International және MasterCard Worldwide халықаралық төлем жүйелерінің қатысушысы. Жалғыз акционері - «Самұрық-Қазына» АҚ.