12:23, 08 Сәуір 2009
Кез-келген шетелдік кәсіпкерге мұндай елде жұмыс істеу тартымды және тиімді - ресейлік кәсіпкер Дмитрий Родин
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат – Кеше Астанада «Атамекен» Одағы Ұлттық экономикалық палатасының бастамашылығымен «Дағдарысқа қарсы саясатты әзірлеуге және оны жүзеге асыруға бизнестің атсалысуы» тақырыбына арналған халықаралық «дөңгелек үстел» отырысы өткенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.
Осы жиынға белсенді қатысушылардың бірі «Ресей тікұшақтар» ААҚ-ы «Сапсан» жобасының директоры, «Прогресс» Арсеньев авиациялық компаниясы» ААҚ бас директорының орынбасары Дмитрий Родин болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ресейлік кәсіпкердің айтуынша, ол біздің елімізге алғаш рет келіп отыр. «Мұндағы қызу тіршілікке, Астананың келбетіне деген таңданысымды жасыра алмаймын. Қазақстан мұндай қарқынмен дамып жатыр деп күтпеген едім», - деді М.Родин. Кәсіпкер, осы екі күнде социализм тұсындағы бұрынғы тіршіліктен екі үлкен айырмашылықты көргенін айтып отыр. «Біріншіден, адамдардың ашықтығы. Мұнда кіммен кездессең де, олар кез-келген проблеманы талқылауға ниет білдіріп отыр. Мемлекеттік мекемелердегі, әсіресе Үкіметтегі кадрлардың жоғары біліктілігі байқалады», - дейді ресейлік кәсіпкер. «Екіншіден, мені Қазақстанның индустриялық дамуы таң қалдырып отыр, мұны елорданың өзінен көруге болады. Қазақстанда дағдарысқа қарсы күресудің нақты және жан-жақты бағдарламасы әзірленіп отыр. Кез-келген шетелдік кәсіпкерге мұндай елде жұмыс істеу тартымды және тиімді. Қазақстаннан үйренетін нәрсе көп. Халықтың тұрмысы жаман емес. Ел дағдарысты өзін жаңарту үшін пайдаланып отыр. Осы жайт қуантады», - деп атап көрсетті Д.Родин отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.