Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев майданда ерліктің, елде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен еді

РАЛ. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кеңес Одағының Батыры Есен Шегірейұлы Орақбаев (1922-2002) - Батыс Қазақстанда ардақталып келе жатқан айтулы тұлғалардың бірі. Ол 1922 жылғы шілденің 3-інде Батыс Қазақстан облысы, Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданының Қарағай ауылында шаруа отбасында дүниеге келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғысқа Фурманов (қазіргі Жалпақтал ауылы) педагогика­лық училищесінің 3-курсында оқып жүрген жерінен өз еркімен сұранып аттанды. Кеңес Армиясы қатарында 1942 жылы алынып, 1943 жылы Ростов зеңбірек училищесін бітірді. 610-атқыштар полкының (2-Украина майданы, 53-армия, 203-атқыштар дивизиясы) взвод командирі Есен Орақбаев көптеген ұрыстарға қатысты, жаудың бірнеше танкісі мен өзге қаруын, адамдарын жойып жіберді.

1944 жылғы қарашаның 7-сінде Е.Орақбаевтың шабуылдаушы тобы дұшпанның толассыз жаудырған оғының астымен зеңбіректерін Тисса өзенінің батыс бетіне алып өтті. Шаруд (Венгрия) елді мекенінің маңына бекініп, немістің зеңбірегін, екі пулеметін жойып, атқыштар дивизиясы бөлімдерінің алға жылжуына жол ашты. Танкке мінген фашистер кеңес әскерін өзенге қайта шегіндіруге бірнеше мәрте әрекет жасады. Осы ұрыста Есен Орақбаевтың зеңбірегі танк пен бронды транспортерді жарып жіберді. Кешке таман толас тапқан шайқас таңға қарай орасан күшпен қайта жалғасты. Ұрыста серіктерінен айырылғанына әрі ауыр жараланғанына қарамастан Есен Орақбаевтың зеңбірегі екі жау танкісін, бір өздігінен жүретін зеңбіректі, екі бронды транспортерді іс­тен шығарды, бір ротаға жуық жаудың жаяу әскерін жер жастандырды.

Әскери тапсырманы үлгілі орындағаны және асқан ерлік көрсеткені үшін Есен Орақбаевқа 1945 жылғы наурыздың 24-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1946 жылы запасқа шыққан ол 1949 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіріп, әуелі Чапаев ауданы «Алғабас» кеңшарының, сосын Жаңақала ауданы "Красногор" кең­шарының директоры болды. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұл­дыз ордендерімен, медальдармен марапатталған ол бейбіт кезеңде де ерге тән мінезбен екпінді еңбек еткен. Бұған өз замандастарының жылы лебіздері, естеліктері дәлел.

Соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығын Астанада тойлағалы отырған Мәжит Жадановтың айтуынша, ол 1972 жылғы наурыз айының 28-інде қайта құрылған Жаңақала ауданының ХХVІІІ партия конференциясы өтіп жатқан тұста Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевпен кездескен.

- Сонда ағамыз батырмын деп көкірек кермейтін, сараң сөйлеп, ойлы пікір айтатын байсалдылығын бірден байқатты. Кейін Есен ағамен аралас-құралас, тіпті дос болып кеттік.

Кеңестік дәуірде маусымдық, науқандық жұмыстардың жүргізілуіне орай шаруашылықтарға уәкіл жіберіліп отыратын. Бірде Есен Орақбаев басқаратын "Красногор" кеңшарына уәкіл болып бардым. Есен Шегірейұлы дереу ферма басқарушыларын, бас мамандар мен бригадирлерді жинап, жиналыс өткізді. Бәріне "Өзімізді де, келген уәкілді де ұятқа қалдырмай, жұмысқа қарқын туғызайық" деген ұсыныс айтты. Содан кейін шаруашылықта жемшөп дайындау едәуір қарқын алды. Тапсырмамен барған сайын батырмен шаруашылықты бірге аралайтын едік. Жұмыс барысында байқалған кемшіліктерге байланысты кісі бетін жыртып, дауыс көтермейтін. Орын алған кемшіліктерді түзеу жөнінде ферма басқарушысына, сала мамандарына тапсырма беретін-ді. Кейін оның қалай орындалғанын бақылайтын. Бұл тәсіл, бір жағынан, сала мамандарының өз ісіне деген жауапкершілігін арттырса, екіншіден, жіберілген кемшіліктерді түзеу жолында әрекет жасауына мүмкіндік беретін.

Батыр басқарған шаруашылық негізінен мал өсірумен шұғылданды. Директор ауру малды бір орталыққа жинап, сауықтыру орнын ашты. Ережеге сәйкес орын жасақталды. Қажетті дәрі-дәрмек, мал азығы жеткізілді. Ем-шараларын жүргізетін дәрігер, жұмыс қолы бөлінді. Онда аудан мал мамандарының семинар-кеңесін өткізді. Жаңалық кең қолдау тауып, кейіннен ауданның барлық шаруашылықтарында емдеу-санитарлық орындары ашылып, жұмыс істеді.

Сол кезде жұмыс қолының жетіспеушілігі үлкен мәселе еді. Есен Шегірейұлы мамандармен ақылдасып, үй шаруасындағы қыз-келіншектермен сөйлесті. Нәтижесінде трактор жүргізушілерін даярлайтын курс ашылды. Оқуға тілек білдірушілер аз болған жоқ. Сөйтіп, мал азығын дайындайтын қыз-келіншектердің "Сәуле" бригадасы ұйымдастырылды. Бригаданы басқару Дәмелі Өтешқалиеваға жүктелсе, тәлімгерлік жасау Күнзира Темірғазиеваға тапсырылды. Шаруашылықтағы қоғамдық малға қажетті жемшөптің 95 пайызын "Сәуле" бригадасы дайындады. Кейін бригада Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Бригада тәлімгері К.Темірғазиева Ленин, "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды. Белгілі композитор Әсет Бейсеуов 1982 жылы Есен Орақбаев 60 жасқа толғанда, кейін республикаға кеңінен тараған «Ағаларым» әнін Батырға арнаса, "Сәуле" бригадасындағы қыз-келіншектер құрметіне «Аққу қыздар» туындысын жазды. Қызылобалықтардың бастамасы қолдау тауып, аудан шаруашылықтарында қыз-келіншектердің трактор бригадалары ұйымдастырыла бастады.

Қоғамдық малға іріктеу, сұрыптау, генетикалық-селекциялық жұмыстар жүргізу де Есен Орақбаевтың басшылығымен қолға алынды. Шаруашылықтағы қазақтың ақбас тұқымды етті ірі қара малы сүтті көп беретін симменталь тұқымды сиырлармен толықты. Биязы жүнді кавказ тұқымды қойлар табиғат жағдайына төзімді еділбай тұқымды қойлармен ауыстырылды. Кеңшар Көшім тұқымды жылқы өсіретін зауытқа айналды. Есен ағаның басқаруындағы шаруашылық ет, жүн, сүт тапсырудан республика көлеміне белгілі болды. Ол сондай-ақ дәнді дақылдардың егіс алқабын көбейтіп, одан жақсы өнім алуға қол жеткізді. Осылайша Есен аға өзінің еңбек майданында да ер екенін дәлелдеп еді, - деп еске алады бүгінде Орал қаласында тұратын Мәжит Жаданов.

Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев 2002 жылы Орал қаласында қайтыс болды. Өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылса, биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Оралдағы Щорс көшесіне Е.Орақбаевтың есімі берілді.

Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Закария Сисенғалидың хабарлағанындай, екі майданның ері Жаңақалада да құрметтеліп келеді. Қызылобадағы орта мектеп Е.Орақбаев атында болса, биыл аудан орталығындағы көшеге Батыр есімі берілді. Жеңістің 65 жылдығына орай ердің мүсіні құйылуда, ол өзінің мектебіне қойылатын болады.