Кез келген халық өзінің ұлттық санасын, рухани келбетін анықтап алмаса, ол жай тұрғындардың маргиналды тобына айналып кетеді - профессор Серік Нұрмұратов

АЛМАТЫ. 28 қараша. ҚазАқпарат - Жаһандану үдерісінің ауқымы кеңейген сайын бірегейленудің шекарасы жойылып келе жатыр. Адамдар әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси даму деңгейі жағынан өзара теңесуде. Біз осыған орай ұлттық ерекшеліктердің болашағы туралы ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратовты әңгімеге тартқан едік.

- Серік Есентайұлы, қоғамдағы бірегейлену үдерісінің бағыт-бағдары қандай?

- Кез келген халық өзінің ұлттық санасын, рухани келбетін анықтап алмаса, ол жай тұрғындардың маргиналды тобына айналып кетеді. Бірегейлену деген ұғымның - ұлттық бірегейлену, азаматтық бірегейлену, этникалық бірегейлену деген әрқилы түрлері болады. Қайшылықты кезеңде өзінің рухани, әлеуметтік және мәдени әлемін реттеп алмаған халық көбінесе әртүрлі әлеуметтік қайшылықты істерге дайын болады. Қоғамдағы кез келген текетірестердің және әлемдік деңгейде болып жатқан әртүрлі тартыстардың көбісінің түпкі негізі ұлттың өз-өзіне жүйелі түрде келмегенінде жатыр. Ұлттың біртұтастануы, өзін-өзі түсінуі және өзінің келбетін анықтауы өте күрделі құбылыс. Кез келген жеке адамды алып қарасаңыз, егер жұмысы, отбасы дұрыс болып, қоғамға деген көзқарасы оңды болса, ешкімге өкпе-ренішін білдірмейді ғой. Өзінің қызметін адал атқарып еңбегімен табысын тауып, бойындағы шығармашылығын паш етіп отырады. Сол сияқты халық та, кез келген қауымдастық та сондай деңгейде өзін байқатады. Тарихи субъект егер өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін, тарихи түрде қордаланған рухани құндылықтарын белгілі бір жүйеге келтірмесе, өзінің бойындағы эстетикалық, этикалық көзқарасын сипаттап бермесе, ол жай ғана тұрғындардың, өзімшілдік мүддені көздеген пенделердің жиынтығына айналады. Олардың ойлайтыны тек ішсем, жесем, кисем деген тән қажетін қанағаттандыру ғана болып қалады. Бұл тұтыну психологиясының жаһандану үрдісі арқылы жастар санасында бекітілуінің көрінісі.

- Ұлттық бірегейлену үдерісі қалай жүріп жатыр?

- Ұлттық бірегейлену деген кезде жалпы «ұлттық» деген ұғым қоғамдық ғылымда екі мағынада қолданылады. Біреуі мемлекеттік деңгейдегі көпэтностық кеңістіктегі біртұтас ұлт деңгейінде, ал екіншісі - этникалық сипаттағы ұлттың жүйеленуі дәрежесінде. Халықта «ұлттық» дегенді көбінесе қазақ, өзбек, орыс халқы деген сияқты мағынада түсінеді. Өйткені онда тарихи тамырларына қарай ертеден келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениеттің келбеті қала береді. Кез келген ұлттық белгілер халықтың өзіндік сипатын анықтайды. Осы жағынан алғанда біздің елімізде қазақ тіліне кеңірек мән беріп, мәртебесін көтеру жөнінде әңгімелер өзектене түсуде. Онда негізінен мемлекеттік тіл қоғамда өз деңгейінде қызметін жақсы атқарса деген ой айтылады. Ол дұрыс. Себебі, Қазақстанның негізгі халқы - қазақтар. Сондықтан оның ұлттық философиясы, ұлттық тілі, ұлттық мәдениеті бір-бірінен ажыратылатын нәрселер емес. Оның әрбірі ұлттық келбеттің бір-бір құрамдас бөліктері. Оны жүйелі, ғылыми деңгейде күн тәртібіне қойған ұлтшылдыққа жатпайды. Ұлтшылдық болмағанмен, ұлтжандылық, ұлтқа деген жеке адамның өзінің құрметі болғаны абзал. Бұл өте заңды, өте дұрыс қатынас болып табылады. Егер ол басқаларды ығыстырып, кемсітіп, басқа мәдениетті екінші деңгейдегі дүние деп қарайтын болса, ол теріс әрекет екені анық. Себебі, онда адамдардың арасына жік түседі, қарапайым қатынас саясилана бастайды. Абай айтқан «адамзат ол біртұтас дүние, ешкімді бөлме» деген қарапайым да даналыққа толы нақты тұжырымы бізге мәңгілік ұстаным болуы керек. Сондықтан қазақтың тілін, мәдениетін, философиясын өркендетсек, одан біз басқаларға зиян тигізбейміз. Қайта өзгелерге өзімізді лайықты түрде көрсете аламыз. Олардың да бізге деген сый-құрметі, қатынасы арта түседі.

  • Бізқазір өзімізді лайықты түрде көрсетеалыпжатырмызба?

- Әрине, өзімізді әлемдік мәдениет алдында көрсету деңгейі көп адамды қанағаттандырмайды. «Бұдан да жоғары, бұдан да анығырақ жарқыратып көрсетуге болады» деген сөздерді, уәждерді замандастарымыз көп айтады. Әрине, ол заңды. Себебі, егемен ел болғанымызды жариялағанымызға жиырма екі жылдай ғана уақыт өтті. Бірақ жеткен табыстарымыз да аз емес қой. Қазір жоғары оқу орындарының студенттік топтарының жартысынан көбі қазақ топтары, олардың біршамасы отаншылдық дүниетаныммен қаруланған деуге болады. Жастардың жетпіс пайызы қазақтар екен. Осы үрдіске қарасақ, көптің аты көп екені байқалады. Дегенмен, оның да мүддесін қорғауға тұра келеді. Бізде осы салада кейбір нақтылықтар жетіспей жатады. Мәселен, мемлекеттік тілге бетбұру бойынша қызықтыру, ынталандыру деген сияқты түрлі технологияны қолдануға болады. Бірақ осы істе қара күшке салуға болмайды, есесіне құқықтық реттеудің өркениетті тәсілдерін қолданған жөн. Жалпы адамдардың өмірін құрметтеп, бағалауды үйренуіміз керек. Ал енді қоғамымызда нигилистенген азаматтық қоғамды құрып, Қазақстанды ешқандай жетекші ұлты жоқ мемлекетке айналдырып жібереміз деген ойлар әлі де бар. Бұл қате пікірлерге жатады. Себебі, қазақтар Қазақстанның байырғы халқы, оның тарихи тұрғыдағы мәртебесіне нұқсан келмеуі тиіс.

Қазіргі кезеңде қазақтар жалпы халықтың үштен екісін құрайды. Кез келген жиын, шешім қабылдайтын ортада алпыс жеті пайыздық - кворум деп аталса, онда олардың мүддесіне сай шешім қабылдануы тиіс. Біз қазақ халқы қазір осы елдің алпыс жеті пайызына жақын келіп тұрмыз. Сондықтан болашақта оның ұлттық мүддесімен санаспай әлеуметтік ортада ешнәрсе шешілмейді. Осыны ескермей, АҚШ-тың және өзге де федерация, конфедерация үлгісіндегі елдердің үлгісінде кейбір әрекеттер жасай саламыз деу, айналып келгенде, тарихи шындыққа жатпайды. Тарихи тұрғыдан алғанда, қауымдастықтың өзінің эволюциясына теріс баға беру болып табылады. Яғни, бұл қазақтың этникалық өзіндік санасын құрметтемеушілік. Сондықтан тарихи шындыққа әділеттілік тұрғыдан қарау керек.

- Әлемдік философияның қайнар көздерінің бірі саналатын ұлттық дүниетанымныңдамуын қалай бағалауға болады? Шығыс және батыс философиясының арасында қандай айырмашылықтар бар?

- Әлемдік философияны ұлттық мағынада кейде грек, неміс, үнді, қытай деген сияқты үш-төрт халықтың аттарымен байланыстырушылар бар. Ал «орыс философиясы» дегенге кейбір орыстардың өзі күмәнмен қарайды. Өйткені, ол «кейбір жарқын өкілдері болғанмен ғылыми жүйеленген, ұғымдық сипаттағы біртұтастанған деңгейге жеткен жоқ» деген бағалаулар кездеседі. Сондықтан белгілі бір ұлттың өкілдерінің атымен философияны атауға қарсы адамдар көп. Себебі философия жалпыадамзаттық ұғым, пән, ғылым деп есептелінеді. Оған тек ұлттық, этникалық әр беруге, дүниетанымдық сипаттармен әр қырын көрсетуге болады деген тұжырымдар алға тартылады. Бізде өрбіген осындай этнофилософия туралы түсініктер, ұғымдар мен құндылықтар топтамасы меніңше дұрыс. Себебі, әлемді рухани жүйелі түрде пайымдау - жалпыадамзат үшін қоғамның рухани интеллектуалдық дамуының жеткен бір биігі болып табылады.

Шығыс халықтарының ішінде Қытайда ежелгі заманнан келе жатқан философиялық жүйе бар. Конфуций ілімі - жартылай дін, жартылай философия. Ол әрине Христиан, Ислам діндері сияқты өзінің пайғамбары бар дінге жатпайды. Бұл көбінесе өмір туралы әртүрлі этикалық, эстетикалық тұжырымдарын жинақтап әлемді түсінуге деген талпыныс сияқты. Сондықтан ежелден келе жатқан бұл мәдени дәстүрге қызығатындар көп. Себебі ол адамдарды бір нәрсеге дүниетанымдық қазық сияқты байлап қоймайды. Осы жағынан біздің оларға ұқсас жеріміз бар. Біздегі ұлттық ділде де этикалық ұғымдар мен ұстанымдар басым. Мысалы жапондардың мәдениеті әсемдік, үйлесімділік деген сияқты эстетикалық ұғымдарға негізделген. Ол сол арқылы әлемді түсіндіре бастайды. Ежелгі Рим империясында негізгі реттеуші ұстаным құқық болған. Яғни адамның, ұлттың, қоғамның құқығы деген сияқты түсініктер жүйесі. Ал бізді тарихи реттеп, қоғамды үйлесімдендіріп тұрған моральдік қалыптар болған. «Ұят болады, қонақты сыйла» деген ұғымдардың өзі моральға жатады. Біздің мемлекеттігімізді сан ғасырлар бойы осы моральдық құндылықтар ұстап келді. Қазақ мәдениетінің дәстүрлі сипаты осы арқылы көрінеді. Қазақтың не түркі халықтарының кез келген данасын алсақ бәрінің айтатыны: адамгершілік, мораль мәселесі. Яғни біз өзімізді реттеуші күште моральға басымдық бердік. Неге бізде тұрақты әскер мен нақты сызылған, межеленіп қойылған шекара болған жоқ. Себебі, біздің іштей реттеуші ұстанымдарымыздың, нормалар мен қалыптарымыздың моральдік күші басым болды. Әлі күнге дейін ұлттық дүниетанымымызда мораль философиясы басымдық етеді. Еуропалық стильдегі құқыққа негізделген әртүрлі тұжырымдамалар мен ұстанымдары бар елдердің өкілдері біздің мәдениетімізге қарап «сіздердікі артта қалған екен» деген еуроорталықтық көзқараста болуы да мүмкін. Бірақ олай баға берушілік үстірттік болары анық. Демек, әр мәдениеттің, өркениеттің өзіндік сипаты, тамыры, пайда болу негіздері, формасы болуы шарт және тарихи дерек екені айқын.

- Бұл қазақы дүниетаным жаһандану кезеңінде қаншалықты бәсекеге қабілетті деп ойлайсыз?

- Міне, осы «бәсекелестікке қабілетті ме, қабілетті емес пе» деген түсініктер ежелгі капитализм заманынан қалған дүниелер. Бәрінің айтатыны: анаумен жарыссақ, мынаумен жарыссақ. Біз қазір көршімен, бірге оқыған достарымызбен жарысамыз. Бұл түбінде сананы, ділді, дүниеге көзқарасты бұзатын ұстаным. Оның орнына әлеуметтік қатынастар адамдардың бір-бірін түсінісуіне, қажет кезінде бір-біріне көмек беруіне арқа сүйейтін моральға негізделуі керек. Бұрын қазақта заманауи сипаттағы мұндай бәсекелестіктер болмаған. Бұл кейінгі заманда келген нарықтық қатынастардың бекіте түскен үрдісі. Оны біздің ортамызға еуропалық менталитет пен капиталистік, нарықтық қатынастар енгізіп отыр. Біз бұрын ағайыңды бауырымызға тартатынбыз. Дәстүрлі қоғамда жетімі мен жесірі жоқ ел едік. Қазіргі әлем технологияланып, өркениетті дамуды күйттегенмен, оның да ұтылатын жері бар. Ол жаппай даралану заманының келуі, пенде тек өзіме жақсы болса екен деген психологияға көндіге бастауда. Әрине, «еліміздің экономикалық даму үдерісі бойынша, технологиялық дамуда басқалардан қалып қоймаса екен» деген позиция заманауи талап тұрғысынан алғанда дұрыс та шығар. Бірақ осы ғылыми-техникалық прогресс адамаралық бәсекелестікті, текетіресті өршітпеуі керек. Оның орнына гуманистік негіздегі қатынастар ауадай қажет, яғни әлуметте бір-біріне көмектесу, өзара түсіністік, бауырмалдық алға шығуы тиіс. Сонда қазақ елінің руханият әлемі оңды бағытта өрістейді.

- Бұл еуропалық дүниетанымға қарама-қайшы келеді ғой?

- Әрине, қарсы шығады. Еуропалық мәдениеттің, тарихтың қайта-қайта дағдарысқа ұшырайтын себебі осында. Бір-бірімен үздіксіз, үнемі жарыста болған қоғамның әрине бір кезеңдерде біреуі құлайды, дағдарысқа ұшырайды. Оның ар жағында адам тағдыры тұр. Адам руханиятқа бет бұрмаса, оның осы уақытқа дейін жеткен жетістігі, жинаған-тергені кейде айдалаға кетуі мүмкін. Еуропада адамдар дарашыл, өзімшіл болып барады. Оның ең бірінші қайғысы да - осы жағдай. Көрші көршімен араласпайды, туысқан туысқанды іздемейді. Әркім өзімен-өзі тіршілік етеді. Сондықтан біз өз тарихымызда қордалаған рухани артықшылықтарымызды жандандыруымыз керек. Мәселен, ұлттық түгел, тіпті кеңестік моральдың да жақсы жақтары аз болмады. Бірақ оның бір идеологияға бағынып, басқасын басып тастаған жағы көп болды. Бір жолмен жүрсең ғана дұрыс, басқасының бәрі дұрыс емес деген шектеулер көп еді. Біз өзіміздің ұлттық қырымызды жандандыру арқылы әлемдегі әр түрлі салалардағы жаңалықтарға ашық болуымыз керек. Еліктегіш халық екеніміз шындық. Бұл бір жағынан жақсы нәрсе, өйткені жаңаны тез үйренеміз, екінші жағынан өкінішке орай жаманға да тез еліктегішпіз. Сондықтан бізге одан қорғана алатын рухани иммунитет керек.

- Бізде ол бар ма?

- Әлсіздеу болып тұр. Дегенмен, жапонның деңгейіне жетпегеніміз анық. Ағзаның иммунитетін арттырғандай адам өз-өзін жаттықтырып, әрдайым өзіне деген көзқарасы, ниеті дұрыс болуы керек. Адамаралық қатынаста рухани жолдастық, өзара түсінісу дәстүрге айналуы қажет. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді халық даналығы. Қауымдасып өмір сүруді дамыту керек. Бұл үшін біріншіден, бір-біріне көмек көрсету дәстүрі қоғамда барлық деңгейде насихатталғаны жөн. Екіншіден, әркім өз ісінің шеберіне айналуы да шарт. Ешкім әлеуметтік паразитке айналмауы абзал. Еңбекқор шығыс халықтарының өкілдерінен үйренетін жақтарымыз да баршылық. Иммунитет сонда беки түседі.

- Әңгімеңізге рахмет.