***
Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының заңнамалық негізі мақұлданды. «Бесінші сайланған Парламенттің бесінші сессиясының алғашқы күнінен бастап Мәжілістегі күрделі заң шығару жұмысы жеті комитет пен аппаратта таң сәрісінен түн жарымына дейін, қажет болған кезде сенбі, тіпті жексенбі күндері жүріп жатыр», - деп жазады басылым. Себебі, Президент Ұлт жоспарын іске асыру жөніндегі ең шұғыл заңдардың алғашқы топтамасы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуге тиіс деген міндет қойғаны белгілі. «Ұлт жоспары жарияланған бойда дереу Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, оның құрамына депутаттық корпустың өкілдері де кірді. Бұл парламентшілердің заң жобасының тұжырымдамасы мен мәтінін әзірлеудің ерте сатысынан бастап оның тақырыбын меңгеріп, өз ұсыныстарын айтуына, әріптестерінің пікірлерін біліп, ескеруіне мүмкіндік берді. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия өзгерістердің әрбір блогы бойынша заң жобаларын дайындауда ауқымды жұмыс атқарды. Жаз бойы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, Үкіметтің, өзге де мемлекеттік органдардың, Парламенттің қос палатасының бірлесе күш салуы нәтижесінде «100 нақты қадамды» заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі заң шығару жұмысының жоспары жасалды. Осы құжатта заңдардың жобаларын Парламентте қарау кестесіне баса мән берілді», делінген мақалада. Ұлт жоспарын орындау үшін ең алдымен қандай заң жобаларына басымдық берілетінін білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінен «Мәжіліс: «Мәңгілік Елдің» заңнамалық негізі мақұлданды» деген талдау мақаланы оқыңыз.
***
«Ал, сонау 1899 жылы Лайықжан Беркімбаев пен Хасан Имамбаев деген екі қазақ азаматы Кунсткамера, яғни, Ресейдің Антропология және этнография музейіне бүгінге ең құнды жәдігердің біріне айналған сәукеле апарып бергенін білген ба едіңіз? Білмесеңіз, бұл жерде бұдан да қызық деректің шеті көрініп тұр. «Тарихта сәукелені ұзатылатын қыздар ғана кигенін білеміз. Ал сәукелеге ұқсас баскиім киген Есік қорғанынан табылған Алтын адамды ханзада деп жүрміз. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Сақтардың ерлері де сәукеле киген бе? Әлде Алтын адам деп жүргеніміз шынында, әйел ме?». «Айқын» газетінің тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеген екен. «Тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянұлы Алтын адамның ханзада емес, ханшайым болуы мүмкін дегенді алға тартты. «Олай деуге де негіз бар. Қорғанның ішіне үңілсек, қабірдің оңтүстік және батыс жағында 26 қыш ыдыстың орналасқанын көруге болады. Ортасында басы батысқа қаратылған адам қаңқасы табылды. Мәйіт тұрқының ұзындығы 165 см. Бұл көрсеткіш әйел адамға тән өлшем деуге болады. Ол алтынмен әрленген сәнді киім киінген. Баскиімі шошақ түрінде болып келеді. Биіктігі 70 см-дi құрайды. Баскиімнің маңдайшасында алтыннан жасалған мүйізді (пырақты), қанатты жылқы бейнелері берілсе, баскиімнің екі жақ бүйірі тау сілімдері, ағаштар, барыс, таутеке бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген», деп жазады басылым зерттеушінің сөзін мысалға келтіре отырып. Мақалада айтылғандай, көшпелілерде, әсіресе, түркі тайпаларында ер адамдардың сырға таққандығын археологиялық ескерткіштерден көруге болады. Бірақ мұндай сырғалар көбіне дөңгеленіп, айшық тәріздес болып жасалады. Ал Алтын адамның құлағынан салпыншақ көк тасы бар сырғаның табылуы, мойнындағы алтын алқаның төрт орам спираль тәріздес жасалуы оның әйел жынысына жататынына келесі дәлел тәрізді. Қазба жұмыстары барысында Алтын адамның қабірінен қола айнаның табылуы да оның әйел екендігін айғақтай түсетіндей. Жазба деректерден сақтардың Тарғытай, Скунха атты патшаларымен қатар, аса беделді Томирис, Тамир, Зарина атты патшайымдары өмір сүргенін ескерсек, Алтын адамның ханшайым болуы әбден мүмкін. Мақала авторы сондай-ақ этнограф Тәттігүл Ерсайынқызының да мынандай пікірін ұсынып отыр: «Алматы облысының Есік қорғаны мен Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығынан табылған Алтын адамның екеуінің де баскиімдері сәукеленің протатипі деуге толық негіз бар. Шығыс Қазақстаннан табылған Алтын адамның әйел екені дәлелденді. Ал Есіктегі Алтын адам тарихымыздағы ең алғашқы құнды жәдігер болды. Оның табылуы үлкен сенсацияға айналып, ел мұны керемет эмоциямен қабылдады. Сол кезде оны ханзада деп эмоциямен айтып жіберген болар. Содан кейін біз солай қабылдап кеттік. Енді қарасаңыз, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның дүниелерінің көбі әйелге тән. Мысалы, бұрын әйел адамды ыдыс-аяғымен, ал ер адамды қару-жарағымен қоса жерлеген. Ал Есіктегі Алтын адамның жанынан он екі құмыра, күміс табақша табылды. Осының өзі-ақ Алтын адамның ханзада емес, ханшайым екенінің дәлелі бола алады». Міне, зерттеушілерге ғана емес, қарапайым халыққа да маза бермейтін осындай деректер пайда болып отыр. Расымен де, Алтын адам әйел болуы мүмкін бе? Бұл туралы газеттің бүгінгі нөміріндегі «Алтын адам әйел ме немесе сәукелені кімдер киген?» деген зерттеу мақаладан оқи аласыздар.
«Айқындағы» бүгінгі мақалалардың бірі сіздің, біздің, мына қоғамның, қазақ журналистикасының сөйлем құрап, сөз саптауда мән бермейтін, бірақ, өте өрескел қателіктерін тізіп берген. Ең бастысы, мақала авторы тәуелсіздік түске қана кіріп, біреудің босағасында жүрген жиырмасыншы ғасырдағы қазақ тілінің көркем келбеті мен егемен ел атанған 25 жылдан бергі ана тіліміздің ала да құла бейнесін салыстыра жазған.
«Кеңес одағы кезінде қазақ тілі қазақтардың азайғанынан көбірек зардап шекті. Бұл азаю біраз жұрттың орыстануынан да көбейе түскенін мойындайық. Осының салдарынан қазақ тілі аборигендердің тілі деңгейіне түсіп, құрып бітуге тиіс еді. Заңдылық бойынша. Бірақ қазақтың ер-азаматтары ондай күйге түсірген жоқ. Байқап қарасаңыз, ашаршылық, репрессия, соғыс сияқты үшбасты айдаһардың нәубетінен кейін, 1940 жылдардың соңынан-ақ қазақ тіліндегі ғажайып кітаптар дүниеге келе бастады. Соғыс кезінде оқырмандарға қазына болып ұсынылған «Абай жолын» айтпаған күннің өзінде, содан кейін Ғабит пен Ғабиденнен, Әбділда мен Әбуден басталған жол 60-жылдардың ақтангерлеріне келіп жалғасты. Сөйтіп, олар қазақ әдебиетін салыстырмалы түрде азғана уақытта кемі - кеңестің, зоры - әлемнің маңдайалды әдебиеті деңгейіне шығарды. Ең бастысы, қанша жерден қысып тұрса да, олар қазақтың тілін дәл бүгінгідей орыс тілінің бодауына байлап бере салған жоқ. Кез келген кеңсе құжаты да, кез келген аударма да таза қазақы ұғыммен сөйлеп жатты. ТАСС-тан келетін сала құлаш баяндамалар бір түн ішінде қазақ тілінде жазылғандай аударылып, СҚ-ның бетінде сықиып жарияланып жатты. Қанша жерден орыс тілі үстемдік танытса да, қазақ тілі өзінің сан ғасыр бойы қалыптасқан заңдылығын сақтап қана қойған жоқ, қайта одан сайын нықтап, бекіте түсті. Эфирден орашолақ тіркестер айтылған жоқ, ресми құжаттардың аудармасы калька емес, таза қазақы ұғымға сәйкес болды», деп жазады «Айқын». Расымен де, аудармамен ғана күн көріп отырған ақпарат құралдарының жұмысына қарап, кейде тіпті өздері не жазып отырғанын түсінеді ме деп ойланасыз. «Өкінішке қарай, қазір барлық ақпарат құралдары халық алдында емес, жекелеген адамдар алдында ғана жауапты сияқты, деп жалғастырған автор: қазақ тілінің эфирлік үлесін қадағалайтын заңды орындау үшін ғана аудармасының сапасы түкке тұрғысыз хабарлар мен өнімдерді толқынға тоғытып жатыр, тоғытып жатыр. Қазір жаңалық оқыған диктор ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші пәленбай пайызды «құрайтынын», оның өсімі ел байлығы «болып табылатынын», мұның бәрі - «ол» халық әлеуетінің артуының белгісі екенін қиналмай, ұялмай оқып отыра береді. Кез келген кейіпкер «ойымен бөліседі», барлық комментатор допқа жан бітіріп, оның Нөсербаевпен қатар алаңда шауып жүргенін айтады, «доппен Нөсербаев» дейді. Тіс пастасы туралы жарнамаға көзіңіз түссінші, «оның Қазақстан Республикасы стоматологтар қауымдастығымен ұсынылғанын» білесіз. Апыр-ай, біздің ұғымда ол «пастаны Қазақстан Республикасының стоматологтар қауымдастығы ұсынды» болуға тиіс емес пе еді? Алматының көшесінде келе жатсаңыз, үлкен билбордтағы тамаша туындыларға көзіңіз түседі. Алайда оның бұрышына жазылған «материалдар суретшінің жанұясы мен «Қазақстан суретшілер одағымен» ұсынылды» деген сөйлем бірден еңсеңізді түсіреді. Ойлап көріңізші, осындай жайт кеңес заманында болуы мүмкін бе еді? Е жоға, мұндай «орысша киінген» тіркестер мен бәлдір-батпақ аудармаларды біздің журналист-қаламгер әкелереміз есіктен сығалатпайтын. Демек, біз нашармыз. Тілімізді талауға беріп қойдық. Ақпарат пен деректің бәрін орысшадан аударамыз деп аударылып түсіп жатырмыз», дейді Е.Жеңісұлы. Автор дубляж бен бүгінгі сериалдардың сыйқы кеткен аудармалары туралы да өткен мен бүгінгі салыстыра жазады. «Қазақфильмнің» аудармасындағы «Сені не түлен түртті» деген тіркесті «Астана» арнасының «сені қандай шыбын шағып алды?» деген тікелей аудармасы туралы және басқа да тұрпайы қателіктер туралы оқығыңыз келсе, «Айқынның» бүгінгі нөмірінде басылған «Кім нашар ұрпақ» деген мақаланы оқыңыз.
*** «Экспресс К» газеті Астана қаласында пайда болатын бірінші жылы аялдама туралы жазады. Дереккөзіне сүйенсек, жылы әрі жабық аялдамалар екіге бөлініп салынады. Бірінші бөлігі ашық, екіншісі шыны қабырғалармен қапталған болады. Жазда желдеткіш, қыста жылу тарап тұратын бұл аялдамалар өте ыңғайлы болмақ. Бұл туралы «Экспресс К» газетінде жарық көрген «Заодно и погреемся» деген материалдан оқи аласыздар.