Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, өткен жылдың басты оқиғасы ретінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының электр энергетикасы жүйелерінің параллель жұмысы туралы Шартқа қол қойылғанын атап өтуге болады. 2010 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енген бұл шарт көрші мемлекеттердің энергия жүйелерінің жарыспалы жұмысын ұйымдастыру мен жүзеге асыруды реттейтін негізгі құжат болып табылады. Қазіргі уақытта осы көрсетілген шарт негізінде Жүйелік операторлардың, сондай-ақ электр энергиясы нарығындағы өзге де жекелеген субъектілердің толыққанды жұмысы және өзара тиімді ынтымақтастықтығы үшін қажетті келісімдер мен регламенттер әзірленуде.
Энергия жүйелері арасындағы өзара қарым-қатынастардың шарттық негізге көшуі Жүйелік оператордың мемлекетаралық сальдо-ағындары бойынша жауапкершілігін, сондай-ақ энергия нарығындағы әрбір субъектінің электр энергиясын өндірудегі-тұтынудағы тәуліктік кестені орындау жауапкершілігін арттыруға ықпал етпек.
Орталық Азия мемлекеттері энергия жүйелерінің (ОА БЭЖ) жұмыс режимдері мен диспетчерлік қызметтерінің жақсара бастағанын да байқауға болады. Өткен жылдары шарттық міндеттемелердің орындалмауынан ҚР БЭЖ-нің «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінде көптеген технологиялық ақаулар орын алып, Қазақстан тұтынушыларының энергия қуатын пайдалануына шектеу қойылған болатын.
2010-2011 жж. күзгі-қысқы маусым басталысымен өзбекстандық энергия жүйесі тарапынан әр түрлі жағдайларға (стансылардағы апат әсерінен қуат өндіру көлемінің азаюы, газ құбырындағы қысымның төмендеуі) байланысты мемлекетаралық қуат ағындары сальдосынан ауытқу оқиғалары тіркелген болатын. 2009 жылы 500 кВт-тық екінші транзит желісінің іске қосылуы себепті Қазақстандағы оңтүстік энергия торабының өткізу қабілеті артып, солтүстік энергия көздерінен тартылған қосымша жүктеме мен қуат ағындары есебінен оңтүстік тұтынушыларын энергиямен жабдықтау еш кедергісіз қамтамасыз етілді.
Бұл ретте Орталық Азия БЭЖ энергия жүйелері тарапынан келісім-шарттан тыс алынатын қуат көлемі артып (жүйелі түрде қайталанып), Қазақстан БЭЖ-нің тұрақты жұмысына қауіп төнген жағдайда ҚР БЭЖ-нің Орталық Азия БЭЖ-нен бөліну мәселесі қайта күн тәртібіне қойылмақ. Дәл осындай жағдайға қажетті техникалық шаралар әзірленіп, іске қосылуға дайын, яғни Жамбыл МАЭС-нде жұмыс істейтін генераторлар саны 3-4 энергоблокқа дейін ұлғаймақ. Жамбыл МАЭС-і үстіміздегі жылдың 1 қарашасында іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта стансы 200 МВт-қа дейінгі жүктемемен бір блоктық режимде жұмыс істеуде.
2010 жылы «KEGOC» АҚ мемлекетаралық уағдаластық шеңберінде қазақстандық тұтынушылар үшін Қырғызстаннан 1,5 млрд.кВт/с көлемінде электр энергиясын пайдаланды.
«KEGOC» АҚ қосалқы стансыларды жаңғыртудың 1-ші кезеңін толық аяқтап, 67 қосалқы стансыны релелік қорғаныштың микропроцессорлық құрылғысына көшірді.
Өткен жылдың әлемдік деңгейдегі басты оқиғасы 1-2 желтоқсанда Астана қаласында ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі болды. Осы шараға дайындық және оны өткізу Қазақстандағы түрлі саладағы кәсіпорындардың жұмылған түрде, жоғары жауапкершілікпен жұмыс істеуін талап етті.
«KEGOC» компаниясы да өз кезегінде Астана қаласындағы электр желілері мен бүкіл Қазақстан аумағындағы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар қажетті іс-шараларды әзірлеп, жүзеге асырды. Ұлттық электр торабының барлық жабдықтары жоспарлы жөндеуден өткізіліп, Қазақстан БЭЖ-і жұмысының сенімділігін барынша қамтамасыз ету (желілердің өткізу қабілетін арттыру, энергия желісінде технологиялық бұзылыс болған жағдайда қажетті қуат қорымен қамтамасыз ету) мақсатында дер кезінде пайдалануға берілді. Жауапты іс-шара қарсаңында компанияның жедел-диспетчерлік қызметкерлері үшін Астана қаласы мен Ақмола облысының желілерінде болатын технологиялық бұзылыстарды қалпына келтіру тақырыбында арнайы тренингтер өткізілді.
ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық пен оның өткізілуі кезінде «KEGOC» АҚ-ның барлық нысандарында компанияның жөндеу жұмысымен айналысатын мамандары мен жауапты басшыларының тәуліктік кезекшілігі ұйымдастырылды.
29 тамызда ОҚТҚС-да (Орталық қалалық төмендетуші қосалқы стансы) Астана қаласы мен ҚР БЭЖ-нің 110 кВт-тық екі желісінің бірін байланыстырушы 220/110 кВт-тық автотрансформаторының (АТ) өткізу қабілеті 1,5 есе ұлғайтылып, ауыстыру жұмыстары аяқталды (екі АТ-ның жиынтық қуаты 250 МВА-дан 375 МВА-ға ұлғайды). Бұл ауыстыру 23 қыркүйекте Ақмола Жылу электр стансысында жұмыс істеп тұрған үш турбогенератордың істен шығып, стансыда қуат өндіру көлемінің 205 МВт-тан нөлге дейін төмендеуінен болған апаттық шектеулердің алдын алуда шешуші фактор болды. Мұндай жағдайда Астаналық энергия торабының орталық энергия жүйесімен параллель жұмысын сақтап қалу ОҚТҚС қосалқы стансысындағы АТ-1 және АТ-2 құрылғыларының өткізу қабілетінде резервтің болуымен қамтамасыз етілді.
8 қарашада осы секілді өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында автотрансформаторларды ауыстыру жұмыстары (60 МВА-дан 125 МВА-ға) Шымкент-220 қосалқы стансында жүргізілді, яғни осы энергия торабында электрмен жабдықтау сенімділігі артты.
Саммитке дайындық және оны өткізу күндері энергия жүйесінде келеңсіз оқиғалар орын алды. Бірінші желтоқсан күні сағат 19:22-де ауа райының нашарлауы себепті «Арселор Миттал Теміртау» АҚ және «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің 110 кВт-тық әуе желілерінде (ӘЖ) көптеген ажыратулар болды, соның салдарынан ҚарМАЭС-1 (Р=80 МВт) және ЖЭО-1 КМК (36 МВт) стансыларының жүктемелері нөлге дейін төмендеп, оқшау жұмыс режиміне ауысты. Шектеулердің жиынтық көлемі 316 МВт құрады (оның ішінде: 42 МВт Теміртау қаласы бойынша, 38 МВт ТЭМК, 236 МВт «Арселор Миттал Теміртау» АҚ). Қазіргі уақытта болған апат себептері анықталып, арнайы жасақталған комиссияның тиісті актісінде тіркелді.
29 және 30 қарашада күшті жел мен көктайғақтың болуы себепті Ресейдің ҚР БЭЖ-нің Шығыс өңірімен шектесетін аумағында «сымдар тербелісі» жағдайы тіркелді. Осы кезеңде мемлекетаралық 500 кВт-тық Рубцовск - Өскемен әуе желісінде 3 апаттық ажырату орын алды (соның бірінде Шығыс өңірінің тұтынушыларына 100 МВт көлемінде шектеу қойылды). ӘЖ-ні тексеріп-қарау нәтижесінде ҚР аумағында электр сымының зақымданғаны анықталып, 1-ші желтоқсанға қараған түні жедел түрде қалпына келтірілді.
30 қарашада сағат 6:07-де Екібастұз МАЭС-2 стансысында жылу беретін ЛК3/2А конвейері тоқтап қалды. 8:00-де резервтегі ЛК-3/2Б іске қосылды, дегенмен технологиялық бұзылыс нәтижесінде қуат көлемі 920 МВт-қа жететін стансы жүктемесі 780 МВт-тан аспады. Стансының жетпеген қуат мөлшері ұлттық электр желісінің жұмыс сенімділігіне нұқсан келтірілмей толықтырылды. Қазіргі уақытта осы апат жағдайын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда (шамамен жыл соңына дейін жүргізілмек), стансы қазір екі блокпен 780 МВт генерация көлемінде жұмыс істеуде.
Тұтастай алғанда, Саммит қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ персоналы бұл жолы да өз күштерін жұмылдыра отырып, жоғары біліктілікпен, жедел жұмыс атқарып, кез келген дәрежедегі міндеттерді орындауға дайын екендіктерін көрсетті.
Бүгінгі таңда «KEGOC» АҚ келесі жауапты шара - Азиада-2011 ойындарын өткізуге дайындалуда. Компанияда спорттық ойындар өтетін күндері энергия жүйесі жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету шаралары әзірленіп, бекітілді. Бұл іс-шаралар бекітілген мерзімге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.
Ағымдағы күзгі-қысқы маусымда, сондай-ақ алдағы жылғы алаңдаушылық туғызып отырған мәселе «Шығысэнерготрейд» ЖШС - Шығыс Қазақстан облысындағы энергия жабдықтау мекемесінің жұмысы. Бұрын белгілі болғандай, Қазақстан электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектісі болып табылатын осы мекеме өз тарапынан «KEGOC» АҚ алдындағы шарттық міндеттемелерін бұзуы себепті Жүйелік оператор тұтыну мөлшерін азайтуға мәжбүр болған еді. 2010.12.01 күнгі жағдай бойынша «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ның «KEGOC» АҚ алдындағы қарызы 257 млн. теңгеден асты. «KEGOC» АҚ бұл сәйкессіздік дер кезінде шешіліп, төтенше шаралардың қолдануына әкелмес деген сенімде, бұлай болған жағдайда, электр энергиясын тұтынатын қарапайым тұрғындар зардап шекпек.
Жасалған болжамдарға сәйкес, ағымдағы 2010/2011 күзгі-қысқы маусымда Қазақстан БЭЖ-інде тұтыну көлемінің ең жоғарғы мөлшері 13 000 МВт (бұның алдында, 2010 жылғы 10 ақпанда ең жоғарғы тұтыну мөлшері 12 442 МВт деңгейінде тіркелген болатын), ал өндірудің ең жоғарғы көлемі - 12 655 МВт. Қазақстан БЭЖ бойынша күтілетін тұтыну және өндіру көлемі: 2010 жылы - тұтыну 83,7 млрд. кВт/с, өндіру 82,4 млрд.кВт/с; 2011 году - тұтыну 86,9 млрд.кВт/с, өндіру 86,4 млрд.кВт/с. құрамақ.