ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Оқырмандарының өтініші бойынша Кемелдің кітаптары үш-төрт реттен қайта басылып отырды.
Әзілхан Нұршайықов
Қазақстанның халық жазушысы
1961 жылы Кемел Тоқаев «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы қызметінен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Жаршы - Ведомости» Бас редакциясының Бас редакторы лауазымына тағайындалады.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Кемел Тоқаевтың басшылығы кезінде Жоғары Кеңесте қызмет істедім. Сол кезде бүгін пайдаланылып жүрген ондаған терминдерді қазақшаладық. Өз жұмысымызбен қатар Терминком шаруасын да атқардық. Қазақтың ресми жазу стилін қалыптастырдық. Уақытпен санаспай ана тілімізді көркейтуге қызмет атқардық.
Баймырза Дәуренбеков
Еңбек ардагері, жазушының замандасы
Кітаптары жүз мың данамен оқырмандарына жол тартты. Кемел Тоқаев шығармаларын орыс тіліне сапалы аудару мәселесін ойласа да Мәскеулік тәжірибелі аудармашыларды тартуға жағдайы жетпеді. Қаламгер қаламақысы белгіленген шеңберден аспайтын.
Жетпісінші жылдары мықты туындысын Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан аударады. Сірә бұл батыр Бәукеңнің майдандас замандасына құлаққағыс сұрауы болса керек. Негізінен Кемел Тоқаевтың шығармаларын Жазушылар Одағы мен "Простор" журналының жауапты хатшысы Ростислав Петров тәжірмалаған.
Кемел Тоқаев өмірге ғашық жан еді. Қаламгерлік қағидасын - іс деп санады. Ол үшін бұл іс - көркем әдебиет болатын. Кейіпкерлерін ойдан іздеген жоқ. Өзі бастан кешкен қаһарлы күндерден тапты. Архивтерде том - том болып жатқан тарихи деректерге тіл бітірді. Жазушының қаламынан туған «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Арнаулы тапсырма», «Қастаңдық», «Ұясынан безген құс», «Көмескі із», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға» сияқты кітаптарынан әлі талай ұрпақ іздегенін табары сөзсіз.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Кемел аға Тоқаевпен біз үнсіз табыстық. «Сарғабанда болған оқиға» хикаясын оқыдым. Ұнаттым. Ұнатып қана қойған жоқпын, таңғалдым. Кемел аға киелі қазақ әдебиетінің жаңа арнасын ашты. Шытырман оқиғалы шымыр шығармалар жазды. Кемел ағаның туындылары оқырман жүрегі деп аталатын алтын межеден бір-ақ табылатын. Кітаптары дүкен сөресінде бір күн де жатпайтын.
Әкім Тарази
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Жазушылық өнердегі ең қиын машақат - кейіпкердің жан толқыныстарын бейнелеу. Әрбір шығармадағы оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысы Қаламгер өмірінің танымы мен талғамы, сараптауы мен саралауының жемісі. Кемел Тоқаев «Ұясынан безген құс» романында ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» тағылымын дамытады. «Қазақы ұямыз - таза, пәк ұя. Содан безсең - азғындайсың» деген идеяны мұрат еткен құқық қызметкерлері - қазақ ұлтының ар - ұятты, мал - жаннан биік қоятын мораліне сүйеніп өз міндеттерін орындайды. Жазушы сол кездегі әдебиетте айтылмайтын Ұлт тақырыбына тоқталып, ағайынның ала болмауын кейіпкерлерінің әрекетімен баяндайды. Қазақтың бір - біріне әділетті қарым - қатынасы ел бірлігін, ынтымағын, ұлт ұясын қадірлеп - қастерлеуге бастайды деген көкейтесті ойын романдағы сюжеттермен жеріне жеткізе пісіреді .
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Кемел аға қанағатшыл, рақымшыл, қайырымды, жомарт адам еді. Жүрегі үлкен, жастарға қамқор болды. Жоғары Советтің сессиясы кезінде орысшадан қазақшаға аударуға баспанасыз жүрген жас журналистерді кезекпен шақыртатын. Орысша сөйлейтін депутаттарды қазақшаға аударудан алатын қаламақымыз қомақты, шамасы жарты жылдық жалақымыз шығатын. Бала - шағамызды қуантып, тұрмысымызды түзеп алатынбыз.
Әбдеш Қалмырзаев
Философия ғылымдарының докторы, профессор
Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» романы «Атаманның ақыры» фильмі шыққан соң жазылды. Атаман Дутовтың көзін жоюға байланысты оқиғаның кітапта жазылған нұсқасы киноны тамашалаған көрермендер үшін өте қызықты да тартымды кітап болды. Оқырман фильмде көрген кейіпкерлерінің бұрынғы және кейінгі бастан өткергендерімен танысты. Жазушы сақшылар мен чекистердің ауыр еңбегі жайында әңгімелей отырып, олардың партия нұсқауларын емес, өз қызметтерін адал атқарғанын жазады. «Соңғы соққыны» әдеби сын қазақ әдебиетіндегі нағыз детективтік роман деп бағалады. Шабытына шабыт қосқан осы шығармадан соң Кемел Тоқаев мұрағат мәліметтеріне сүйеніп, шетелде чекист болған қазақ барлаушысы туралы романға кіріседі. Естеліктерден оқығанымыздай қазақ чекисінің кәсіби шеберлігі мен жұмысының нәтижесі даңқты барлаушылар Рихард Зорге мен Рудольф Абельдерден кем түспесе керек еді. Өкінішке қарай, «Қазақ чекисі» романы жазылмады...
1978 жылы «Жалында» жарияланған Кемел Тоқаевтың жаңа романының үзіндісіндегі бір сөйлем сөз жазушыға қарсы науқанға желеу болды. Орталық Комитеттен түскен шұғыл нұсқаумен журналдың сол нөмірі өртелді. Барлық шығын қаламгердің қалтасынан төленді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Жаршы - Ведомости» Бас редакциясының Бас редакторы лауазымынан босатылды. Бұл аз дегендей, ЦК бөлімдерінің дөкейлері ардагер жауынгерді партиядан шығаруды ұсынды. Ешкім сол фактінің Сакен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында жазылғанын елемеген. Мұрағатта ашық тізімде тұрғанын да ескергісі келмеген.
Сол бір сындарлы сәтте Орталық Комитеттің хатшысы, соғыс ардагері Саттар Имашев қана Кемел Тоқаевтың әскери және әдеби еңбегін ескеруге шақырып, асыра сілтеушілердің ентігін басты.
Бұл кезде газет-журналдар жазушының шығармаларын жариялаудан бас тартқан. Мұрағаттар есігі жабылды. Нақты деректерсіз «Қазақ чекисі» романын жазу мүмкін болмады. Детектив хикаяттарына нүкте қойылды...
Көпті көрген қазыналы тұлға өзіне тән темірдей төзімі мен сабырлы мінезін көрсетті. Әдебиет жолында басын бәйгеге тіккен жазушы Кемел Токаев - тілегі бір, жүрегі бір миллиондаған оқырмандарына бастан кешкен жәйттерден тәлім алар өрелі де өнегелі ғұмырнамасын қағазға түсірді.
"Солдат соғысқа кетті" осылай жазылған еді. Бұл роман да үлкен таралыммен шығып, өз оқушыларына жетіп жатты. Оқырман алдындағы мұндай табысты идеологиялық қызметкерлер мен кейбір жазғыштар қызғанды. Солар кезекті рет мәскеулік «Литературная газетада» лас пиғылды сыни мақала ұйымдастырды. Бірақ баспалар жазушының кітаптарын жүздеген мың тиражбен шығарып жатты. Баспагерлерге табыс табу керек. Өтпейтін кітаптардың шығынын жабу керек. Ал, оқырмандар сүйікті жазушысының кітабын дүкендерге түсісімен сатып алып жатты.
Кемел Тоқаевтың Ұлы Жеңістегі ерлігі мен соғыс тақырыбындағы шығармалары жоғары бағаланды. Жеңістің 40 жылдық мерекесінде I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бірақ қалалық әскери комиссариат майдангер жазушыны соғыс ардагерлерінің шеруіне шақыру қағазын мереке өткен соң ғана жеткізген. Биліктегілердің жөнсіз әрекетіне іштей ренжісе де, мықты да тәкаппар соғыс ардагері, ешқандай сыр бермеді. Кемел Тоқаев Жеңіс күні барлық медальдары мен ордендерін тағып, халықпен бірге алаңға шықты. Таныс та, бейтаныс та оны мерекесімен құттықтап жатты.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Кемел Тоқаев нағыз аңыз адам еді. Өмірде қарапайым, асып - саспайтын отбасында жайлы Кемел аға ғұмыры бір тарих. Өте бауырмал жан болатын. Жеңгеміз Тұрар да өзіне сай, кісіні алалау дегенді білмейтін. Ағаның үйі ақжайлау, талай сайранды, дәуренді күндер мен түндер өтті ғой.
Қоғабай Сәрсекеев
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бұл ғұмырда жан-дүниеңді түсінер жан-жарың, ісіңді жалғастырар ұл-қыздарың. Жазушының жұбайы Тұрар Шабарбаева елуінші жылдары медицина институтында оқыған. Сол кезеңде тағдыр екеуін Алматыда кездестірген. Жұбайы өзінің де, балаларының да қуаныш пен күйініш-сүйінішімен ғұмыр кешті. Шырайлы шаңырағы оның өмірінің ажырамас бөлшегі еді...
Кемел Тоқаев замандастарына жанашыр, жас жазушылардың шын қамқоршысы болды. Өмірінің соңғы жылдары Жазушылар Одағында жауапты қызмет атқарды. Рухы күшті кісі - құт қонар тұғыр. Талантты жас жазушылар көргені көп, өмірлік тәжірибесі мол қаламгердің айналасынан шықпайтын. Білмегенін сұрап, қызметтік тәжірибесінен тағлым алатын. Кейін солардың бәрі танымал жазушыға айналды, өзі секілді биік лауазымды қызметтер атқарды.
ЗАМАНДАСТАР СЫРЫ:
Соғыста болған, өлім көрген, балалық шағы жетімдік пен жоқшылықта өткен Кемел Тоқаевтың өмір мектебі жас жазушыларға үлгі - өнеге еді. Қызметтес болғанда орыс тіліндегі кітабы "Қазақстан" баспасынан бес жүз мың данамен шықты. Жақсы ағаның қамқорлығын көп көрдік.
Баққожа Муқаи
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Кемел Тоқаев қазақ елінің жарқын болашағына кәміл сенді. Ол қазақтың «Егемен болмай ел болмас» деген мақалын жиі қайталаушы еді. Қазақстан шет жұртта өзінің дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз мемлекет болатынын айтатын.
КЕЛГЕН СОҢ ЖАРЫҚ ДҮНИЕГЕ,
ӨМІРДІҢ БІР БОЛАР МӘНІ.
ДҮНИЕНІ БҰДАН ДА ЖАРЫҚ ЕТІП,
НҰРЛАНДЫРСАҢ АЙНАЛАҢДЫ!
"АДАМЗАТТЫ ЖАРАТҚАН МАХАББАТПЕН",
БІЛІП ОНЫ, ШЫҒАРМАЙ ӘР КЕЗ ЕСТЕН,
ЖОЛЫҢДЫ ҒҰМЫРЛЫҚ ЖҮРІП ӨТСЕҢ,
ЖАҚСЫ ІС, ТАЗА КӨҢІЛ, АҚ НИЕТПЕН!