Келешегі күмәнді сода зауыты Ертіс бойының құтын қашырмай ма

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда кальцийленген сода зауыты салынады дегелі жергілікті жұрттан маза қашқан. Технологиясы сонау 1861 жылғы «Сольве әдісіне» бейімделген жоба жүзеге асса, Ертіс таязданып, қауіпті қалдықтар арта түседі, деп есептейді экологтар.

Фото: Freepik

Қарт Ертіске төнген қауіп

Зауыттың алғашқы жобасында көптеген кемшіліктер кездесіп, қоғамдық тыңдауларда ол ашық айтылған еді. Ең әуелі мұнда дайындалатын бір тонна өнімнен кемінде екі тонна жойылмайтын қалдық шығатыны жұрттың көңіліне жақпады. Яғни болашақ кәсіпорын «жасыл» экономиканың ережелеріне бағынбайды.

Екіншіден, оған өндірістік және технологиялық мақсатта жыл сайын көп мөлшерде (өндірістік және технологиялық мақсаттарға 4,5 млн текше метр су керек делінген) тұщы су жұмсалады. Бұл Павлодар қаласында орналасқан барлық өндіріс орындарының қажеттілігінен екі есе көп.

Жоба жүзеге асар болса, Ертіс өзеніндегі су деңгейі едәуір төмендеп, экожүйедегі өсімдік пен жануарлардың қатары сирейді. Ал пайдаланылған су Былқылдық көліне жіберіліп, ондағы лас суды одан сайын молайта түседі.

Алайда «Мемлекеттік сараптама» РМК Шығыс өңірлік филиалының 2019 жылғы оң қорытындысын желеу еткен «Павлодар-Сода» ЖШС мен облыс билігі аталған жобаны іске асыруға әлі де құлшынып отыр.

Сода зауытын салуға жергілікті биліктің ынтығып отыруының екінші сыры — 2019-2020 жылдары «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының жанында болашақ кәсіпорын үшін 1,6 млрд теңгеге инфрақұрылымдық коммуникациялар салынып тасталған.

Қыруар қаражатқа жасалған инфрақұрылымдар қаңтарылған күйі әлі тұр. Мұның өзі бұл жобаның асығыстықпен ұсынылып, әлі де шикі болып тұрғанын аңғартса керек.

Қоғам белсендісі, облыс орталығындағы экологиялық мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген Юрий Павленко жылына 200 мың тонна кальциленген сода шығаратын зауыттың жобасы қоғамдық тыңдаулардан қалай өтіп кеткені тіпті таңғалдыратынын айтады.

Себебі ондағы көптеген мәселелер әу бастан-ақ Павлодар жұртшылығының көңілінен шықпаған. Жергілікті экологтер «Сольве технологиясы» өте ескірген тәсіл екенін айтудай-ақ айтып келген.

— Жергілікті экологтердің (бұған дейін қоғамдық тыңдауларда айтылғандай) пікірінше, егер болашақ зауыт «Сольве технологиясын» таңдап, шынымен сонымен жұмыс істейтін болса онда траншекаралық әрі халықаралық маңызға ие Ертіс өзеніне адам айтқысыз апат төнеді. Себебі бір тонна сода алу үшін көп көлемде су қажет болады. Мұның салдарынан өзен бір жылда-ақ таязданып, өзеннің төменгі бөлігінде отырған елді мекендерде деңгейі күрт төмендеуі ғажап емес. Ертістің экожүйесіне миллиардтаған шығын келтіріліп, жаз айларында су үстімен үлкен кемелер мен баржалардың жүзуіне тыйым салынуы мүмкін. Ал отандық өзен флоттарында тасылатын жүктің 90 пайызы Ертіс бассейніне тиесілі екені рас. Оның үстіне Көлік министрлігі 2027 жылы өзен арқылы тасымалданатын жүк көлемін үш есе ұлғайтпақпыз дейді. Осыншама жоспарға қарамастан, бір ғана сода зауыты кеме қатынасының тағдырына балта шабуы ықтимал, — дейді қоғам белсендісі.

Фото: видеодан кадр

Өндірістен ағып шығатын қалдық су Былқылдақ су жинағышына барып құйылады деп жаздық жоғарыда. Ол көлде тонналаған сынап қалдығы жиналғаны мәлім.

Былқылдақ мәселесіне нүкте қоюды Мемлекет басшысының өзі көтеріп отырған уақытта оның зардабын одан әрі арттыру кімге тиімді?

— Ертең Былқылдақ арнасына сыймай тасып, жер үстіндегі су көздеріне, Ертіс өзеніне барып құйылса, нағыз апат сонда болады. Сондықтан сода зауытының жобасы өңірге өндірістік тұрғыдан ғана емес, экологиялық жағынан да адам айтқысыз зиянды факторлар алып келуі мүмкін, — деп ескертеді қоғам белсендісі. 

Бұл мәселені қоғамдық тыңдауларда жергілікті экологтер бірнеше мәрте ескерткен.

Юрий Павленко қоғам өкілдері соңғы жылдары аймақтың экологиясына шектен тыс жүктеме түсіретін зауыттардың үсті-үстіне салынып жатқанына да алаңдайтынын жеткізді. Екібастұзда металлургия саласында үш бірдей зауыт, облыс орталығында алкилат және алтын өндірістері ұйымдастырылып жатыр.

Мұның барлығы онсыз да түтін мен шаң-тозаңнан көз ашпай отырған өңір жұртының өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп. Қазірдің өзінде жыл сайын зауыт-фабрикалардан шығатын зиянды қалдықтардың көлемі әр облыс халқына шаққанда бір тоннадан келеді.

Зиянды өндіріс орындары арта берсе, бұл көрсеткіш өсе түспесе, кемімейтіні анық.

— Біз сияқты қарапайым адамдардың қандай ауа жұтқаны, ішіп отырған тағамының сапасы зауыт иелерінің ойларына кіріп шықпайтындай. Шын мәнінде өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығы туралы ойлап отырған ешкім жоқ. Бұған дейін облыс орталығында бюджет қаражатына тұрақты органикалық ластаушы заттарды жоятын зауыт салу туралы да сөз болған. Халық бірлігінің арқасында оған қарсы қол жиналып, нәтижесінде оны салғызбады, — деп қосты ол.

Фото: pavon.kz

Билік өкілдері не дейді?

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, «Қуаты жылына 200 мың тонна сода өндіретін зауыт құрылысы» бойынша әзірленген техникалық экономикалық негіздемеге (ТЭН) 2019 жылы «Мемлекеттік сараптама» РМК Шығыс өңірлік филиалы оң қорытынды берген. 

Ал жобаны жүзеге асыруға мүдделі «Павлодар-Сода» ЖШС «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылмайды. Жобаны іргелес аумақта жүзеге асыру көзделген.

— Экономикалық аймаққа көршілес аумақта келешек сода зауыты үшін бюджет есебінен жалпы құны 1,6 млрд теңгеге инфрақұрылымдық коммуникациялар жүргізілгені рас. Қазіргі уақытта ТЭН-нің қолданылу мерзімінің аяқталуы мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, жабдықтар сатып алу бойынша құнын қайта қарау қажеттілігіне байланысты түзету енгізіліп жатыр. Одан соң мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу, сондай-ақ жобаны әзірлеу, сода зауытының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өткізу (қоршаған ортаға әсерді бағалау, экологиялық рұқсат алу үшін құжаттама) қажет, — дейді ол.

Оның сөзінше, жоба іске асырылмаған жағдайда немесе бастамашы оны жүзеге асырудан бас тартса, тартылған инфрақұрылымдық коммуникациялар өңірдегі өзге жобаларды іске асыру үшін пайдаланылатын болады.

Яғни бұл желілерге қосылуға қызығушылық танытқан бірнеше нақты жобалар бар көрінеді. Сода зауытының аталған желілерге 2026 жылдың соңына дейін қосылуға мүмкіндігі бар.

Егер ол сол уақытқа дейін өміршең етілмесе, инфрақұрылымдар толығымен өзге кәсіпорындарға (жобаларға) берілетін болады.

— Зауыт жобасының кешігуінің себебі, инвестор инвестицияны (бірлескен инвесторды) қаржыландыру және тарту мәселесін пысықтау үстінде. Шетелдік компаниялармен де келіссөз жүріп жатыр. Зауыт құрылысы туралы түпкілікті шешім жобалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамалардан өту қорытындысы бойынша қабылдануы мүмкін, — дейді Әйгерім Қабылтаева.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Негізі 2020 жылы қоршаған ортаны қорғаушылар өндірісті шикізатқа жақын аймақ — Баянауыл ауданындағы Майқайың кенті аумағында салған әлдеқайда дұрыс деген пікір айтқан еді.

Алайда «Павлодар-Сода» басшылығы олармен келіспейтінін білдірді. Себебі алтынды аймақта жаңадан қазандық салу керек болады. Ол үшін қосымша қаржы қарастыруға тура келеді.

Ал Павлодар қаласында жылуды жылу-электр орталықтарынан ала алады. Бұл ұсыныс жабулы күйінде қалды.

Жұрт пікірі ескеріле ме?

Ал өңірлік экология департаментінің мамандары әлгіндей өндірістер ел экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие болса, барлық экологиялық аспектілер және халық қауіпсіздігі ескерілсе, онда перспективалы жоба болуы мүмкін деп есептейді.

Бірақ жаңа өндірістер тек қазіргі заманғы экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдану және барлық табиғатты қорғау талаптарын сақтау арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

— «Мемлекеттік сараптама» Шығыс филиалының сараптамасында болашақ сода зауытының жылдық техникалық тұщы су тұтынуы нормасы –1 209 600 текше метр (немесе жылына 0,0012096 текше км) деп көрсетілген. Ертіс өзенінің орташа жылдық ағыны шамамен — 95 шаршы километр. Демек, жоспарланған су өзендегі жалпы орташа жылдық ағынның 0,1%-нан азырақ көлемді құрайды. Бұл аса көп көлем емес. Алайда Ертіс — трансшекаралық су нысаны болғандықтан, суды алу көлемдері шектелуі тиіс және ғылыми негізделуі қажет, — деп ой түйеді экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Департамент басшысының ақпарынша, Экология кодексінің 95-бабы талаптарына сәйкес, мемлекеттік экологиялық сараптама жариялылығы мен қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша шешім қабылдау қоғамдық тыңдау өткізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Мүдделі қоғамға мемлекеттік экологиялық сараптама кезеңінде өз пікірін білдіруге мүмкіндік беріледі. Қоғам өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын ҚР заңнамасына сәйкес даулауға құқылы.

— Жоба қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуі және I санатты нысанға экологиялық әсерге рұқсат (экологиялық рұқсат) алуы тиіс. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілмей жоба жүзеге аспайды. Бұған дейінгі қоғамдық тыңдауларда Ертіс өзенінің суын көп пайдалану және «Сольве әдісін» қолданған кезде көп мөлшерде жойылмайтын қалдықтардың пайда болуы туралы бірқатар сыни ескертпелер болған. Оның бәрі алдағы түзетулерде ескеріледі деген сенімдеміз, — дейді департамент басшысы.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңір экологиясына жүктеме артады

Павлодар облысы техникалық-өндірістік тұрғыдан еліміз бойынша ең жүктемесі мол әрі өнеркәсіптік өңірдің бірі. Орта және шағын кәсіпорындарды қоспағанда, облыс аумағында республикалық деңгейдегі ірі 50 кәсіпорынның қатарына кіретін 10 өнеркәсіптік зауыт орналасқан.

Олардың өндірістік процестері қоршаған орта компоненттеріне, әсіресе атмосфералық ауаға елеулі жүктеме түсіріп отыр. Экология департаментінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, қалалар бойынша нақты шығарындының орташа пайыздық үлесі мынадай: Екібастұз қаласы — 44%, Ақсу қаласы — 26%, Павлодар қаласы — 25%.

Ал өнеркәсіп салалары бойынша нақты шығарынды үлесі мынадай: жылу энергетикасы — 66%, қара металлургия — 8,5%, түсті металлургия — 17%, мұнай өңдеу — 2,8%, тау-кен және кен металлургиясы — 1,4%.

Эмиссияны төмендету — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін ерекше айту қажет.

Оның үстіне Мемлекет басшысы шығарынды көлемін 2029 жылға қарай 20%-ға қысқарту туралы тапсырма берген. Экология департаментінің пәрменімен былтыр нақты шығарындылар көлемі алғаш рет 696,8 мың тонна деңгейіне дейін төмендетілген.

— Өкінішке қарай, шығарынды көлемі экономикалық өсімге тікелей тәуелді. Қиындықтар бар. Нарықтың қосымша электр мен жылу энергиясына, өнімге қажеттілігін тудыратын өндірістер мен инвестициялық жобалардың іске қосылуы эмиссия көлеміне әсер етеді. Соңғы жылдары өндірістік даму қарқыны әсерінен эмиссияны қысқарту тежеліп келді. Себебі мемлекеттік саясат кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Дейтұрғанмен жүргізілген жұмыс нәтижесінде эмиссиялардың өсуі 15–20% және одан да жоғары шекті деңгейден аспай ұсталып келеді, — дейді экология департаментінің басшысы.

Фото: poiskoviki_pavlodara_vita / instagram

Сөз соңында таразылайтын тағы бір мәселе — кальцийленген сода зауытының отандық нарыққа қажеттілігін тыңғылықты зерделеу.

«Павлодар-Сода» өкілдері болашақта алынатын өнім «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның қажеттілігіне жұмсалады деп отыр. Алайда келер жылы Жамбыл облысында 500 мың тонна сода шығаратын жаңа зауыт ашылады.

Деректерге сүйенсек, Қазақстан бір жылда шамамен 400 мың тоннадай кальцийленген сода тұтынады. Оның жартысына жуығы, яғни 192,8 мың тоннасы павлодарлық алюминий зауытына тиесілі.

Жамбылдық зауыт келешекте ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, өз өнімін ТМД мен Қытай елдеріне экспорттауға бел буып отыр. Ендеше Павлодарда 200 мың тонналық кәсіпорынды ашудың қандай қажеттілігі бар?

Бұған дейін Павлодар облысында 219 млн тонна өндірістік қалдық жиналып қалғанын жазғанбыз.