Кез-келген жағдайда әйелдік нәзіктікті сақтап қалудың өзі үлкен ерлік – А. Самақова

АНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жер бетіне жылылығын төгіп, адамзатқа қуаныш сыйлайтын көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның тағылымды мейрамдарының біріне айналды.

Кеңестік дәуірден бері үздіксіз аталып келе жатқан осы айтулы дата қандай қоғамда болмасын әйел азаматтардың орнының ерекше екендігін, от басы ошақ қасында ғана емес, мемлекет өмірінде олардың маңызды рөл атқаратынын айқындап тұрғандай. Бүкіл қазақстандықтардың сүйікті мерекесінің қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясы Әлеуметтік кеңесінің төрайымы Айткүл Самақова ханымнан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

-Айткүл Байғазықызы! Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі өтті. Съезден алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз.

‑ Әрине, бүгінгі жиын әйелдердің тұңғыш съезі болғанымен, 8 наурыздың қарсаңында форум өткізу дәстүрге айналғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал бұндай басқосуға Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қатысып, ізгі тіліктерін білдіріп қана қоймай, әйелдердің түйткілді мәселелеріне назар аударуы форумның маңызын жыл сайын арттыратыны сөзсіз. Расында, қоғамның «нәзік жанды» өкілдерінің бір шаңырақтың астына жинайтын бұндай жиын тағылымды дәстүрге ғана емес, тұрақты әрі табиғи құбылысқа айналды. Менің ойымша, бұл - әлем елдері арасында әртүрлі игі бастамаларды көтеріп, биік белестерді бағындырып келе жатқан Қазақстанның тағы бір ерекшелігі, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қалыптасқан «қазақстандық гендерлік саясаттың жемісі». Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандай мемлекетте туып, Тәуелсіздіктің тұғырлы кезеңінде өмір сүріп жатқан бүгінгі жастар - шын мәнінде бақытты ұрпақ.

Бүгін Президент съез барысында ықылым замандардан бері жалғасып келе жатқан, сабақтастығы үзілмеген ана ұлылығына, оның ішінде қазақ аналарының даналығына мән берді, ақжаулықтыларымыздың көрсетіп кеткен өшпес өнегесі мен өлмес ғибраты жаңа Қазақстанда жалғасын тауып отырғанын айтты. Мемлекетті қалыптастыру кезеңіндегі әйелдер қауымының Тәуелсіздікті нығайту ісіне қосқан үлестерін жоғары бағалады. Ең бастысы, Президент, ана мен балаға мемлекет тарапынан жасалып келе жатқан қамқорлық алдағы уақытта да ұдайы назарда болатынын айтты. Гендерлік саясатқа айрықша көңіл бөлген Елбасы шешім қабылдау деңгейіне нәзікжандыларды көптеп тарту мәселесіне де мән беріп, бұған қатысты Үкіметке арнайы тапсырма берді. Тағы бір басты мәселе - Үкіметке «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында әйелдердің үлес салмағын арттыру тапсырылды. Бұл іскер әйелдер үшін үлкен мүмкіндік әрі мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған орасан зор қолдау. Қазіргі Қазақстанның жағдайы қай салада болмасын жаман емес. Мәселен, гендердік теңдік, экономикалық және саяси өмірге әйелдердің қатысуын кеңейту саласындағы ұлттық саясатымыз әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Гендерлік рейтигте әлемнің 134 мемлекетінің ішінде 41-орында тұрмыз. Бұл зор қуаныш. Ал жеке өзі басыма келетін болсам, мен әлеуметтік мәні зор қызметпен айналысу мүмкіндігінің маңдайыма жазылғанын тағдырдың үлкен сыйы деп қабылдаймын әрі әйел ретінде де, ана ретінде де өзімді бақытты сезінемін.

-Сіздің отбасыңыз жайында білгіміз келеді. Өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?

-Мен үлкен әрі тату-тәтті отбасында дүниеге келдім. Қарапайым тілмен айтқанда, шаңырағымызда әйелдердің «үлес салмағы басым» болды. Сондықтан болар, кейбір кездері тұрмысқа қатысты біршама қиындықтар болғанымен, шешемнің, әжелерім мен әпкелерімнің арқасында жанұядағы жылылық пен жайлылық еш уақытта жоғалған емес. Орташа өмір сүрдік, артық дүние болған жоқ. Кейде тіпті, киім-кешек алуға қаражат та жетіспей қалатын кездер болатын. Әлі есімде, ата-анам бір күні үнемділік үшін мектептік киім формасын сатып алмады. Соған қатты нарызы болып: «Бәрімізге жағдай жасай алмасаңыз, сонша баланы неге тудыңыз екен?» деп айта салғаным бар. Жасымнан мінезім тік болды, бет-жүзге қарамай ақтара салатыным бар, жұбатқанға да тез көне қоймайтын едім. Бірақ шешем сабырлы әрі аса тәрбиелі адам болатын. Әлгіндей оғаш сөзіме еш үндемей, ақырын ғана шашымнан сипап, мейірбандық күлкімен қарады да қойды. Осының өзі маған «өскен соң өзің-ақ түсінесің» дегенді меңзегені секілді еді. Ата-анама қолқанат болмақ ниетпен, 13 жасымнан жұмыс істедім. Қызметке ерте араласқандықтан болар, қандай да болмасын өмірлік игіліктің оңай келмейтінін, бәрі де тек тынымсыз еңбекпен, табан ақы, маңдай термен келетінін түсіндім. Дегенмен, барлық прагматикалық игіліктен де, кез келген материалдық құндылықтан да жоғары тұратын дүние бар, бұл ‑ өзіңнің жақын туған-туыстарың, олардың қамқорлығы, бір-біріңе деген сүйіспеншілік. Бұның бәрі біздің отбасымызда болды. Мен өмірде осы прозицияны ұстанамын.

- 8 наурыз мерекесін қалай қарсы алушы едіңіздер?

-Әйелдер мерекесі біз үшін ең тамаша мейрамдардың бірі болып есептеледі. Осы күні дастархан да ерекше құлпырады. Тіпті, әр жылғы дастарханымыздың өз ерекшеліктері болды. Әсіресе әжелерім мен шешем дәмді ас әзірлеуге белсене кірісетін. «Төрт көзіміз түгел» дастархан басына жиналғаннан кейін барып, сыйлықтар «шеруі» басталушы еді. Шешемізге, әжелерімізге арнап өз қолымызбен әзірленген «тарту-таралғыны» үйлестіретінбіз. Сосын жиын соңы шағын мерекелік концертке ұласатын. Үйде бәріміз «әншіміз», әкем де домбырада келістіріп ойнайтын. Әлгіндей мерекеден адам бір-бірін одан сайын жақсы көре түсетіні белгілі. Шешемнің осындай өнегесін мен өмірі ұмытқан емеспін. Қайта кейіннен, 13 жыл бойы қызмет істеген Алматы жеміс‑жидек комбинатында да, одан кейінгі партиялық ұйым шеңберіндегі қызметтер барысында да осы өнегені пайдаланып отырдым.

-Біраз жыл лауазымды қызметтер атқардыңыз. Негізі «әйелдердің саны көп ұжымда жұмыс істеу қиын» деген пікір қалыптасқан ғой. Бұған Сіз не дейсіз?

-Жоқ, мен бұл пікірмен келіспеймін. Ұжым болған соң ондағы «бір терінің пұшпағын илейтіндер» арасында ең алдымен өзара түсіністікті қалыптастыру қажет. Сонда ғана бәрі дұрыс болады. Ал басшылық лауазым тұрғысынан келетін болсақ, мен шешім қабылдайтын деңгейдегі лауазымды әйелдің көтеретін жүгі ерлерге қарағанда екі есе ауыр деп айтар едім. Өйткені, әйел жұмыста да, үйде де бәрін түсінуге тырысады, сосын дау-жанжалға орын бермейді. Жауаптылықты да естен шығармайды. Бүгінгі съезде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да дәл сондай пірік айтты ғой. Мен соған қосыламын. Жалпы әйел басшының қызметтегі еңбегі дұрыс бағалануы керек. Өйткені, ерлерге қарағанда олардың мойнындағы жүктің салмағы екі есе ауыр. Мәселен, жұмыстан бөлек, оның мойнында аса үлкен шаруасы бар, бұл - отбасы мәселесі. Балаларды бағып-қағу, шаңырақта жақсы атмосфера қалыптастыру, үйдің түтінін түзу шығару - осының барлығы негізінен әйелдердің істейтін шаруасы.

-Сіз кезінде Отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияны басқардыңыз. Сол жылдардағы комиссияның атқарған жұмысына тоқталып кетсеңіз?

-Иә, 1999 жылы Елбасы маған Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияны басқаруды тапсырған болатын. Ол бүгінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия деп аталады. Расын айту керек, алғаш жұмысқа кіріскенде еліміздің көпшілігі гендерлік саясатты да, осы іспен айналысатын комиссияның мақсат-мүддесін де соншалықты түсінбейтін. Сол кезде тіпті көптеген секемшілдер «Айткүл Байғазықызы, сіздің қызметіңіз қандай өзі?» деп, «портфельсіз министрге» де теңеп жататын. Кейін қызу жұмыстың арқасында ондай күдікті сейілтік, тіпті қазір секемшілдік мүлдем жоғалды. Мен жетекшілік еткен кезеңдерде Комиссия негізінен қазақстандық әйелдерге өтпелі кезеңнің ауыр жағдайынан сапалы жаңғырып шығуға жәрдемдесу міндетін басты басымдық ретінде белгіледі. Осы бағытты жұмысымыздың негізгі өзегі ретінде айқындадық. Сосын қоғам арасында беделі бар, іскерлігімен танылған қазақстандық әйелдер қауымына өздерінің күш‑жігеріне сенімділік рухын себе білдік. Мемлекет басшысы ұдайы ескеріп отыратын зор әлеуетке де нәзікжандыларды сендірдік. Дегенмен, құр иландырумен алысқа бара алмайтынымыз айқын еді. Сондықтан да, өткенге көз жүгірте отырып, мен тарихымыздың қиын кезеңдерінде аса күрделі болып көрінетін дүниелерді жүзеге асырғанымызға мақтанамын. Сол кезеңде «әйелдердің» шағын бизнесін жандандыру үшін бюджеттен тыс 5 миллион долардан астам қаражат тарттық. 40 мыңға жуық шағын несиені үйлестірдік. Соның арқасында іскер әйелдердің біразы аяқтарынан тұрды, өздерінің күш-жігерлерінің арқасында шаруаларын дөңгелетіп әкетті. Жалпы, осы жылдар ішінде еліміздегі әйелдер қозғалысы барлық жағынан алғанда да толық қалыптасты деп айтуға болады. Өйткені, қазіргі күні гендерлік саясатпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар «нәзікжандылардың» проблемаларын мемлекеттік сектормен, бизнес қауымдастығымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, кәсіби деңгейде шеше алады. Мемлекеттік органдарда да, жеке секторда да шешім қабылдау позицияларында әйелдер қауымының үлес салмағы айтарлықтай артты. Бұндағы Мемлекет басшысы айқындаған саясаттың мақсаты да белгілі. Сондай мақсатқа қол жеткізу тетіктері жүзеге асырылуда. Мәселен, Қазақстан бірқатар халықаралық конвенцияларды қабылдады. Атап айтар болсақ, әйелдердің саяси құқықтары туралы, тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық формаларын жою туралы құжаттар ратификацияланды. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және бірдей мүмкіндіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» екі ілкі заң нормаларын орындау мақсатында Президенттің жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Бұны елдегі гендерлік ақыл-ойдың, қоғамның гендерлік сезімінің өскендігі деп айтуға да келетіндей. Кезіндегі гендерлік саясатпен айналысып келген Ұлттық комиссия «отбасы мен әйелдер» мәселесін қамтитын форматтан мүлдем жаңа форматқа көтеріліп, «әйел және отбасы‑демографиялық мәселелерді» қамту деңгейіне шықты.

-Мереке қарсаңында әйел-аналарға, қыздарымызға айтар тілегіңіз?

- Біз үшін игі дәстүрге айналған, баршамыз асыға күтетін, жарқын сезімдер мен үлкен үміттердің мерекесі, көктемнің алғашқы мейрамы жақындап қалды. Сондықтан да барлық қазақстандық әйелдерді, аналар мен әжелерді, қыздарымызды, әпке-сіңлілерімізді шын жүректен мерекелерімен құттықтаймын. Оларға ең бірінші тілейтінім - соңымыздан еріп келе жатқан ұрпағымызға тағылымды тәрбие берсе екен. Олар тәрбиелеген ұл-қыздың рухы мықты болса, елін сүйетін, жерінің қадірін білетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, ата тарихын қастерлейтін азаматтар болып өссе болашағымыз кемелді болмақ, ең маңыздысы осы. Сондықтан, қыздарымыз жақсы жанұя құрып, дені сау балаларды тәрбиелеп- өсірулерін тілеймін. Ешқашанда біздің ең басты «көзіріміз» саналатын - нәзіктігіміздіі жоғалтып алмайық. Өйткені, кез келген жағдайда нәзіктікті сақтай білу, сол арқылы әйелдік қасиетті жоғалтпау - ең үлкен ерлік болып саналады.