Киберқауіпсіздік тексеруі: ұйымдар қандай талаптарды жиі бұзады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2024 жылдан бері киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарының сақталуына қатысты 648 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Фото: Kazinform

Оның ішінде 480 тексеру ақпараттық қауіпсіздікке, 168-і дербес деректерді қорғау саласына қатысты болды. Тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарын бұзған ұйымдарға әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, тексерулер барысында ұйымдарда ұйымдастырушылық және техникалық сипаттағы талаптардың жиі сақталмайтыны анықталған.

— Ұйымдастырушылық бағытта ең жиі кездесетін кемшіліктердің қатарында дербес деректерді өңдеуге азаматтың келісімін алу нысанының болмауы, деректерді қорғау жөніндегі ішкі саясаттың әзірленбеуі және ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі құралдарының қолданылмауы бар. Атап айтқанда, кейбір ұйымдарда антивирустық бағдарламалар мен желіаралық экрандар орнатылмаған, — деді ол.

Техникалық талаптарды сақтау барысында да бірқатар олқылық анықталған. Олардың ішінде көп факторлы аутентификацияның енгізілмеуі, криптографиялық қорғау құралдарының қолданылмауы, қауіпсіздік жаңартуларының уақытында орнатылмауы және киберқауіпсіздік орталықтарына қосылмау фактілері бар.

— Мұндай кемшіліктер ақпараттық жүйелердің бұзылуына немесе дербес деректердің таралуына әкелуі мүмкін. Сондықтан азаматтардың дербес деректерін жинайтын немесе өңдейтін барлық ұйым киберқауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет. Бұл талап тек ірі ұйымдарға ғана емес, шағын және орта бизнес субъектілеріне де қатысты. Атап айтқанда, сұлулық салондары, білім беру орталықтары, жекеменшік медициналық ұйымдар, компьютер клубтары, фитнес орталықтары, дүкендер, онлайн платформалар, туристік компаниялар және басқа да ұйымдар азаматтардың дербес деректерін қорғауға міндетті, — деді Досжан Мұсалиев.

Вице-министрдің айтуынша, цифрландырудың қарқынды дамуына байланысты азаматтардың дербес деректері көптеген ұйымда сақталып, өңделеді. Сондықтан әрбір ұйым олардың қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын жаңартып, цифрлық инфрақұрылымды қорғау талаптарын күшейткен болатын.