Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.
«Байланыс және хабар таратудың ғарыштық жүйесін құру аясында бір жылдан астам бұрын «ҚазСат-2» жер серігі ұшырылған болатын. Жер серігінің ресурсын жалға алу қызметі Қазақстанның 9 телекоммуникациялық компаниясына ұсынылады. Бұл жер серігі ресурсының 46 пайызын құрайды», - дейді Т. Мұсабаев.
Агенттік төрағасының айтуынша, «ҚазСат-3» спутнигін құру бағытында да жұмыстар қолға алынған. Жобалық-техникалық құжаттамалары әзірленіп, Алматы маңында жер серігін жерден басқару кешені резервінің құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Нысан 2013 жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Агенттік басшысының айтуынша, «ҚазСат-3» кешеніне спутниктік басқаруға ауыстыру қаражатты айтарлықтай үнемдемек.