Кеңістікке таралатын ақпарат шынайы болуы тиіс

АНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат - Маусымның 29-30-ында Астанада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері Ақпараттық кеңесінің ІХ отырысы өтеді.


Осы алқалы жиында қаралатын мәселелерге орай «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясының вице-президенті Кенжеболат Жолдыбай "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісіне сұхбат берген еді.

- Кенжеболат Махмұтұлы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері жетекшілері кеңесінің кезекті отырысы елордамызда өткелі отыр. Алдымен кеңестің басты міндеттеріне тоқталсаңыз.

 - Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырға­нын­дай, бүгінде ақпараттық әріптестікті нығайтуда ұлттық ақпарат агенттіктері арасында өзара ынтымақтастықты дамытудың маңызы ерекше зор. Алдағы кезеңдерде де солай бола бермек. Өйткені, әлемдік қоғамдастық шынайы, нақпа-нақ берілген ақпараттар арқылы елдерде болып жатқан тың өзгерістерден, саяси-әлеуметтік және экономикалық жетістіктерден құлағдар болып отырады. Тығыз әріптестік, өзара ын­ты­мақтастық орната білудің нәтижесінде қыз­меттерін табысты жалғастырып, халықаралық деңгейге көтерілген ақпараттық бірлестіктер де бар. Мысалы, Азия және Тынық мұхит елдері ақпараттық агенттіктерінің ұйымын, сондай-ақ Еуропалық баспа агенттіктерінің альянсін атауға болады.

Ал ТМД ақпарат агенттіктерінің кеңесіне келсек, ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің 2003 жылдың 13 қыркүйегіндегі отырысында Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпарат агенттіктері арасында материалдар алмасу, төтенше және техногендік жағдай­лар­да, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты ақпараттар алмасу туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Міне, осы құжаттарда нақтыланған мәселелерді орындау мақсатында 2003 жылғы 23 қыркүйекте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпарат агенттіктерінің қауымдастығы құрылған еді. "Қазақ ақпарат агенттігі" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы бүгінде осы қауымдас­тықтың белсенді мүшесі болып табылады.

Ал кеңестің негізгі мақсаты мен міндеті - ТМД-ға мүше мемлекеттердегі ұлттық ақпарат агенттіктерінің мүмкіндіктерін барынша пайдала­нуларына ықпал ету арқылы олардың өзара тиімді ақпараттар мен материалдар алмасуларына және Достастыққа қатысушы елдердің саяси-экономикалық өміріне қатысты ақпараттарды жедел таратуларына қолайлы жағдайлар туғызу. Сонымен қатар, ақпараттық қызмет мәселелері бойынша консультациялар өткізіп, кәсіби тұрғыда тәжірибелер алмасуды ұйымдастыру және ақпарат саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі қабыл­данған шешімдердің орындалуы бойынша ұсынымдар әзірлеу, ақпарат алмасуды құқықтық-нормативтік жағынан реттеуге ұсынымдар дайындау. Кеңестің негізгі міндет­теріне осы мәселелер жатады.

 - Ұлттық ақпарат агенттіктері қауымдас­тығының құрылғанына бес жылдай уақыт өткен екен. Қауымдастық осы аралықта қандай іс-шараларды өткізуге ұйытқы болды?

 - Ақпараттық кеңеске мүше ұлттық ақпарат агенттіктері басшыларының қаты­суы­мен өткен отырыстар барысында кеңестің жұ­мыс істеуіне негіз болатын бірқатар құжаттар дайындалды және талқыланды. Мысалы, Ақ­параттық кеңістікті қалыптастыру тұжырымда­масы және құжаттар дайындау мен іс-шараларды өткізуге қатысты перспективалық жоспар дайындалып, бірлескен ақпараттық өнімдерді қалыптастыруда ақпараттар алмасу тәртібі бекітілді. Сондай-ақ, ақпараттар ал­масуды ұйымдастырудың бірқатар ұйымдық және технологиялық мәселелері шешімін тап­ты. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесіне бай­ланысты теледидар және радиотарату саласы жөнінде шешім қабылданған еді. Осыған орай соғыс жылдарындағы фотосуреттердің көрмесі ұйымдастырылып, оны көпшілік тамашалады. Бұдан бөлек соңғы жылдары "ИТАР-ТАСС" "Бүгінгі Ресей" деген тақырыптағы халықара­лық семинарды тұрақты өткізіп келеді. Бұған біздің агенттік те қатысып жүр. Мұның сыртында, қауымдастықтың жеке порталына біз күн сайын еліміздің саяси-экономикалық және мәдени өмірінде болып жатқан елеулі оқиғаларды орналастыру арқылы Қазақстанды әлемге танытуға мүмкіндік алып отырмыз. Кеңестің ұйытқы болуымен жүзеге асырылған басқа да шаралар бар.

 - Кенжеболат Махмұтұлы, "Қазақпарат" агенттігі кезінде мүйізі қарағайдай болған ҚазТАГ-тың мұрагері екенін білеміз. Енді әңгіме ауанын агенттіктің қазіргі даму барысына, ұлттық ақпараттық кеңістіктегі алатын орнына, мәні мен маңызына қарай бұрсақ деймін.

 - Есіңізде болар, 1997 жылы ҚазТАГ қайта ұйымдастырылып, Қазақ ақпарат агенттігі болып құрылған тұс оның қаржы тапшылығы мен нарық қыспағына түскен күрделі кезеңге дөп келген еді. Дегенмен, агенттік нарық жағдайына бейімделіп қана қоймай, барлық жағынан сапалық деңгейге көтеріле білді. Заман ағымының ақпараттық ағынына ілесе алатын кәсіби тілшілер құрамы қалыптасып, ақпараттар саны да, сапасы да артты. Интернет желісіне шығу арқылы біздің жаңалықтарды оқып танысатын тұрақты тұтынушылар географиясы республика аумағынан асып, төрт тарапта да ұлғайды. Жаңалықтар тарату қызметінің ауқымы кеңейіп, ел экономикасы мен әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды жаңалықтарды қазақ тілінде ғана емес, ағылшын және орыс тілде­рін­де таратып келеміз. Агенттіктің ең басты ерек­ше­лігі де, басқалардан айырмашылығы да, міне, осында жатыр. Сонымен қатар, агенттік шет елдердегі қазақ диаспорасының өкілдері үшін төрт жылдан астам уақыттан бері қазақ тіліндегі жаңалықтарды латын әліпбиімен ұсынып отырған бірегей ақпарат көзі болып табылады.

 - "Қазақпарат" еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына, сондай-ақ ынтымақ пен бірлікті нығайтуға қандай үлес қосып келеді?

 - Бұл сауалдардың қойылғаны жайдан-жай емес шығар. Өйткені, Қазақ ақпарат агенттігінің қарқынды өсіп-өркендеуі үшін бірінші кезекте мемлекет тарапынан қолдау жасалды. Бұл қолдау Мәдениет және ақпарат министрлігі мен "Арна-Медиа" ұлттық холдингі тарапынан бүгінге дейін жүйелі жалғасын тауып келеді. Әлбетте, агенттіктің қызметі Қазақстанның әлем­­­­­дік ішкі және сыртқы саясатын ақпараттық қолдауды, еліміздің әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы оң келбетін қалыптастырып, геосая­саттағы орны мен беделін нығайтуды басты нысана етіп ұстанады. Бұл жұмыстар негізінен агенттіктің өз тілшілері мен облыстардағы меншікті тілшілері арқылы атқарылып келеді, ал мұның өзі ел өмірінің тыныс-тіршілігін толық қамтып отыр. Бұл орайдағы хабарлардың тек ақпараттық сипатта емес, заман талабына сай ақпараттық-сараптамалық та мәнге ие болғанын айту керек. Бұрын мемлекет өміріндегі барлық оқиғалар мен жаңалықтар желісі бойынша ғана таралса, енді сол деректер мен дәйектер тө­ңірегіндегі ой-толғамдар мен тұжырым, пікірлер де қамтылып, көлемді сараптамалық материал­дар түрінде "ҚазАқпарат қонағы", "Өзекті пікір", "Апталық шолу" секілді айдарларда көрініс тауып отыр.

Агенттік мұның сыртында сыртқы саясатты, соның ішінде геосаяси мүдделерімізді ақпарат­тық қолдау мақсатында өзінің шетелдердегі тілшілер қосынын да біртіндеп кеңейтіп келеді. Қазір агенттіктің меншікті тілшілері Нью-Йорк, Брюссель, Бейжің, Мәскеу, Магдебург, Таш­кент, Баку, Бішкек секілді қалалардан тұрақты хабар беріп келеді. Таяу уақыттарда Вена, Сеул, Кабул, Теһран қалаларынан тілшілер қосынын ашу да ойымызда бар.

Агенттік, сондай-ақ елімізді әлемдік қоғам­дастыққа таныстыру бағытында да шама-шар­қынша өз үлесін қосуда. Бұл тұрғыда соңғы кездері бірнеше ақпараттық жобалар қолға алынып, іске кірістірілуде. Осы орайда "Зияткер ұлт" жобасын бөле-жара атап айтар едім. Бұл жоба Қазақ елін, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени-рухани жәдігерлерімізді, айтулы тұлғаларымызды әлем жұртшылығына танытуға жұмыс істейді.

Іс жүзінде тағы үш сайттың жүгін арқалаған бұл жоба қазақ мемлекеттігін қалыптастыруға, мәдениеті мен руханиятын дамытуға ерен үлес қосқан, қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мен билер, батырлар мен бектер, ғұлама ғалымдардан бүгінге дейінгі ұлы перзенттері хақында, қазақ жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани жәдігерлер турасында энциклопедиялық-танымдық материалдарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шетелдік аудиторияның назарына ұсынады. Бұл баннерге кірген оқырман "Ұлттың ұлы тұлғалары", "Халық қазынасы" және "Болашақ - кемел білім бастауы" бөлімдерінен қазақ халқының кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы қызықты мағлұматтар табатыны анық. Сонымен қатар, агенттік "Таңғы жаршы", "Ресми жаршы", "Ел, шетел хабарлары", "Бизнес жаршы", "ҚазАқпарат-анонс" секілді жаңалықтар топтамалары мен "Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер" күнтізбесі сияқты ақпараттық-коммерциялық өнімдер де шығарады. "ҚазАқпарат-фото" жеке сайтының жұмысы да қарқын алып келеді.

  - Агенттік сайттарына оқырмандар­дың кіру деңгейі қалай?

 -Жалпы, агенттіктің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі сайттарына күнделікті жеті-сегіз мыңдай оқырман кіреді. Ал үш тілдегі бұл жаңалықтарды Ресей, Қытай, Канада, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Түркия, тағы басқа 50-ге жуық елдерден тәулігіне 800-1000-дай адам тұрақты түрде оқып тұрады. Мұның сыртында агенттіктің сайтына 30-дан аса мемлекетте тұратын қазақ бауырларымыз оқырман ретінде тіркелгенін де айта кеткен жөн. Алыстағы ағайын агенттіктің бұл қадамдарын құптап, ел жаңалығын жеткізуге тырысқан талпынысымызға ризашылықтарын білдіріп те жүр. Осы тұста бір нәрсеге назар аударғым келеді. Агент­тік өнімдерін шетелдердегі қандаста­рымыз ғана емес, сол елдерде тұратын түркі тілдес ұлт өкілдерінің де пайдалануына мүмкіндік бар деп санаймын. Бұл жерде тілдің түп негізі мен айтылу, естілу жақындығын, сөйлем құраудың ұқсастығына қоса, біз ұсынған латын әліп­биі­нің мүмкіншілігін де ескеріп отырмын. Мұның сыртында Ресейге, Еуропа елдеріне қоныс аударған бұрынғы қазақстандық орыс, украин, беларус, неміс, поляк, грек ұлттары бар. Олар­дың барлығын да бауырына басып, баспана берген Қазақстан туралы агенттік тарататын жаңалықтардың жандарына жақын келетіні анық. Яғни, біздің өнімдерімізді тұтыну ауқымы қазақтармен немесе қазақ диаспорасы шоғырланған мемлекеттермен ғана шектеліп отырған жоқ.

  - Өзге елдердің ақпарат агенттіктерімен байланыстарыңыз қандай?

 - Қазір халықаралық байланыстар орнатуда біршама ілгерілеу байқалады. Мәселен, агенттік Түркі мемлекеттері ақпарат агенттіктерінің ұйымы, Азия және Тынық мұхит елдері ақпарат агенттіктері ұйымы секілді беделді қауымдастықтарға мүше. Сонымен қатар, Қазақ ақпарат агенттігі бүгінде РАТА-ТАСС, "Жаңалықтар" РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТа, УкрИнформ сияқты белді ақпарат агенттіктерінің сенімді әріптесіне айналып отыр.

 - Кенжеболат Махмұтұлы, агенттіктің республика аумағына қазақ тілінде тарататын ақпараттарының басым көпшілігі аударма, дәлірек айтқанда, орыс тілінен аударылған ақпараттар болып келеді. Осыған келісесіз бе?

 - Әрине, келісемін...

 - Ендеше, аударма емес, төл ақпараттарды дайындап, оқырмандарға ұсынуға не кедергі?

 - Осыған байланысты бүгінде ең бастысы төл ақпаратты дайындау мәселесін шешуіміз керек. Ол үшін жергілікті жерлерде сол ақ­па­ратты дайындайтын мамандарды дайындау қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Бір жағынан бұл бізге де байланысты шаруа емес. Оның негізі қаржыға тіреледі. Агенттікке келіп түсетін ақпараттар­дың дені орыс тілінде екені рас. Біз соларды қа­зақ тіліне аударып, таратып жүрміз. Менің ой­ымша, бәрі керісінше болуы тиіс. Сонды­қ­тан бұл мәселе тез арада шешімін табуы керек деп ойлаймын. Мұны Қазақ ақпарат агент­ті­гінің "Арна-Медиа" холдин­гімен бірлесе оты­рып шешуге мүмкіндігі бар. Атауы "Қазақ ақ­па­рат агенттігі" деп аталғандықтан, төл хабар­лардың мемлекеттік тілде толыққанды таралуы қамтамасыз етілуі қажет. Сонымен қатар, агенттіктің жұмысын тәулік бойы үзіліссіз жүйеде ұйымдастыру мәселесін қолға алған жөн. Мәселен, жо­ғарыда айтқан іс-шараға қатысатын ТМД-ға мүше мемлекеттердегі ұлттық ақпарат агент­тіктерінің басым көпшілігі осылайша жұмыс істейді.

Мына бір мәселені де айта кеткен абзал. Қазіргі кезде "Арна-Медиа" холдингіне оқырманы мен көрермені де, таралымы да көп беделді ақпарат құралдары топтасты. Олардың ақпарат кеңістігінде алатын өз орындары бар. Сондықтан холдинг құрамындағы БАҚ-тар бір мекен-жайда орналасқаны тиімді болмақ. Сонда журналистер өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйренулеріне мүмкіндік туар еді.

 - Әңгімеңізге рахмет.


"Егемен Қазақстан" Республикалық газеті" ААҚ, 2006