«Келеңсіздікке жол берген прокурор қызметтен кетеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 29 наурыз, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

« Егемен Қазақстан » газетінің сенбілік санында Елбасы Н.Назарбаевтың интеграциялық бастамаларының баяндылығы хақында экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдинмен арадағы сұхбат жарық көрді. Ғалым басылым тілшісінің «ортақ валютаға» қатысты сауалына орай жалпыэкономикалық заңдылық бойынша, Кеден одағының өзара тауар алмасу көлемі ұлғая беретіндігін мұндай жағдайда мемлекеттер ортақ валюта жайлы әңгімені қозғауы мүмкін екендігін атап өткен. «Еуро осындай алыс-берісті оңайлату үшін өмірге келген ғой. Мұндай ортақ валюта болмыс ақиқатына айналып жатса, оған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Тек ол бір мемлекеттің құзырына бағынатын доллар секілді «дүние» болмайтынына алғышарттар жасау керек. Меніңше, Ресей басшылығы доллардың бүгінгі жағдайын көре отырып, рубльді доллар батқан батпаққа батыруға бармас. Жалпы алғанда, жер бетінде қазір аймақтық валюталар көбейіп барады. Бұл түптің түбінде «доллар диктатурасын» жоятын бір алғышарт ретінде қарастырылады. Қалай болғанда да, ортақ валюта туралы ой шошынарлық «құбыжық» емес», - деді ғалым. Сұхбат « Өміршең ойдың өрісі » деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда елімізді көрші мемлекеттермен байланыстыратын транзиттік жолдарымызға қатысты көлемді мақала жарияланды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізі бүгінде дамушы елдердің назарында. Себебі, қазіргі күнде дәстүрлі теңіз тасымалдары арқылы қытайлық порттардан Еуропа елдеріне дейін жүру уақыты 45-тен 60 күнге дейін созылатын көрінеді. Ал Қытай, Қазақстан, Ресейдің «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізі жемісті жүзеге асырылса, жүк автокөліктері бұл аралықты 10-12 күнде басып өтеді екен», деп жазады басылым. Сонымен қатар мақала авторының жазуынша, елімізде су жолдарынан тыс 7 бірдей транзиттік дәліз бар. Оның алтауы теміржолға тиесілі. «Сонымен, бірінші - орталықазиялық дәліз. Ол Өзбекстаннан Сарыағашқа кіріп, Ақтөбе аймағындағы Озинки стансасынан Ресей еліне өтеді. Екінші - Солтүстік теміржол дәлізі. Ол Қытай елінің шекарасындағы Достық стансасын басып өтіп, Солтүстік Қазақстан өңірімен Ресей асады. Үшінші - Оңтүстік трансазиялық дәліз. Бұл да аталған Достықтан өтіп, Сарыағашқа қарай жол тартады», деп жазады автор. Төртінші - ТРАСЕКА дәлізі. Ол Азия мен Кавказды, одан әрі Шығыс Еуропаны жалғайтын болады. Бесінші - Солтүстік - Оңтүстік дәлізі. Кәдімгі Өзен - Түрікменстанмен мемлекеттік шекара теміржолы Ресей мен Иран елін төтелей байланыстырмақ. Алтыншы - Шығыс-Батыс дәлізі. Қазіргі құрылысы жүріп жатқан теміржолдар толығымен іске қосылғанда аталған транзиттік дәліз өзі пайда болады.

***

Президент Н.Назарбаевтың биылғы 27 ақпанда «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Бұл құжат бизнес өкілдерін тексеру атаулыға мораторий жариялаумен қатар, Қазақстанда «Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл» атты ел тарихында болмаған жаңа институтты енгізді. Әйткенмен, әзірге бұл лауазымды қызметке кімнің тағайындалатыны белгісіз. Осы орайда кеше, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қызықты жаңалық жария болды. Бұл жайында « Айқын » газетінде жарық көрген « Өзгеде жоқ өкілеттілік омбудсменге керек пе? » деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, қазақстандық бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқасы тағайындауы мүмкін. Бұл туралы отырыс кезінде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, ҰКП-ның Сенаттағы өкілі Ғани Қасымов хабарлады. Осы орайда ұлттық палата Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкілге қандай құзыр-құқықтар берілуі керектігін анықтапты. Жалпы, бизнес бойынша омбудсмендер біраз елде, мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Ресейде жұмыс жасайды. Әйткенмен егер ҰКП ұсыныстары қабыл алынса, қазақстандық осы уәкілдің құзырет-қоржыны ешбір елде жоқ ғаламат өкілеттіктермен толмақ!

«Елімізде алғаш рет күдіктіні тұтқындау емес, оған балама ретінде кепілдікте қалдыру шартын қолдану жүзеге аса бастады. Былтырғы қарашада Бас прокурордың арнайы нұсқаулығына сәйкес енгізілген өзгеріс жыл соңына дейін 20 адамға қолданылыпты. Ал биыл төрт айдың өзінде 875 адам кепілдіктің «игілігін» көріп үлгеріпті» деп жазады « Айқын » газеті « Келеңсіздікке жол берген прокурор қызметтен кетеді » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, құқықтық жүйесі дамыған шетелдерде мұндай тәсіл кеңінен пайдаланылса да, біздің қоғам үшін таңсық бұл жаңалықты кеше елордада Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Бас прокурордың орынбасары Нұрмұхамбет Исаев жеткізген. «Прокурорлар қызметіндегі ең өзекті бағыт - қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауға түбегейлі өзгерту енгізу де тура осы мәселені орындауға негізделген. Осыған байланысты республика деңгейінде ақпараттық-талдамалық жұмысты барынша нығайтып, жергілікті жерлерде қадағалау міндеттерін синхронды түрде күшейтіп, прокурорларды жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында жұмыс істеуге дайындаудамыз. Екіншіден, қылмыстарды тіркеуді тәртіпке келтіру бойынша аса ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі кезде біздер қылмыстық ахуалдың жағдайын бұрынғыдай өтірік тұрғыда емес, шынайы түрде екенін айта аламыз. Мұндай жетістікке оңайлықпен қол жеткіздік дей алмаймын. Бұл - Президент әкімшілігінің бейінді бөлімі мен Қауіпсіздік кеңесінің толық қолдауы арқасында жүргізілген үш жылдық аса ауқымды жұмыстың нәтижесі», - дейді ол.