Кикбоксингтен Қазақстан кубогы жарысы өтеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада наурыздың 25-28-і күндері кикбоксингтен ерлер арасында Қазақстан Республикасының кубогы үшін жарыс өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Астана қаласы әкімдігінің туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Бұл байрақты бәсеке Қазақстан кикбоксингінің 20 жылдық мерекесіне арналмақ. Оған еліміздің 14 облысы мен республикалық мәртебесі бар Астана, Алматы қалаларының үздік спортшылары қатысады. Жарыстың ашылу рәсіміне «WAKO-Kazakhstan» ҚР Кикбоксинг федерациясының президенті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев, ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Смағұлов қатысатын болады.

Жалпы Қазақстандағы жекпе-жек күрес түрлерінің ең жасы болса да қазақстандық кикбоксингшілер 20 жылдың ішінде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, былтыр Тай елінде өткен жекпе-жек күресі спорт түрлері бойынша І Азия ойындарында 40 мемлекеттің арасында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді. Олар бұл дүбірлі додада 3 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды. Вьетнамда қараша айында өткен жабық кешендегі ІІІ Азия ойындарында 2 алтын, 3 қола медаль еншілеп, Қазақстанның 3-ші орын алуына елеулі үлес қосты. Ал Италияда өткен Әлем чемпионатында қазақстандық кикбоксингшілер 1 күміс және 3 қола жүлде алды.