ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов аудандық сотының үкімімен заңсыз киік аулағаны үшін А. және С. есімді тұрғындар ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, біріншісі 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеліп, 1 жыл 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Екіншісіне 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеумен бірге аң аулаумен айналысу құқығынан айыру түрінде жаза белгіленді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қос тұрғын далада жайылып жүрген киікті атып, мемлекетке 297300 теңге залал келтірген.
Мемлекетке келтірілген залал сотталушылардан тең мөлшерде өндіріліп, іс бойынша қылмыс құралы болып танылған автокөлік пен аңшылық қару тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қазталов - киік өсіп-өнетін ауданның бірі. «Аңшылар» ақбөкенді негізінен мүйізі үшін аулап, заңсыз табыс табуды көздейді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).