Қырғызстанда жүргізуші куәлігіне емтиханды ЖИ қабылдайды

Фото: Freepik

  АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстанда В және С санатындағы жүргізуші куәлігін алу мерзімі өзгертілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан Республикасы Президентінің мүлікті басқару департаментінің мәліметі бойынша, 2026 жылдан бастап барлық жекеменшік жүргізушілік мектептер сыбайлас жемқорлықты жою үшін мемлекеттің толық бақылауында болады.

В санатындағы жүргізушілерді оқыту 10 айға (480 сағат), ал С санатындағы оқыту 12 айға созылады. Оқу бағдарламасына жол қозғалысы ережелері, көлік құралдарының құрамдас бөліктері, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету, алғашқы медициналық көмек, қауіпсіз жүргізу негіздері, құқықтық және психофизиологиялық қағидаттар және жүргізуші этикасы кіреді.

Емтихандағы сұрақтардың жалпы саны 750-ден 2000-ға дейін өсті. Теориялық емтиханды жасанды интеллект өткізеді.

-Tunduk платформасы арқылы онлайн режимінде оқуға өтініш бере аласыз. Өтініш беру процесі, оқу ақысы және жүргізушілік мектептердің тізімі туралы толық ақпарат келесі аптада беріледі,- деп хабарлады Президенттің мүлікті басқару департаменті.

Сондай-ақ, елде 2026 жылдың 15 қаңтарынан 15 ақпанына дейін ескі немесе тұрақты жүргізуші куәліктерін 10 жыл мерзімге жарамды жаңасына тегін ауыстыруды ұсынатын науқан басталды.

Бұған дейін елде 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін автомектептерге куәлік беруге мораторий енгізілгені хабарланған болатын.