Кеңес заманының «мерседесі» неге бәсекеге төтеп бере алмады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Москвич» автокөлігін Лениндік комсомол атындағы автомобиль зауыты (АЗЛК) шығарды. Ол басында КИМ (Коммунистік интернационал жастар) атындағы Мәскеу зауыты аталынған.

1930 жылдары «Ford» маркалы жеңіл және жүк машиналарын құрастырудан бастайды. Ең алғашқы кеңес көлігі «ГАЗ-АА» екен. Соғыс кезінде 1940 жылдары ол шағын КИМ әскерилерге арналған көліктерін шығарып келді. Соғыс аяқталған соң КСРО Министрлер кеңесі қаулысымен «Москвич» атты жеңіл көлік шығаратын зауыт салынады. Арада екі жылдан соң кәсіпорынан «Opel Kadett K38» нұсқасымен жасалынған «Москвич-400» атты жеңіл көліктер шығарыла бастайды. Бұл халық шаруашылығына емес, бұқараға көпшілікке арналып шығарылған.

Арада көп уақыт өтпей 1954 жылы оның жаңа «Москвич-401» нұсқасы конвейерден шықты. Алайда бұл бастапқы шетелдік нұсқадан аса көп өзгермеген еді. Алайда сұраныс көп, әрі жаңа зауыт отандық технология бойынша көлік жасауды қолға алады. Нұсқа жаңғыртыла береді. «Москвич-402» бұл толығымен кеңес машина жасау кәсіпорнының жемісі болды.

Осы тұста көлікке деген халық сұранысы туралы айта кетсек, негізі кеңес заманында машинаның бағасы қымбат еді. Әрі ондаған жылдар өтсе де өзгере қоймайтын. Модельдің жаңа нұсқасы шыққан кезде оның бағасы бұрынғысынан екі есеге қымбаттау болып келетін. Мысалы: «Москвич-401» - 9 000 сом тұрса, «Москвич-402» - 15 000 сомға бағаланды. 402-ден аса көп өзгерісі болмаса да, «Москвич-407» - 25 000 сом тұрды. Оның бар артықшылығы 10 л. қуатты моторында.

Кеңес  заманында көпшіліктің қалтасы көтеретін «Победа» мен «Москвич» сатып алуға кезекке тұрғандар ай сайын жүздеп, мыңдап өз кезегін тағы бір нақтылап кету үшін ұдайы барып тұратын. Оған келмегендер кезектен шығарылатын. 60-шы жылдары кезекке тұру енді далада емес, дүкеннің өзінде өткізілетін.

Соның өзінде кезектің мерзімі ұзақ еді. Мысалы 1956 жылы 401-ші «Москвич» алуға кезекке тұрғандар тек 59-шы жылы ғана кезегі жетіп, 407-шіні алыпты. 1959 жылы тізімге жазылғандар 6 жылдан кейін ғана кезегі жеткенімен оларға «Москвич» емес «Волга» ұсынылыпты.

70-ші жылдары «Волга» ГАЗ-24 (бұлар өте аз сатылатын) - 9 200 сом, «Жигули» ВАЗ-2101 - 5 500, ВАЗ-21011 - 6 000, ВАЗ-2103 - 7 500, «Москвич-412» - 4 990, «Запорожец» ЗАЗ-968 - 3 500 сом тұрды. Орташа жұмыскердің жалақысы 200 сом шамасында. Машина аламын деп армағандағандар он жылдап ақша жиғанымен, кезекте тағы біраз жыл күтуіне тура келетін.

Көп жыл кезекке тұрғандардың кесірінен машинаның бағасы мемлекеттің белгілегенінен 2-3 есе қымбат болды. Алайда қазіргідей емес ол кезде машина сату тек мемлекетке тиесілі комиссиялық дүкенде өтетін. Олар машинаның бағасын тозуына байланысты мемлекеттік бағалау арқылы белгілейтін. Бұны айналып кетудің жолы болғанымен ол қауіпті еді. Алаяқтық, алыпсатарлық бойынша  заң қатты еді ол заманда. Сондықтан болар бір көлікті ондаған жыл иемденуші еді жұрт. Сату жайында ойламайтын. Бір қызығы халыққа үкімет жеңіл көліктерді сатқанымен жүк көліктері, фургондар, пикаптар жеке меншікке берілмеді.

70-ші жылдары халықтың тұрмысы жақсара түсті. Машина да көп шығарыла бастады. ВАЗ, Ижев зауыты, Мәскеудегі Запорожьедегі зауыттар қайта жаңғыртылды. Алайда машина әлі де тапшы еді. Көпшілікке жете қоймады. Кезектің соңы ұзара берді. Бұл кезек арқылы 10 жылдан соң ғана көлік алуға болатын. Бұл кезде кәсіпорындарға, мекемелерге көліктер бөліне бастады. Енді мекемелерде кезек пайда болды. Ол жерде де мекеменің беделіне байланысты көлік саны белгіленді. Әскерилерге жылына 10 көлік берілсе, зерттеу институтына 1 ғана көлік бұйыратын. Қарапайым халық, зейнеткерлер заңды жолмен осы кезектер арқылы жаңа машина тіптен ала алмайтын. 

Алғашқы «москвичтер» сол кезде сапалы еді. Өз дәуірінде сұранымға ие көлік болып бағаланды. Тіпті «Москвич-408» шетелге көп сатылып келген кеңестердің көліктерінің бірі болды. 1968 жылы АЗЛК-ның экспортының тең жартысы 55% осы модель құрады. Басқа кеңес одағының сапасыз көліктері секілді тек социалистік мемлекеттерге ғана емес, талғамы қатты Батыс Еуропаға да сатылып келді. Ол сол кездегі еуропада шығарылған көліктерге қарағанда біршама тәуір жинақталған бағасы арзан көлік болатын. Оны таңдаушыларды бірінші кезекте бағасы қызықтырды. Сырты да тәуір көрінетін. Франция машинаны Moskvitch Elite 1360, Скандинавияда Moskvich Carat атымен сатылған екен.

70-ші жылдары зауыттың жағдайы нашарлай бастады. Сол кезде кеңес машина жасау құрылымы толығымен ВАЗ-ға ерекше көңіл бөле бастады. Оған арналып жаңа зауыт тұрғызылды. Онда жасалынатын «Фиатты» жолсыз кеңестер одағына жүргізу үшін, КСРО стандартына бейімдеу, зерттеулер көп қаржыны жұтты. Бұл өз кезегінде басқа машина түрлерін тұралатты.

Тольятти зауытына үкімет басшылары келгіштеп кеткесін онда тұрмыс жақсы болды. Пәтерге тез қол жеткізуге мүмкіндік туды. Яғни жақсы мамандар сонда ағылды. Адам ресурсымен қаржы салынған Волға зауыты да кеңес машина құрылысына ауыр соқты.

Солардың кесірінен «Москвичтің» бірнеше жаңа нұсқасы қаржыландырылмай қалды. Бұл «Москвич» орташа тұрмысы бар адамдарға арналуы, жанармай жұмсау жағынан «ВАЗ» және «Волганың» арасында болуы керек деп шешілген болатын. Алайда олардың бәрі тек жоба күйінде қалды. АЗЛК аралас кәсіпорын еді. Уфа зауыты «412-нің» моторын жаңғыртуға көнбей қойды. Сол кезде аса маңызды 1,8 литрлік двигательдің жобасы осылай тоқтап қалды. Бұл зауыт машина құрылысы министрлігіне бағынбайтын.

«Москвичтің» сәтті шығарылған нұсқаларын «жерлеуге» басшылықтың жиі өзгеруі өз үлесін қосты. 1974 жылы АЗЛК-ның бас конструкторы Александр Андронов кейін бас суретші Борис Иванов та оның соңынан  зейнеткерлікке шықты. Халыққа жаңа көлік шығармаған, әрі модельдерді жетілдірмеген зауыттың беделі төмендеп, шығыны арты түсті. Алайда зауыт қол қусырып отырмағаны белгілі. АЗЛК жол таңдамайтын «Ниваға» бәсекелес «Москвич-2150» жасауға талпынды. Бірақ бұл модель тек сынақ нұсқасы ретінде қалып, қолдау таппады.

Бұл тұста оның беделі түсіп, оның орнын «Жигули» иемдене бастады. Жаңа технология мен идеяның нұсқасы болған ВАЗ машиналары бар жағынан тәуір еді.

1976-1977 жылдары «Москвичті» шетелге экспорттау тоқтатылып, үшінші санаттағы дамымаған елдерге ғана жөнелтілетін болды.

1986 жылы 4 млн. «Москвич» данасы шыққанымен бұл сол кездегі жетістік деп ұрандатқан құрғақ цифр болып шықты. Өйткені 1984 жылы дайын өнімнің 90% зауыт ауласында қалып келді. Бұл кеңес заманында АЗЛК-ның өте ауыр халде екендігіне дәлел бола алады. Кеңес одағы тарап, нарық экономикасына өткен тұста зауыт тұралап қалды. Өнімі ешқайда өтпейді. Жаңасын жасауға қаржы болмады.

Зауытты Ресей тек 1997 жылы қайта іске қосты. 1998 жылы желтоқсанда «Москвич» ААҚ 5-ші миллиондық машинаны шығарды. Француздармен бірлесіп жаңа нұсқа жасауға деген талпыныс та нәтижесін бермеді. Нарық тұсында шығарылған «Лада Самара» сапасыздау болды. Зауытты қайта құйылған қаржы мен шетелдік технология құтқара алмады. 2006 жылы толығымен банкрот болды. Осы арқылы бір дәуірдің белгісі бірге кетті.

Кеңес заманында көпшіліктің сүйікті көлігіне айналған «москвич» шетелдің көліктер қаптай бастаған тұста бәсекеге шыдай алмады. Бір жағынан халық үшін деп жаппай шығаруға арналып, арзан бөлшектер қойылуы, ұзақ жылдар бойы машинаның жаңғыртылмауы, жаңа технологияның қолданылмауы оны батыс көліктері алдында тізесін бүктірді.

Қазір де «Москвичті» кездестіруге болады. Алайда өз заманындағы беделінен толық айрылған. Жұртта қалған күйде...     

 

Мақала azlk.ru, drive2.ru, moskvich2140.ru сайттарындағы мәліметтер бойынша әзірленді

 

Жәнібек Амангелді