***
Оның атағынан ат үріккендей. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жылдың үздік дәрігері»... Дегенмен, оның еңбегін бағалау, мойнына алған жауапкершілік жүгін салмақтау үшін осы сияқты атақ-даңқына қатысты атауларды тізбелемей-ақ, Доктор Пя десек те жетіп жатыр. Бүгінде оның есімінің медицинаның басым бағыттарының бірі - кардиохирургиямен қатар аталуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Кардиохирургия десек, ең алдымен ойға Юрий Владимирович Пя оралатыны анық. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті кардиохирургпен арадағы сұхбатты сенбілік санында «Адамға өмір сыйлау - шын бақыт» деген тақырыппен беріп отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген профессор: «Қазіргі таңда Қазақстанда өмірі тікелей донор ағзаларына тәуелді 5 мыңға жуық адам есепте тұр. Ең қиыны донор мәселесі еді, қазір бұл орайда ілгерілеушілік бар. Рас, қайтыс болған туыстарының органдарын басқа адамның өмірін сақтап қалуға пайдалануға екінің бірі келісе қоймайды. Сол сияқты, әзірше жүрегін алмастыруға тәуекел етушілер де көп емес. Кезінде Жәнібек Оспанов та бірден келісе қойған жоқ-ты», - дейді.
Осы басылымның жазуынша, Парламент Мәжілісі депутаттарының қарашаның соңы мен желтоқсанның басында аймақтарға шығар алдындағы соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларының арасында мемлекеттік сатып алу мәселесіне арналған заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл жобаны талқылауға депутаттар белсене қатысты. «Айтары жоқ, нақ осы мәселе сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын қайнар көз болып тұрғаны даусыз. Үкіметтің 11 қазанда болған кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелерінде Президент Н.Назарбаев орталық және жергілікті билік иелерінің бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен мемлекеттік сатып алу бойынша жасайтын қитұрқылықтарын айпара қылды. Енді мына заң жобасы сондайдың алдын алуға ілкім де бір септігін тигізетін шығар деген үміт жұрттың бәрінде бар»,- делінген мақалада. Сонымен қатар, басылымның жазуына қарағанда, заң жобасы мемлекеттік тапсырыста отандық тауар өндірушілерге басымдық беруді қарастырады. Алайда, ол туралы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл құжаттың қолданыстағы заңмен салыстырғандағы артықшылығын айтып тұрса да оның әлі де шикі тұстары барын өзі де мойындап, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу туралы мүлде жаңа заң жобасы әзірленетінін айтып салды. Мақала «Арзанның жілігі татымас» деген тақырыппен берілген.
***
Ірі қара малын будандастыру кезінде «жеті ата» принципін сақтамаған фермерлер субсидиядан қағылады. «Айқын» газетінің жазуынша, бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне арналған семинар кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтқан. «Біздің түсінгеніміз, ірі қара малын будандастыруда қазақтың «жеті ата» принципі сақталуы қажет екен. Асылжан Мамытбековтің айтуынша, табында қандай тұқымға жататыны белгісіз бұқалар да жүреді. «Ал ол бұқа сол табындағы сиырдың төлі немесе «ағасы» болуы мүмкін. Егер сиыр өз төлі мен немесе «туысымен» шағылысса, одан «туған» бұзау етсіз, сүтсіз мал болып шығады», - дейді министр. Сондықтан «Сыбаға» бағдарламасының талабы сақталуы керек», - деп жазады басылым. Сонымен қатар министр: «Мәселен, табынға 100 сиыр әкелінсе, оған 4 тұқымды бұқа керек болады. Егер 100 сиырға 3 бұқадан болса, фермер субсидия алмайды. Себебі бұқаға шамадан тыс күш түседі де, кей сиырлар қысыр қалып қояды», - депті.
Еуроинтеграцияны жақтайтын мыңдаған украиндықтар Киевтегі тәуелсіздік алаңында үкіметтің отставкасын талап етуде. Олар 21 қараша күні Еуропа одағымен қауымдасу туралы уағдаластықты тоқтату туралы украин үкіметінің шешіміне наразылық ретінде көшеге шыққан. Бұл уақытта сарапшылар Украинаның келешекте кімдермен қалатындығын болжауда: Еуроодақпен бе, әлде Кеден одағымен бе? Соңғы оқиғалар жөнінде «Айқын» газеті сауалдарына Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов жауап берген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Ресей Кеден одағына кіргенді тәуір көреді. Кеден одағы - енді қалыптасып келе жатқан экономикалық ұйым. Оның ішінде де проблемалары көп. Мысалы, Кеден одағына Қазақстан да өткенімен, тауар өндірушiлеріміз беларусь, ресейліктерден ұтылып жатқаны да рас. Бұл экономикамызға, әлеуметтік жағдайымызға әсер етіп, олармен бәсекеде тең жағдайда әрекет ете алмай жатырмыз. Украинаға келсек, оларда да Кеден одағына қарсы күштер көп. Олар дамыған мемлекеттер кіретін Еуропа одағына және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ұмтылады. Біз де Кеден одағы арқылы ДСҰ-ға кірмекшіміз. Мұнда үлкен терең мәселе бар. Кеден одағын кеңейтіп, одан үлкен ұйым жасау мақсаты болмауы тиіс. Қазір Арменияны, Украинаны оған тартқылары келеді. Әрине, ұйымға мүше болғысы келетіндерге есік ашық. Бірақ оның экономикалық ұйым екендігін естен шығармаған жөн»,- дейді. Сұхбат тақырыбы: «Кеден одағы - Кеңес одағы емес».