Қырғыз көшбасшысы соңғы 30 жылда жиналған ішкі және сыртқы қарыз мәселесіне толығырақ тоқталды.
Оның айтуынша, қарызды қайтару мен күрделі мәселелерді шешу уақыты оның президенттік мерзімімен тұспа тұс келді. Толығырақ тоқталсақ:
· 2020 жылы — 31 млрд сом;
· 2021 жылы — 30 млрд сом;
· 2022 жылы — 34 млрд сом;
· 2023 жылы — 53 млрд сом;
· 2024 жылы — 60 млрд сом;
· 2025 жылы — 79 млрд сом қайтарылды.
Соңғы 5 жылда сыртқы қарызды жабуға 170,5 млрд сом ($1,9 млрд), ішкі қарызды жабуға 114,9 млрд сом ($1,4 млрд), жалпы — 285,4 млрд сом ($3,3 млрд) жұмсалды.
— Біз 2035 жылға қарай сыртқы қарыздардан толықтай, еш қиындықсыз құтыламыз. Бұл жоспар жоғары қарқынды экономикалық өсімнің арқасында жүзеге аспақ. Осындай екпіндегі экономикалық өсім алдағы 15-20 жылда сақталады деген болжам бар. Елде ауқымды жобалар іске асырылып, жаңа инвестициялар түсіп жатқандықтан елімізде ЖІӨ тек өсе береді. Мемлекеттік қарыздың тұрақтылық деңгейі оның ЖІӨ-ге қатынасы арқылы анықталады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 42%-ға жетсе, бұрын 68–84% шамасында болды. Сол үшін уайымдауға еш себеп жоқ. Барлық тартылған қаражат тек экономиканы дамытуға бағытталады, бұл өз кезегінде ЖІӨ-нің әрі қарай өсуіне түрткі болады, — деп атап өтті Президент.
Садыр Жапаровтың мәлімдеуінше, қазіргі қарыздар тек нақты, жүйелі жобалар үшін алынады. Оның сөзінше, қарыздар бюджеттен өтелмейді, себебі әр жоба өз өзін ақтап отырады.
— Мен сыртқы қарыздың көрсеткіштерімен спекуляция жасап, дүрбелең туғызып, жағдайды трагедия ретінде көрсетіп, халықты дүрліктіруге тырысатындарға назар аудармауды сұраймын, — деді президент қырғызстандықтарға.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халыққа жолдауында елдегі тұрақтылықты шайқалтпақ болған кез келген әрекет сәтсіз аяқталатынын ескерткен еді.
Кәмилә Мүлік