13:27, 22 Сәуір 2009
Кейбір шенеуніктер шектен шығып, азаматтардың заңды жер телімдерін тартып алған ? апталық брифинг
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде кейбір шенеуніктердің қызмет бабын пайдалана отырып, өз жерлерін заңды пайдаланып отырған азаматтардың жер телімдерін тартып алу оқиғалары да орын алуда.
Бұл мәселе жөнінде бүгін апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, Алматы облысында Талғар ауданының әкімдігі мен жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғалары осы мәселе бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда. Олар 2004 жылы «Алтын диірмен корпорациясы» акционерлік қоғамының аумағы 3 мың гектар болатын жерлерін заңсыз алып қойған. «Кейін осы жерлер «Азия групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне берілген. Сонымен бірге Ақмола облысында Көкшетау қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ахметқалиеваға қатысты қылмыстық іс қозғалуда. Ол «Бұқпа» мемлекеттік орман шаруашылығына тиесілі, ауданы 2 гектарды құрайтын жер телімін Ғабдулинаның жеке меншігіне заңсыз беріп жіберген. Бұл
іс бойынша мемлекетке келген шығын 1 миллион 900 мың теңгені құрап отыр», - деді ресми өкіл.