Кездесуде 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасына депутаттардың ұсыныстарын енгізу мәселелері талқыланды

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Парламент Мәжілісінің және Сенатының бірқатар депутаттарын қабылдады. 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасына депутаттардың ұсыныстарын енгізу мәселелері талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысының атынан сайланған Парламент депутаттары В.Доскалов, Т.Абайділдин, А.Милютин, Е.Әпсәлямов, С.Ферхо, Е.Рахметов Өскемен және Семей қалаларында бірқатар денсаулық сақтау нысандарын, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін және мектеп-интернаттарын, сондай-ақ сумен қамтамасыз ету нысандарын салу және олардың құрылыстарын аяқтау, өңірдің селолық аудандарындағы тас жолдарды жөндеу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізді.

Мәжіліс депутаты Ә.Жолшыбековпен болған кездесуде Жамбыл облысы ауылдық елді мекендерінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

Депутат В.Котовичпен бірқатар елді мекенді, оның ішінде Ақмола облысының Степногор қаласын сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Ал депутат Н.Өнербай Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының ауылдарына газ тарту туралы ұсыныс енгізді.

Бұл туралы К.Мәсімов http://www.facebook.com/KMassimov сайтында хабарлады.