Қырғызстан Ұлттық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 10%-ға дейін көтерді
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан Республикасының Ұлттық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 75 базистік пунктке көтеріп, 10%-ға жеткізді. Шешім 2025 жылдың 28 қазанында күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Реттеушінің мәліметінше, елдегі инфляция 2025 жылдың басынан бері 6,2%-ды құрап, жылдық мәнде 8,4%-ға жетті. Ағымдағы инфляция деңгейіне сыртқы нарықтардағы энергиямен жабдықтаудың шектеулілігі және қызмет көрсету секторының кейбір сегменттеріндегі бағаның өсуі, сондай-ақ тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы әсер етіп отырғаны атап өтілді.
Елде тұтынушылық және инвестициялық белсенділік артты, биылғы тоғыз айда нақты ЖІӨ 10%-ға өсті. Қырғыз Республикасы экономикасында негізгі капиталға инвестициялар ішкі қаржыландыру көздерінің кеңеюіне байланысты артты. Ішкі сұраныстың артуының негізгі қозғаушы күштері – тұрғындар табысының және елге ақша аударымдары ағынының артуы болып қалып отыр.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қырғызстанда шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 42 648 сомды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,6% көп.