ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - «Охотзоопром» РМКК және полиция қызметкерлері бірлесе отырып, Қазталов ауданы аумағынан браконьерлерді қолға түсірген болатын.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жедел іздестіру шаралары барысында А.Жанғабаев пен А.Балмашев ұсталып, олардан 32 жұп киік мүйізі, оқтарымен бірге қару-жарақ, мүйіз кесетін ара, қарда жүретін көлік тәркіленді.
Осыған байланысты Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімі ҚР ҚК 288-бабы, 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғап, аталған екі азамат аудандық соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).