– Бұл сұрауға бірден жауап бермес бұрын аздап шегініс жасауымызға тура келеді. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» алғашқы толық, ғылыми басылымы 1963 ж. ҚазССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының әзірлеуімен жарық көрген еді. Көптеген сөздің орфографиялануы бірізге түсіп, жазу мәдениетін көтеруге едәуір септігін тигізген бұл сөздік негізінен «түбір сақтау» ұстанымын басшылыққа алған болатын. Шекара сияқты сөздер осы ұстаным бойынша жазылды, - дейді ол.
Профессордың айтуынша, кейін келе сөздердің түбірін сақтап жазу ережесі орфоэпиялық заңдылықтың бұзылуына, яғни сөзді айту кезінде буын және дыбыс үндестіктерінің сақталмауына келіп соқтырған.
– Ғалым Рәбиға Сыздықова атап көрсеткендей, радионың құлағын бұрап қалсаңыз да, телевизордың тетігін басып қалсаңыз да қыздарымыздың әп-әдемі әуезді есімін әншілеріміздің өзі Меңді[қ]ыз-ау, Меңдіқыз деп «қақалап» айтатыны әдетке айналған еді. Сөз ішіндегі дыбыстардың үндесім мен үйлесімі бұзылды. Мектеп өмірінде Аманкелді, Жанкелді деген тұлғалар есімін ...келді, ...келділер-мен «ке-келеп» айту көбейе түсті. Сахна төрінде, ақпарат құралдарында ше[к]ара, кө[к]өніс, қыр[к]үйек деп «ке-келеп» айту әдетке айналып та кетті. Осы тұста сөздің айтылу нормаларын көрсететін Р.Сыздықтың «Сөз сазы», Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» де жарық көрді. Қазақ сөзінің айтылу нормаларының бұзылуы жайында лингвистикалық оптимизммен бірталай өткір мақалалар да жарияланды. Бірақ нәтиже ойдағыдай бола қоймады. Осындай жағдайда жиілігі жоғары, күндегісін-күнде естіп жүрген сөздердің жазылуында түбір қуалап жазудан «шегініп», орфографиялық сөздіктерде қыргүйек, көгөніс, шегара сөздерін сындырып жазуға тура келді, - дейді Нұргелді Уәли.
Сондай-ақ, ғалымның айтуынша көгөніс, көгал, көгілдір, көгершін, көгаршын, көгілжім сөздерінің түбірі - көк. Бірақ бұларды ешкім түбір қуалап көкал, көкілдір, көкілжім, көкаршын, көкершін деп айтпайды, айтпаған соң түбір қуалап жазбайды да.
– Ал ай атауының емлесіне келсек, көгал, көгорай, көгаршын, қазанғап, қолғап дегендердің ізімен қыргүйек деп жазудың әбестігі жоқ деп ойлаймыз. Қысқаша айтқанда, шегара, қыргүйек, көгөніс деп жазу, сайып келгенде, сөз сыңарларының 1) мағыналық, 2) дыбыстық және екпін (просодикалық) жағынан кірігуінің графикалық нышаны болып табылады. Орфографиялық сөздікті құрастырушы ортологиялық лексикография мамандарының мәдени жұртшылыққа, әсіресе мәселе көтеріп, ойтүрткі болған тіл жанашырларына айтар уәжі, міне, осындай, - дейді ғалым.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі емле дауына пікір білдірген еді.