Сол көштің алғашқы легінде елге оралған, көпшілік оқырманға түрлі тақырыптағы журналистік, этнографиялық зерттеулерімен, әңгімелерімен танымал болған белгілі публицист Бекен Қайратұлын әңгімеге тартқан едік.
- Биыл ел Тәуелсіздігімен бірге қазақ көшіне де 25 жыл толып отыр. Ұлы көш атамекенге не әкелді?
- Қазақ жұртының әлемдік қауымдастық алдында мойындалған тәуелсіз ел болып шаңырақ көтеруі - ғасырдың, бір дәуірдің айшықты оқиғасы. Сол кезеңнен басталған 25 жылдық ел шежіресінде, жас мемлекеттің орнықты өркендеуіне, тұғырына қонып есеюіне бағытталған түрлі экономикалық, саяси, мәдени реформалардыңбірде олақ, бірде шолақ болуы мүмкін. Ал, одан маңыздысы өз шаңырағын қастерлеп, шайқалтпай ұстайтын, соған ынталы, мүдделі, мемлекеттің тіреуі болып отырған халық ұлттық болмысын, құндылығын сақтай отырып өсіп-өнуін тоқтатпауы керек.
Қазақ жерінде Кеңес билігі орнағаннан кейін «ескінің қалдығы» деген ұғым пайда болды. Бұл ескінің қалдықтары деп отырғаны ұлтымыздың мінезі, сипаты, діні, фольклоры, дәстүрлі мәдениеті секілді ұлтты айшықтап, бейнелеп көрсетіп тұратын барлық ұлттық құндылықтары болатын. Сол кезеңде билік тарабынан «ескінің қалдықтарын» төбесінен жай түсіріп құртып, жойып жіберуге күш салынды. Осындай тегеурінді отарлаудың қанды шеңгелінен зорға құтылған халқымыз тәуелсіздікке бар болмысынан жұтап, есеңгіреп жетті. Ал, тәуелсіздіктің таңы арайланып атқан тұста шетелден қазақ даласына бағыт алған ұлы көш атамекенге қазақ халқын, олардың болашақ ұрпақтарын жетелеп жеткізді. Атажұртына қоныс аударған қандастарымыздың бойында, санасында, болмысында осы ұлттың асыл құндылықтары барынша сақталған болатын. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «біздің суала жаздаған сортаң теңізімізге, шеттен келген оралман бауырларымыздың қосылуы таза бұлақ сияқты әсер етті», - дейтін салмақты сөзі көшке берілген әділ баға еді. Бұл жерде жазушы экономиканы айтып отырған жоқ, қазақтың салт-дәстүрімен ұлттық құндылықтарын меңзеп отыр. Былайша айтсақ, Қазақстанның экономикасына, мұнайына, газына, түсті металына, ауыл шаруашылығына шетелдіктер инвестиция құйып өркендетіп, дамыта алса да, қазақтың байырғы болмысын қалпына келтіріп, ұлттың руханиятын түлетуге көмектесе алмайтыны анық еді. Міне осы инвестицияны оралман бауырларымыз ғана елге әкеле алды. Бұның қадыр-қасиеті ешбір дүниемен өлшенбейді. Халықтың тағдыры, ұлттың тағдыры заттық байлықтан қашанда биік тұруы ләзім. Кей адамдардың «Оралмандар экономикамызға қандай үлес қосып жатыр?», - деп сұрайтыны, осыны түсінбеушіліктен туып отыр.
- Бір жазбаңызда «Атамекенге алғаш көшіп келген жылдары маған ең көп қойылатын сұрақ мынау еді: «Қайдан келдің?», «Неге келдің?», «Не әкелдің?». Осы үш сұраққа үш өлең жазып, жауап бердім»,- депсіз. Осылай өлең жазуыңызға не себеп болды?
- Жоғарда айтып өткен «ескінің қалдықтарына» өштескен Кеңес билігінің екінші бір жауы шетелдегі қазақтар болды. Билік жауапты жұмысқа тұру немесе партияға мүше болып кіру үшін шетелде туысың болмауы керек дейтін. Жай адамдарға да бүкіл 70 жылдық билеп-төстеу кезінде шетелдегі қазақтарды қашқын, зорекер, елді қанап, тонап қашып кеткен жаман адамдар деп жек көру дәріптелді. Біз көшіп келген 91 жылдары осы мәселе жоғары деңгейде тұрды. Адамдар санасында қатып қалған қатқыл сұрақтарын бізге көлденең тартты. Сондықтан қоғамдағы кейбір алжасқан, надан санаға жауап беруге тура келді. Бұл өлеңдер жайшылықтан емес, сол қайшылықтан туды...
Не әкелдің дейсіз бе?
Бабамның мұратын әкелдім,
Қажымас қуатын әкелдім.
Ескі қазақтың,
Инабат-ұятын әкелдім.
Өнердің көрмесін әкелдім,
Қыздардың зердесін әкелдім.
Сіздер ұмытып қалған,
Қазақтың бейнесін әкелдім.
....
Атамекенге неге келдім?
Алтын Ордамды көрейінші деп келдім,
Қолым ұшын берейінші деп келдім.
Шетте тудым, шетте өстім ағайын,
Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.
...
Қайданкелдіңдейсізбе?
Алтай таудың ар жағынан келдім,
Бай-өлке аймағынан келдім,
Әлі өңі бұзылмаған,
Қазақтың қаймағынан келдім.
...
- Сізді Қазақ еліне жетелеген қандай арман-мақсат болды?
- Мен туғанда, яғни, есімді білгенде ортам тап-таза қазақ еді. Кәдімгі көшпенді өмір болатын. Көшкенде кәдімгі түйемен көшеміз, біз сияқты жас балалар жүкті түйенің үстінде кебеженің ішінде, шайқалып кетіп бара жатамыз...
Жайлау қандай еді? Басқасы басқа, кешкі жамыраған қозының даусын әлі сағынам. Біздің үйде радио қабылдағыш болды. Кешке «тоғыздың хабары» дейтін 30 минуттық аймақтың жаңалығы мен концерті аралас ақпарат айтады. Оны тірі адамның бәрі тыңдайды. Бұдан басқа ешқандай жаңалық көзі жоқ. Осы «тоғыздың хабарынан» қазақстандық өнер адамдарының айтқан әндері анда-санда беріліп тұрады. Маған тұңғыш рет «Қазақстан» дейтін ел барын естірткен осы радио.
1980 жылы орта мектепті тәмамдап, Ұлан-батыр қаласындағы Әскери институтқа курсант болып қабылдандым. Аса ауыр сынақтан өттік. Күніне 15-20 шақырым кросс жүгіреміз. Жолымызда Кеңес Армиясының әскери қосындары орналасқан. Биік дуалдың сыртына солдаттар қиқалақтатып жазулар жазыпты. Жүгіріп келем, оқып келем... «Чимкент» деп тұр. Көзіме оттай басылды. Қаптаған қалқа-моңғолдың ортасына үйірлесе алмай жүрген мен бейбаққа ана жазу қол бұлғап тұрған атажұртым сияқты елес берді...
Ақыры Қазақстанға ел көшті. Бұл 1991 жылдың наурыз айы болатын. Иә, ақсарбас, енді не тұрыс!!! Тура мамыр айының басында басшылықтың атына армиядан босату жайлы өтініш жаздым. Мұндай мүмкіндік ғасыр тұр ғой бір дәуірде туа бермес.
Осындай толқулы күндердің бірінде, «не ақыл айтар екен» деген үмітпен Қайымхан дейтін ағай бар еді, соған бардым.
- Оу, Кәке, Қазақстанға кетпекшімін, бардым дейік, ол елге қандай пайдам тиеді менің?.. Кәкең әдеттегідей құнжыңдап риясыз күлді.
- Құдай-ау, болмаса ондағы қазақтың саны бір адамға көбеймей ме?
Менің ғұмырлық танымыма қамшы болған осы сөз. Қазірдің өзінде бір оралман көшіп келсе, «қазақтың саны бір адамға көбейді» деп қарап тұрамын.
Сол уақытта мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданына баруға бекіндім. Тарбағатайға баратын себебім: Қазақстанға көшуді ойлаған күннен бастап «Қайда баруым керек?» деген сұраққа басым қатты. Содан ҚазССР энциклопедиясы дейтін 12 томдық зілдей кітапты екі апта ақтарып қоныс іздедім. Сол кітапта: «Кеңес заманында құжат-қағаздары қазақ тілінде жүргізген жалғыз аудан бар. Ол - Тарбағатай» деп жазылған екен. Осы сөз менің ол жаққа атбасын бұруыма себеп болды. «Қайда барсам да, қазағы тұнық жерге барайын».
Осы жерде бір қызық айтайын. Иркутскіден пойызға отырып Қазақстанды бетке алып жолға шықтық. Түнде пойыз Жалғызтөбе стансасына келіп тоқтады. Сол жерде біз баратын совхоздың көлігі күтіп тұр екен. Отырғызып алды да салдырлатып тартып отырды. Жүріп келеміз. Жолды жатқа білемін. Картадан қарап біліп алғам. Қасымда совхоздың кәсіподақ ұйымының басшысы қара мұртты біреу отыр. Мен болсам әлгі адамға, алдымызда Көкпекті, одан кейін Ақсуат, Ақжарға да таяп қалдық... деп әңгіме айтып қоям. Мұртты үнсіз. Маған біртүрлі ежірейіп қарайды. Сөйтсем ол бейбақ менен қорқып келе жатыр екен. «Бұл пәле бәрін қайдан біледі, мынау нағыз тыңшы шығар». Бұл - мұрттының ойы. Артынан маған өзі айтып, қарқ-қарқ күлгені бар.
- Соңғы жылдары көштің қарқыны неге саябырлап қалды?
- Жүрегің қалап, атамекеніңе ықыласың ауып, қанша құлшынып келсең де, бір елден, бір елге қоныс аудару оңайға түспейді. Елге келген соң тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу сияқты заңмен реттелетін көптеген мәселе алдыңнан шығады. 2010 жылы шыққан жаңа заң оралмандардың азаматтық алуын тіптен қиындатып жіберді. Бұл атажұртқа оралам деген ағайынның аяғына тұсау болғаны анық. Бүгінгі күні сол кемшіліктер жойылып, біртіндеп қалыпқа түсіп келе жатыр.
- Қандастарымыздың қоныстануына арнайы өңірлерді белгілеп беру дұрыс па?
- Бұл өте дұрыс. Мен 91 жылы Моңғолиядан көш бастаған қазақтың бірімін. Сол жылдары 800 отбасының көші-қон жұмыстарымен тікелей айналыстым. Солардан 400 шаңырақ Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударуға өтініш жасаған. 200 отбасы Зайсанға, 100 отбасы Тарбағатайға көшіп келдік. Себебі, бұл жерлер осы көштегі ауылдардың бұрыннан ата-бабалары қоныстанған, түпкілікті мекені болған. Әйтседе көшіп барғандарға сол қоныс жайлы болмапты. Зайсанға барған 200 шаңырақтың 180-ні жерсінбей қайта көшіп кетіпті. Оның көп себептері бар...
Ал, сол тұста Моңғолиядан Қазақстанның солтүстік өңіріне көшіп келген 60 мың қазақ орнығып, отырақтасып қалды. Бұл жерлерде адам аз, жер кең болды, жергілікті тұрғындардың көбі орыстар еді. Олардың тарабынан қызғаныш, түртпек болған жоқ. Заңды белден басатын ұрлық-қарлық, жемқорлық аз болды. Қандастарымыз көшіп келген ауылдарда жаңа мектеп, ауруханалар ашылып, мұғалім де, директор да өздері болып жұмыс істеді. Сол қиын жылдардың өзінде шетелден келген қазақты бауырына басқан өңірдің, бүгінгі күні қандастарымызға құтты қоныс бола алатынына сенімдімін.
- Жақында «Қазақия қалай отарланды?» кітабыңыз оқырманға жол тартты. Осы кітаптың соңғы тарауындағы «Отарлаудың зардабы және одан құтылудың жолы» тақырыбы бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселе екені даусыз. Сол қыр соңымыздан қалмай, етегімізден тартқылаған зардаптар мен кесірлер туралы айтсаңыз?
- Петр І бастап, Хрущев-Колбиндерге дейінгі отарлаушылардың басқыншы әрекеттері Қазақтың жері мен елін жер бетінен құртып жіберуге шақ қалдырды. Осындай күрделі тарихи кезеңдер арқау болған кітап сегіз бөлімнен тұрады, көлемі - 400 бет. Үш ғасырлық отарлаудағы оқиғалар тақырыптық әрі уақыттық ретпен баяндалып, олардың себеп-салдарына үңіліп, жіліктеп-жіктеп жазуға тырыстым.
Отарлаудың ұлтымызға салған ойраны мен зардабы өте ауыр. Отарлық жүйе біздің жерімізді ғана отарлаған жоқ. Мінезіңді, салт-дәстүріңді, жан-дүниеңді, бүкіл болмысыңды отарлады. Отарланған сана, отарланған идея, отарланған тұрмыспен өмір сүруге тура келді. Былайша айтқанда, қазақ емес дүбәра қылып жіберген. Осылардан арылмайынша өз болмысыңа орала алмайсың. Отарлаушыларға жағымпазданып, солардың тілінде сөйлеуге талпынасың, оларға жақпаған дүниеңнен, өзіңнен-өзің арсынасың, өзіңді қор санайтын кембағал сана жаныңа маза бермейді. Ал отарланған қазақтың көзқарасындай сұмырай көзқарас жоқ. Олар қазақ болып жүргісі келетіндерді өсірмеу, шаужайынан қағу, басыну арқылы отарлаушыларға жағынғысы келіп тұрады. Тілін қастерлеп, салтын ұстанған қазақтар мен оралмандардың руханиятын түзеп, қоғамның әр саласында жанталасып еңбектенуінен де қауптенеді. Осындай батпандап кірген кембағал санадан құтылу үшін отарланбаған тарихымызды жазып, отарлық жүйенің барлық зардабын ашық айтуымыз керек. Отарлықтан тартқан азап пен қорлықты білгеніміз жөн. Бұл арқылы біреуді шауып алайық, кек қуалайық деп отырғанымыз жоқ. Ұрпақтарымызды шынайы тарихи санамен тәрбиелеуге жол ашсақ деген ой. Кеңес заманында әдеби санаға жол ашық болды, қанша кітап жазсаң да ерік өзіңде, халықтың санасын сілкіндіріп, оятпасаң болды. Оған беретін сыйлық та, ақша да мол болды. Сондықтан тарихи санамен, тарихи жады қалыптастырмай болмайды.
Жүйрік ақын Есенғали Раушановтың мына бір шумақ өлеңінде отарлаудың зардабы жақсы образ тапқан.
Мен қайырылдым, сен-дағы бұрылшы, інім,
Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.
Аяғыма қараймын- шідерім жоқ,
Неге қақсай береді жіліншігім....
- Соңғы уақыттарда шыққан тағы бір кітабыңыз «Қазақтың атбегілік өнері» жоғымызды түгендеген, ұлтымыздың руханиятына қосылған кесек олжа болды. Кітаптың құндылығына, қоғамға қажеттілігіне тоқталсаңыз.
- Табиғатпен етене, тел өскен қазақтың, айналасындағы тіршілік атаулыға жақындығы, оның сыры мен өзіндік тілін түсінетін ерекше сұңғыла түйсігі әлсіреп барады. Сондықтан бабалары жылқының тілін білген қазаққа «Қазақтың ат бегілік өнер» туралы кітап жазып ұсындым. Бүгінгі қазақтың бәрі атбегі болып кетсін деп те жазғам жоқ. Бұрын қазақтар жылқыны дүбірінен таныған. Үйде отырып ақ, сырттағы атты «бұл Күнгейбайдың көк жорғасының жүрісі» немесе «бұл Қалқабайдың тор атының жүрісі ғой» деп жылқыны дүбірінен, аяқ дыбысының ырғағынан біліп отырған. Ал қазіргі қазақтарда осы танымдық жады әлсіреп кеткен.
Кітаптың алғашқы бөлімі жылқының сыртқы келбеті, ішкі ағзаларын, жүріс-тұрысын баян етсе, екінші бөлімінде жылқы мүшелеріне жеке-жеке тоқталады. Жүйрікті тану тәсілдері, бұл жолдағы қазақ сыншыларының көрегендігі баяндалған. Ал үшінші бөлім, жүйрік пен жорғаны баптауға арналса, төртінші бөлім жылқының түсі мен ен-таңбасына, жабдықтарына, жайылымына, жасын анықтауға, қазақ жеріндегі жылқы түрлеріне, жылқы өнімдері туралы айтылады. Соңғы бөлімде жылқы аурулары, жылқыға қатысты бұрын белгісіз болып келген тың сөздер, жаңа терминдер, өзге де тақырыптар желі тартады.
- Әңгімеңізге рахмет.
***
Бекен Қайратұлы - 1963 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы «Қобданқол» ауылында дүниеге келген. Ұлан-батыр қаласында орналасқан Сухе-батор атындағы Әскери Жоғары Институттың «Артиллерия» бөлімін 1984 жылы лейтенант шенінде үздік бітіріп шыққан.
1984-1991 жылдар аралығында әртүрлі әскери қосындарда взвод командирі, саяси қызметкер тәрізді міндеттерді абыройлы орындап, 1989 жылы Моңғолия Жастар одағының жоғары наградасы «Үздік интеллигент» алтын медалімен марапатталған.
1991 жылы Қазақстан Республикасына қоныс аударып, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қоныстанған. 1995 жылдан бастап баспасөз саласына қатысып, аудандық «Тарбағатай нұры» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған.
1997 жылы бұрынғы Ақмола қаласына (қазіргі Астана қаласы) қоныс аударып, қалалық «Астана ақшамы» газетінде тұрақты жұмысын бастады. Елорданың өсіп-өркендеуіне қатысты көптеген публистикалық туындыларды өмірге әкелді. Шығармалары - «Ақордалы Астана», «Бағаналы орда - басты орда» атты жинақтарға енді. Және ұлттық рухани һәм шетелдегі қазақтар тақырыбына қатысты жазылған «Күміс жамбы» атты кітабы, «Қазақтың атбегілігі өнері» атбегілік туралы жазған әдістемелік оқулығы, үш ғасырлық отарлаудың барысын баяндаған «Қазақия қалай отарланды?» атты кітаптары жарық көрген.
Сондай-ақ, «Тіл және қоғам», «Оян. Намыс.кз» журналдарының бас редакторы, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының Астана қалалық филалының жетекшісі секілді жауапты жұмыстар да атқарған.
Журналист ретінде Қазақстан Журналистер Одағы тағайындайтын «Жылдың үздік журналисі» атағын (2009 ж.) жеңіп алды. Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» (2009 ж).