«Келешегіңді ойла» акциясы елордалықтарды мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттандырады

None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін «Хан-Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында Астана тұрғындарын әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпараттандыруға бағытталған «Келешегіңді ойла!» атты акция басталды. Қажетті ақпарат алуға ниет білдірген азаматтар 31 мамыр - 2 маусым аралығында мамандарға жолығып, оқыту және жұмысқа орналастыру, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік қорғау, қолжетімді тұрғын үй мәселелері бойынша толыққанды кеңес ала алады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған акция елорда тұрғындарын азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы құлақтандыру үшін қолға алынған.

«Елімізде халықты әлеуметтік қолдаудың тетіктері көп. Бірақ, соны халық біле бермейді. Сол үшін, осы акцияны ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде әр саланың мамандары отыр. Түрлі ұйымдардың өкілдері бір жерге жиналып, халыққа қызмет көрсетеді. Шараның мәнісі осында. Әрбір адам келешекте жақсы зейнетақы алғысы келеді. Ендеше, қазірден жинақтарымызды тексеріп, болашақ зейнетақымызды ойлайық. Өзін сыйлаған адам - конверттегі жалақыдан бас тартып, таза еңбекақы алуы керек. Жинақты көп жинауы талпынуы қажет», - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева акцияны аша отырып.

ҚР ЕХӘҚМ бастамасы ән және спорт саласындағы қазақстандық жұлдыздар тарапынан қолдау тапты. Олимпияда жеңімпазы Серік Сәпиев «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекеттің ауыл жастарын қолдағаны өте жақсы. Ауылдың дамуы, әсіресе, спорттық және білім беру нысандарының құрылысы және жөнделуі ауыл балаларының толыққанды азамат болып қалыптасуына мүмкіндік бермек. Әркімнің биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі бар, сондықтан өзіне сеніп, бақытты болашаққа ұмтылуы қажет», - деп атап өтті ол.

Ұлттық параолимпиялық комитеттің вице-президенті Бақыт Сыздықова мемлекеттік бастамаларға жоғары баға берді.

«Мемлекеттің «халықтың алдына шыққанына» риза болдым. Мен өңірлерге жиі шығып тұрамын, халықтың мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылығы жоғары екенін жақсы білемін. Сондықтан, осындай акцияларды еліміздің түкпір-түкпірінде өткізсе де артық болмайды деп есептеймін. Осы іспетті шаралар азаматтардың жауапкершілігін арттырар еді. Өкінішке орай кейбір жастар бір күнмен өмір сүреді. Оларды осы бастаманың атауы айтып тұрғандай, келешекті ойлауға шақырамын», - деді Б.Сыздықова

Шараға «Мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталығы» РМҚК, Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» РММ, «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасының» ММ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мамандары қатысуда.