***
«Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққанда оған қызмет еткен тіл - қазақ тілі болды, өйткені, бұл тіл - осы хандықты құраған қаңлы, қыпшақ, алшын, арғын, найман, керей, жалайыр, тағы басқа да ру-тайпалар сөйлейтін тіл еді. Қазақ тілі аталған ру-тайпаларды бір-бірімен табыстыратын ұйытқы хандықты құраған күштердің бірі болған дейміз. Сонымен қатар, бұл тіл қатынас құралы ғана емес, хандықтағы жұртшылықтың (адамдардың) мәдени-рухани талабын өтейтін толыққанды әдеби тіл. Тіл бұл сипатқа хандық құрылған кезден бұрындары ие бола бастаған. Өйткені, тіл және оның өзі немесе қарапайым тіл, әдеби тіл, ауызша тіл, жазба тіл деген түрлері бір сәтте, бір жылда пайда болмайтыны мәлім», - деп жазады «Егемен Қазақстан». Осы жайында толық білгіңіз келсе, газеттегі «Қазақ хандығы кезіндегі қазақ тілі» атты көлемді мақаланы оқып шығыңыз.
Бас басылымда «Бюджет қаражаты қатаң бақылауды қажет етеді» деген материал берілген. Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, бюджет қаражатын «Ақ бұлақ» пен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламаларын іске асыру бағытында игерілуі барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалған шаралар талқыланды. Отырысты ашқан сөзінде Мемлекеттік хатшы Президенттің әлемнің жоғары дамыған 30 елінің қатарына енуді көздеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жұмсалатын бюджет қаражатына қатаң бақылау қоюды тапсырғанын атап өтті. Мемлекет халықтың өмір сапасын жақсартуға және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ауыз сумен қамтамасыз ету және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламаларын іске асыру үшін ірі мөлшерде қаржы бөлуде. Ал жасалған талдаулар бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаражатын жұмсауда сыбайлас жемқорлықтың қауіп-қатері жоғары болатынын көрсетті, дей келіп, Мемлекеттік хатшы осы салалардағы бақылау жұмыстарына қатты назар аудару керектігін ескертті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар назарын жер қатынастары саласында шешімдер қабылдаудың айқындығын қамтамасыз ету бойынша қосымша ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктер әзірлеу, жалпы халыққа электрондық пішімде мемлекеттік қызмет көрсету аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды. ***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Бурабай баурайында ұйымдастырылған бүркітшілердің ІІ Халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Оған әр елден келген, қыран құспен аң аулаудың құпия-сырына қанық жиырмаға жуық құсбегі қатысты. Осы шараға жиылған жұртшылық көк сеңгіріне самғаған құстармен бірге қиялдарын шарықтатып, қиқу салып, ұлан-асыр эмоцияға бөленді. Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан секілді он мемлекеттің 20-ға тарта бүркітшісі бар өнерлерін ортаға салды, бақтары мен баптарын қатар сынады. Ең алдымен, олар құсбегілік жарақтарын жасандырып көрсетті. Келесі айналымда құсын көкке еркін ұшырып, қолға шақырды, қыран құстың үйретілу, жаттығу деңгейін паш етті. Одан кейін шырғаға салды, соңында қоян қақтырды. Осы барлық сыннан сүрінбей өткен астаналық құсбегі, атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайдың баласы Серікбек Күнтуғанұлы топ жарып, бас жүлдені олжалады. Екінші орынға тараздық Жалғас Әкімбеков көтерілсе, ақмолалық бүркітші Олжас Бекхожин үшінші тұғырға табан тіреді. Осы жайынд «Фестивальда бүркітші шығады аңға...» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда « Қайтарымсыз грант алып, мәселені шешті» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жаңашылдығымен жұртшылықты таңдандыратын Астанада тағы да бір тың технология күнделікті тіршілігімізге еніп отыр. «Aster Lab Solitions» ЖШС-ы дамыған Еуропа елдерінде қолданылатын дәрілерді сақтау мен табуды және сатушының жанына жеткізуді жүзеге асыратын автоматты технологияны ұсынған еді. Оған заманауи жетістіктерді жүзеге асырумен айналысатын «Астана Innovations» АҚ-ы қаржылай қолдау білдіріп, алғашқысын қолданысқа енгізіп те көріпті. Аталған автомат арнайы сөрелер, индикаторлық шамдар және тағы да басқа тетіктерден тұратын стеллаждары бар қабырғалық шкаф түріндегі аппарат болып табылады. Бұл құрылғы дәрі-дәрмектің штрих-коды арқылы қажетті ақпаратты оқиды, аппаратта орнын көрсетеді және дәрі-дәрмекті іздеген кезде, оның орналасқан жерін арнайы жарықпен хабарлайды. Дегенмен, таяуда тығырыққа тірелген кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ-тың Астана қаласы бойынша аймақтық филиалына шығып, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ала отырып, мәселені шешіпті. Кеше «Даму» қорының басшылығы ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге елордадағы мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсібін жолға қойған кәсіпорындардың жұмысымен танысып шықты.
Сонымен қатар «Айқын» газетінде «Келімбетов меңзеген бір-екі ойыншы кім?» деген мақала басылды. Өткен аптаның соңында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеме жасап, журналистердің «теңге-доллар бағамының мол мөлшерде ауытқуларын қалай түсінуге болады?» деген сұрағына «Бұл - бір-екі «ойыншының» құйтырқы әрекеті. Бірақ біз теңгенің аса ірі көлемде құсыздануына жол бере алмаймыз. Сол мақсатпен сатылымға екі рет доллар массасын шығардық» деп жауап берді. «Біз бұған дейін де теңгенің құнсыздануы мүмкіндігі жоқ екенін нақты дәлелдермен ғылыми негіздеп, оқырманға түсіндірген болатынбыз. Бұл жолы Ұлттық банк төрағасы меңзеген «бір-екі ойыншы кім және олар не істей алады?» деген сұраққа жауап беруді жөн көрдік», - деп жазады мақала авторы.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен арадағы сұхбат «Ана тіліміз - арымыз, нарымыз» деген тақырыппен берілген. «Шынымен де, терминология саласының дамуымен қатар, жекелеген кемшіліктердің орын алып отырғандығы рас. Өздеріңізге белгілі, кез келген сөздік - бұл авторлық еңбек. Сөздіктер, негізінен, құрастырылатындықтан, автордың жеке ұстанымымен тікелей байланысты. Ал біздің мақсатымыз - әр терминнің оларға қойылатын талапқа сәйкес бір ұғымды білдіруі, бір тілдік бірлік ғана болуын қамтамасыз ету. Осы ретте терминдерді реттеу, біріздендіру бағытында Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында мүмкіндігінше көбірек термин бекітіп, солардың негізінде салалық терминологиялық түсіндірме сөздіктер әзірленуі, оларды қолданысқа енгізу қажет. Бүгінгі таңда Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы тарапынан Терминкомда қаралатын терминдерге лингвистикалық сараптама жасау, терминдердің дефинициясын анықтау, салалық терминологиялық анықтамалықтар әзірлеу жұмыстары қолға алынып отыр. Терминком шешімдерін көпшілік құптайтынын ескерсек, бұл жұмыстар терминдерді біріздендіруге ықпал ететіні анық. Терминология комиссиясының шешімдері, өз кезегінде, республикалық БАҚ-тарда, «til.gov.kz» порталында жарияланады. Алдағы уақытта қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электрондық базасын құру жоспарланған және терминдерді ғалым, мамандармен бірге жан-жақты талдап, талқылап, бір сөзбен айтқанда, сүзгіден өткізіп барып, сапалы терминдерді ғана бекіту үшін терминологтар мен аудармашылар пікір алысатын электрондық алаң құру көзделуде», - дейді министр.